Жамбыл – соңғы жылдары жаңартылатын энергия көздерін дамытуда еліміз бойынша көш басында келе жатқан өңірлердің бірі болып отыр. Күн мен желдің, судың табиғи қуатын тиімді пайдалану арқылы аймақ экологиялық таза әрі тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыруды мақсат еткен.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар елдің энергия саясатының ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг берген облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, өңірдің табиғи жағдайы баламалы энергия көздерін өндіруге ерекше қолайлы. Сол себепті Жамбыл жері инвесторлар назарын өзіне көбірек аударып отыр. Облыста жаңартылатын энергия көздері 2010 жылдан бастап дамып келеді. Сол жылы қуаты екі мегаватт болатын алғашқы нысандар іске қосылған.
Бүгінгі таңда жалпы қуаты 571,3 мегаватт болатын жиырма екі нысан жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында алты су электр станциясы, он жел электр станциясы және алты күн электр станциясы бар. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміз республикадағы үздік аймақтардың бірі саналады. Мәселен, ел бойынша 3248,1 мегаватт қуатты 158 нысан болса, оның қомақты бөлігі осы өңірде шоғырланған. Жыл сайын өндірілетін энергия көлемі де артып келеді. Биылғы тоғыз айдың өзінде облыста 602,1 миллион киловатт сағаттан астам электр энергиясы өндірілген. Соңғы төрт жыл ішінде облыста бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар қуаты 100 мегаватт болатын «Жаңатас» жел электр станциясы іске қосылып, облыс энергетикасына тың серпін берді. Құны 49 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты.
2021 жылы «Тасөткел» су қоймасындағы екінші кезең су электр станциясы пайдалануға беріліп, қосымша 9,2 мегаватт қуат көзі іске қосылды. Келесі кезекте Жамбыл ауданында қуаты 50 мегаватт «AEC ASA» күн электр станциясы іске қосылды. Талас ауданында да қуаты 13,5 мегаватт үш жел станциясы жұмыс істей бастады. Бұл – Шенгелді, Шенгелді-2 және Новатэкс жобалары. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватт Шоқпар жел электр станциясы толық іске қосылды. Өңірдің табиғи әлеуетін ескерген шетелдік компаниялар да бұл бағытқа айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Мойынқұм ауданында Францияның «Total Eren» компаниясы қуаты бір гигаватт болатын ірі жел электр станциясын салуды жоспарлауда.
Жоба 2028 жылы аяқталмақ. Сарысу мен Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясы дәл осындай қуаттағы тағы бір жобаны іске асыруды қолға алған. Нысандар 2029 жылы пайдалануға берілмек. Мұндай ірі жобалар іске қосылған соң облыстың жалпы жаңартылатын энергия қуаты екі жарым гигаваттқа дейін жетеді. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін еселеп арттырып, Қазақстанның «жасыл экономика» бағытына нақты үлес қосады. Бүгінде облыста жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген.
2028 жылға қарай облыстағы ЖЭК саны 24 нысанға жетіп, жалпы қуаты 2,5 гигаватт болады деп жоспарланып отыр. Мұндай көрсеткіш аймақты энергиямен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты да қалыптастыруға үлкен қадам. Облыстық энергетика басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, бұл жобалар өңірдің әлеуметтік дамуына да оң әсер етеді. Жаңа нысандар ашылған сайын жергілікті халыққа жұмыс орындары көбейеді, ауыл инфрақұрылымы жақсарады, ал табиғатқа зиян мейлінше азаяды. Оның сөзінше, басты мақсат – табиғат пен технология арасындағы тепе-теңдікті сақтау және болашақ ұрпаққа таза орта қалдыру. Облыс бүгінде жаңартылатын энергияны дамыту бойынша еліміздің алдыңғы шебінде тұр. Күн мен желдің қуаты өңір экономикасының жаңа тірегіне айналып келеді.
Бүгінгі жобалар ертеңгі ұрпақтың экологиялық қауіпсіз өмір сүруіне қызмет етпек. Энергетикалық әлеуеті мол, табиғаты мен климаты қолайлы өлкеміз енді елдің «жасыл экономика» жүрегіне айналуға бағыт алды. Бұл мақсаттағы жүйелі жұмыс пен нақты жобалар Жамбыл жерін экологиялық таза әрі технологиялық тұрғыдан дамыған аймаққа айналдырары сөзсіз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