КҮЙШІ – ҚҰДІРЕТ, КҮЙ – КИЕ!

0

Сахнаға шығатын келесі жанды хабарлаған жүргізуші сөзінен кейін жиналған қауым қазір нағыз саф өнер, таза, қазақи музыка әуені қалықтайтынын сезініп, ынтызар күйде қошаметпен өнерпазды қарсы алуда. Домбырасын қос қолмен ұстап сахна ортасына нық қадаммен келген, шашын сәл артқа қайырып тастап, үстіне құйып қойғандай болған сахналық киімімен жиналған халыққа қалт бұрылып көз тастаған домбырашы, қолын кеудесіне қойып, басын төмен иіп амандасып алды да, арнайы орындыққа жайғасып, қолындағы аспабында ойнамас бұрын сәл тыныстап, көпшілкке көз тастады. Содан кейін салалы саусақтар көз ілеспес жылдамдықпен домбырадан әуезді музыканы төгілте жөнелді.

Көз алдыңда дүбірлеген жылқы тұяғының дүбірі, аттандап жауға ұмтылған батырлардың келбеті, адуынды желдің ағаш басын шайқап барып, жерден құм суырған дүлей күші, биікте қалықтаған бүркіттің бір сәт жердегі жемтігіне ұмтылған бейнесі, бәрі бір орында отырған адамның екі ішекті аспабынан төгілген күйден сезіліп, өзіне тартып алып бара жатты. Кенет кілт тоқтаған әуен соңғы тамшыдай ғана мөлт етіп барып, бірнеше секундтық тыныштық түзелді. Кейін бүкіл халықтың қошаметіне ұласып, өнерпаздың талантына бас игендей ризашылық көңіл үлкен залда көпке дейін қалықтап тұрды.

Қуаныш Ахметов Қордай жерінің тумасы емес, алайда өзінің нағыз піскен шағында, домбырашы, жыршы, орындаушы ретінде осы қасиетті топырақта қызмет етіп, осында шәкірт тәрбиелеп, мәдени өмірінің өзегіндегі бір атомдай орын тауып, кірпіші болып қаланғанына міне, 16 жылдан асыпты. Өнерпаз, күйші, композитор, сонымен қатар білікті ұстаз педагог ретінде қазір көпшіліктің көңілінен шыққан азамат алдағы болашағын тек Қордаймен ғана елестетеді.

Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні қарсаңында ауданымыздағы осы бір өнерпаз туралы, оның шығармашылық жолы, педагогикалық жетістіктері жайында сөз етуді жөн көрдік.

Қуаныш Илиясұлы негізінен Қаратау қаласының тумасы. Алғаш рет нотамен Жаңатастағы П.Чайковский атындағы музыка мектебінде танысып, өнерге деген қадамын сол жерден бастаған. Одан кейін Семей қаласындағы музыка мектебінде оқуын жалғастырып, аталмыш қаладағы М.Төлебаев атындағы музыка колледжіне оқуға түсіп, «Балалар музыка мектебінің оқытушысы, оркестр, ансамбль әртісі» мамандығын бойына меңгеріп, аяқтап шығады. Оқуды аяқтап еңбек жолын бастасам деген жас маман сол кезде жаңадан бастау алған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы Қордай ауданынан бір-ақ шығады. Аудандық Мәдениет үйіне қызметке тұрған жас өнерпаз көпшілікпен бірден тіл табысып, көп ұзамай белді маманның біріне айналып шыға келеді. Өнер ордасында жүріп, талай байқауларда бақ сынаған ол жылдан жылға домбырашылық, сазгерлік өнерін шыңдай түседі.

Ал, шыңдалуы түрлі байқаулар себепкер болғаны да анық. «Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Шашақты найза», «Күй атасы – Құрманғазы» атты күйшілер байқауының лауреаты, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ерке сылқым» атты облыстық күйшілер мен әншілер байқауында Әбдімомын Желдібаевтар отбасының арнайы сыйлығымен марапатталды, Елордада өткен «Ел іші – өнер кеніші» байқауында мәдениет министрлігінің арнайы дипломымын алып, араға бірнеше жыл салып «Ерке сылқым» күйшілер байқауында І орынды қанжығаға байлайды. Облыстық әнші термешілер байқауында ІІІ орынды жеңіп алып, республикалық «Ғұмырдария» байқауында бірқатар марапаттарға ие болды. Бұл – оның нағыз өнер майданының мықтыларынан екенін дәлелдейді.

