Сәрсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай асуында орналасқан жел электр станцияларына барып, жұмыс барысымен танысты. Бұл жерде «Ветро Инвест» және «Vista International» ЖШС жел энергиясынан қуат алып, электр энергиясын өндіреді.
Өткен жылы «Ветро Инвест» ЖШС 4635,3 млн теңгеге 106903,0 мың кВт/сағ, ал «Vista International» ЖШС 3168,8 млн теңгеге 73080,0 мың кВт/сағ электр энергиясын өндірген.
Және де бұл көрсеткішті анағұрлым арттыруға қауқарлы. Бұл туралы аудан әкімімен сұхбат барысында аталған ЖШС-нің басшысы Рустам Сагитов баяндап берді. Үш жүз гектардан асқан алқапта биіктігі 70 метрлік 40 жел өндіру қондырғысы орнатылған. Екі компанияда жалпы елуге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі серіктестік басшысымен сұхбат барысында бүгінгі күндегі проблемалық мәселелерді сұрады. Рустам Сагитов өндірілген электр энергиясы электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» акционерлік қоғамының электр тарату жүйесіне кететінін жеткізді. Оның айтуынша электр тарату жүйесіне үлкен көлемде электр энергиясын жіберуге шектеу қойылған. Себебі, желілерге үлкен салмақ түсуде.
Бегзат Болатбеков аталған мәселеден хабардар екенін айтып, мәселе облыстық деңгейде көтерілетінін жеткізді. Өз кезегінде Рустам Сагитов егер электр энергиясын өндіруге қолайлы жағдайлар жасалса, осындай алып қондырғылар саны едәуір артатынына сенімді екенін атап өтті.
«Қордай ауданында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін көптеген табиғи мүмкіндіктер бар. Күн мен желдің әлеуетін барынша пайдалануға тырысу керек. Бұл дегеніміз тек электр энергиясы ғана емес, аудан бюджетіне табыс көзі және жұмыс орындары. Осы саланы дамытуға қолымыздан келгенше атсалысамыз», — деді аудан әкімі.
Қазақстан үшін экологиялық таза энергетикалық технологияларды дамыту маңызды. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту қоршаған орта мен адам денсаулығын жақсартумен бірге елдің экономикасы мен энергетикалық секторларын әртараптандырады. Қорытындылай келе, жалпы жаңартылатын энергетиканы дамыту Қазақстанға қуатты экономика құруға және оның энергия тұтынуға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.