КҮЛЛІ ӘЛЕМНІҢ ТАМЫРЫНА НӘР БЕРГЕН

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Әлемнің сұлулары татымайды, анамның күліп тұрған бейнесіне» атты мерекелік іс-шара өтті. Халықаралық Әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты – нәзік жандылардың қоғамдағы орнын, олардың өмірдегі рөлін айқындау және қадірлеу.

Бүгінгі таңда нәзік жандылар әр түрлі салаларда, атап айтқанда, білім, медицина, мәдениет, ғылым сынды бағыттарда үлкен жетістіктерге жетіп, өздерінің ерекше орны мен рөлін дәлелдеп келеді. Білім саласында ұстаздар қауымының үлесі орасан зор: олар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, болашақ ұрпаққа жеткізуде басты рөл атқарады.

Мерекелік іс-шара аудандық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, сондай-ақ, аудандық білім бөліміне қарайтын әйел ұстаздар мен білім саласының ардагерлері қатысты.

Жиын концерттік бағдарламамен басталып, нәзік жанды ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін аудандық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.

Іс-шара барысында, аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтау лебізін жеткізген Дамира Маратқызы:

«Сіздердің бойларыңыздағы қайрат пен қажыр, шапағат пен шарапат, қайсарлық пен құлшыныс күллі әлемнің тамырына нәр беретіні сөзсіз. Бүгінде қыз-келіншектеріміз қоғамның қай саласында да белсенді қызмет етуде. Еліміздің экономикасында, білім мен денсаулық сақтау саласында, мәдениет пен бизнес көкжиегінде де іздеріңіз бар. Сол талпыныстарыңызбен Қордай ауданының дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Іскерліктеріңізбен қатар, қашанда отбасыларыңыздың ұйытқысы, ырыс-берекесі болудан танбаңыздар. Сіздерді келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілейміз!» — деп атап өтті.

Келесі сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Есенгелдіұлы білім саласын дамытуда әйелдер қауымының маңызы зор екендігін алға тартып, баланың тәрбиесімен тікелей әйелдер шұғылданатындығын және білім саласында ұстаздар қауымының басым бөлігі әйелдер екенін тілге тиек етті.

Нәзік жандыларды қолдау, олардың еңбек жолын бағалау, қоғамдық өмірде белсенділігін арттыру бағытындағы осындай іс-шаралардың маңызы зор.

Шарада, бірқатар ұстаздар мен білім саласының ардагерлері аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының «Алғыс хаты», «Құрмет» грамотасымен марапатталып, оларға арнайы сый-сияпаттар табыс етілді.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.