КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ҚОРДАЙ АУЫЛЫ МӘСЕЛЕСІ

0

Үнемі ауданның экономикалық-әлеуметтік, және өзге де мәселелерімен тығыз айналысып, қоғамдық бақылау жүргізіп, бағыт-бағдар беріп отыратын аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрайымы Баян Қарамолдаеваның төрағалығымен болған жиында әлеуметтік мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне екі сұрақ шығарылды, олар — Қордай ауылдық округінде жүргізілген мониторинг бойынша қорытынды және көкейтесті жайларды қамтыған әртүрлі сұрақтар болды.
Алғашқы сұрақ бойынша мониторингтік топ мүшелерінің баяндамалары тыңдалды. Кеңес мүшесі, «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі» комиссия төрағасы Бақдәулет Садырбаев Қордай ауылдық округі бойынша мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді жіпке тізіп атап өтті. Ал, тағы бір кеңес мүшесі Ғалия Шәріпова Абай атындағы мектеп оқушылары тротуарлардың жоқтығынан жолдың автокөліктер жүретін бөлігімен жүруге мәжбүр болып отырғанын айтса, Геннадий Солодовников Қордай ауылдық округіндегі шағын аудандарының бірінде орын алған олқылықтарды жеткізді.
-Цемзауыт шағын ауданындағы сумен қамту жүйесі ешкімге тиесілі емес, бірнеше жылдан бері тұрғындардың өздері аталмыш жүйені жөндеуге мәжбүр. Өз күштерімен 2 шақырымдай магистраль жаңартылды. Негізгі ұңғыма зауыт аумағында орналасқан, оның иесі сусорғылардың жұмысына жұмсалған электр қуаты үшін шығындарды жабу шартымен оны пайдалануға рұқсат берген. Сондықтан Цемзауыт тұрғындарынан 500 теңгеден жиналады. Тағы бір өзекті мәселе ол — интернет. Байналысты жақсартуға уәде берілгенімен, мәселе шешілмеген. Келесі проблема ол –қаңғыбас иттер, балалар мектептен кеш қайтады, ата-аналар оларды мектепке шығарып салып, күтіп алуға мәжбүр,- дейді кеңес мүшесі.
Отырыста аталмыш шағын ауданның жолдарының жайы, мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарының қажеттілігі, орталыққа автобуспен қатынау мәселелері, жасалған жолдар сапасы туралы кемшін тұстар айтылды.
Кеңес отырысында Қордай ауылындағы аудандық орталық аурухана мен Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына баратын жолдың қазіргі жағдайы да сөз болды. Таңертең кептелістер пайда болып, бірқатар қиындық туғызады. Сол маңдағы аллеяның жағдайы да мәз емес, дегенді ортаға салды кеңеске қатысушылар.
-«Қордай» бақылау өткізу пунктінің маңындағы кептеліс мәселесі қазір өте өзекті болып отыр. «Береке» колледжі кеден маңында орналасқан, үнемі төрт қатар кептеліс болып тұрады, күнде жанар-жағармай тасымалдаушылардың ұрыс-керісі, төбелестері орын алып жатады. Көліктен өрт шыққан жағдайлары да болған. Мұның бәрін студенттер көреді. Такси жүргізушілері колледжге жетпей тоқтауға мәжбүр. Аудан тұрғындары мен білім мекемесі қызметкерлері, білімгерлер үшін өте қолайсыз жағдай туындап отыр, — дейді аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Камила Дургалова.
Сонымен қатар кеңес мүшесі Төле Сүгірбай орталық және басқа көшелердегі көп үйлер қызыл сызықтан асып кеткенін, қоқыс бірнеше күн бойы көшеде жатып қалатындығын, металл сынықтары орталық көшенің жанында қабылданып жатқаны туралы айтып өтті. Сондай-ақ Төле Аманжолұлы Қордайға кіреберістегі ауылдың нышаны болған арка неліктен алынды, оны қайта орнына қайтаруға болмай ма деген сұрақты да ортаға салды. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, рұқсатсыз сауда, базардағы тазалық мәселелері де жиында сөз болды.
Қоғамдық кеңес мүшелерін тыңдаған ауылдық округ әкімі Бақыт Сахатов әрбір қойылған сұраққа жауап берді.
Жарықтандыру мәселесі жақын арада шешілетінін жеткізген ауыл әкімі коммуналдық қызметінің көлігі және штат саны аз болғандықтан қоқысты уақытылы шығарып үлгермей жатқанын алға тартып, қазіргі таңда көшелерді жиналып қалған қоқысты уақытылы шығару үшін шара қолданып, арнайы контейнерлерге арналған шағын бастырмалар салынып, олар жақын арада орнатылатынын айтты. Ал, Цемзауыт елді мекенін ауыз сумен қамту желісін салу үшін алдын ала смета жасалып, интернет байланысын жақсарту мақсатында антенна орнату үшін кәсіпкермен келісім-шарт жасалғанын жеткізді. Жергілікті мәдениет үйінің шатыры жөнделіп, әзірге шағын жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі ашық болып тұр. Бақыт Сахатов жол мен жаяу жүргіншілерге арналған участок жөндеуден өтеді деп уәде беріп, битумды жеткізу бойынша туындаған қиындықтарды алға тартты. Қаңғыбас иттерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, бұл мәселе бақылауда екенін баса айтты.
Сондай-ақ, ауыл әкімі жағажайды абаттандыру мәселесі әкімдік қызметкерлері үшін де өзекті мәселе екенін жеткізді. Округ тұрғындары тарапынан орындықтарды бұзу, бейнебақылау камераларын ұрлау, шамдарды қирату, қоршауды кесіп алу деректері орын алуда. Әкімдік мамандары учаскелік инспекторларымен бірігіп зиянкестерді ұстап, олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізгенімен нәтиже шықпаған.
Бақыт Сахатовтың айтуынша, «Қордай» бақылау өткізу пунктінің алдындағы кептеліс мәселесі оның құзіретіне жатпайды. Бұл мәселе бойынша «Сергек» бейнебақылау камерасын орнату бойынша шешім қабылданған.
Кеңес отырысы соңында бірқатар шешім қабылданды. Мәселен, комиссия мүшелері жүргізген мониторингті назарға ала отырып, ауыл әкімі Бақыт Сахатовқа атқарып жатқан жұмыстары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бүгінгі күнгі қойып отырған талаптарына әлі де толық сәйкес еместігі атап көрсетілді. Сондай-ақ, Қордай ауылдық округінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін шешу жолдарын қарастыру, жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын ары қарай жалғастыру, бюджетке тиісті сұраныстар беру, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүгедектігі бар адамдардың, балалардың, жалғыз басты қарттардың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларын зерделеніп, тиісті шешімдер қабылдау, ауыл тұрғындарының су пайдалану мәселелерін реттеу және тағы да басқа ұсыныстар енгізіліп, жіберілген кемшіліктер жойылып, алты ай мерзімнен соң кеңес отырысында ауылдық округ әкімі Б.Сахатовтың есебі қайта тыңдалсын деген шешім қабылданды.

Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.