Кәсіби дирижер, профессор Шамғон Қажығалиевтың 90 жылдығына арналған апталыққа қатысып, алғысқа бөленді, «Көне Тараз күмбірі» атты партитуралар жинағына «Қарахан батыр» атты авторлық күйі енді, биыл ақпан айында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Аққу» республикалық педагогтар байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Осылар ондаған жыл ішінде жеткен орасан жетістіктер. Мұның бәрі Қуаныш Ахметов жеткен асулардың бір бөлігі ғана. Дей тұрғанмен, көптеген жеңіске жетсе де «жанына торсық байлатпайтын жаман аттай» емес, керісінше болаттай шыңдалып, бүгінгі таңда нағыз өз саласының майталманына, дәулескер күйшіге, домбырашыға айналған. Жақсының жанына жайсаңдар үйір болатыны анық. Бүгінде Қордайдағы «Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде» ұстаздық етіп жүрген ол шәкірт тәрбиелеуде көптеген биіктерді бағындыруда. «Ұстаздан шәкірт озардың» бұл нағыз көрінісі десекте болады. Қуаныш Илиясұлының нұсқауымен дамыған жас домбырашылар түрлі байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері атануда. Ата-аналар «Қуаныш Ахметовтың сыныбына бала берсек» деп үнемі сол тілекпен өзіне де жүгініп, жүгіріп жүргені соның айғағы. Өйткені оның домбыра сыныбында тәлім алғандар небір өнер додаларында шашасына шаң жуытпай жүргендер.

Тимур Ким сияқты шәкірттері аудандық байқаулардан бастап, облыстық, тіпті республикалық деңгейде өз мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Ал, музыкалық жетекші ретінде Қуаныш Ахметовқа алғыстар аз айтылып жатқан жоқ.

«Алдағы уақытқа шығармашылық тұрғыда көптеген жоспарым бар. Солардың ішінде жаңа шыққан күйлерді нотаға түсіріп, музыкалық өңдеуін жасау, шәкірттерді байқауларға дайындап, жаңа белестерді бағындыру – бүгінгі күнгі алғышарттарымның бірі. Осыған дейін түрлі байқауларда бақ сынадым. Енді міне, шәкірттерім небір бәйгелерде оза шауып жүр. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Мысалы, Дияс Ұшқанбек, Тимур Ким, Азизбек Балтабеков, Мирас Оңғар, Байжан Рамазан, Бақыт Пралиев және Кәмшат Бақыт сияқты оқушыларымның болашақтарынан көп үміт күтемін. Олардың қазіргі қанат қақты жеңістері мен үшін зор қуаныш, алға қарай жылуыма мықты мотивация», – дейді Қуаныш Ахметов.

Нағыз шығармашыл адам ретінде өз жанынан туған туындыларына да көп көңіл бөледі. Осыған дейін «Қуаныш», «Айбек Байжұма», «Толғаулы тұлға», «Шер», «Биші қыз», «Қарахан батыр», «Нұрғиса» атты күйлері мен әндері көпшілік көңілінен шықты. Жақында «Жамбыл облысының музыкалық мұрасы» атты жинақ жарық көрмек. Сол жинаққа Қуаныш Илиясұлының күйлері мен әндері енбек.

… Төкпе күймен көптің көңілін бір серпілткен күйші, көрермен қауымды селт еткізер шертпе күйді бастап кетті. Сылдырап аққан бұлақ суына жапырағын майыса малып тұрған ағаш, көк майсалы құрақ, одан әрі жазиралы далада жусан иісін аңқытқан самал жел, төбесін қар басып, алыстан менмұндалаған алып таулар, көбелек қанатының дауысын естірткен мүлгіген тыныштық, әлде жаңбыр тамшысының биіктен құлаған сылдыр дауысы дейсің бе?. Мың құбылып, жүрек түпкірінде тұнып жатқан дүниені түртіп өткендей бір мұңды тербеп әкеліп, жаныңмен алыстырып қойған сыршыл күй – бүкіл көрермен залын тыныштыққа тартып, нәзік жандардың жанарынан жас ақтарып отырғаны. Әдемі күй, жаныңды жаулаған күй, музыканың күші, домбыраның күмбірі – барлығын баурап алған. Сезім қылын шертіп жіберген әдемі әуенге тойынып болмай қалған халық бір сәт басын иіп, көпшілікке ілтипат көрсеткен өнерпазға тек ризашылықпен қарап қалды.

Қошамет, бис!

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.