КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫРАНДАРЫ

0

29 қазан – Қазақстандағы күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні. Еліміздің мерекелер күнтізбесінде 2017 жылы пайда болған кәсіби мерекені ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелерінің барлық қызметкерлері және жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері атап өтіп келеді.

Айтулы күнге орай мереке иелері туралы қалам тербеп, жұмыстарымен жақынырақ танысуды жөн көрдік. Ауданымыздағы мемлекеттік және аса маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін «Қазақстан Республикасы ІІМ Жамбыл облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы»  мемлекеттік мекемесі 2-ші полиция батальоны Қордай ауданы взводы күзетеді. Күзет ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс күні қалай өтеді, негізгі міндеттеріне не жататыны жайында бізге 2-ші полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Мақсат Байсапаков айтып берді.

«Қазіргі таңда бізде 60 адам қызмет етеді. Әрқайсымыздың өз міндетіміз бар. Негізгі салмақ күзет қызметіндегі сақшыларға түседі ғой. Олардың негізгі міндеті – стратегиялық, аса маңызды, экономикалық нысандарды күзету. Жұмыс күніміз таңғы жетіде басталады. Күнделікті саптық тексеріс өтеді, міндетті түрде нұсқаулық жүргіземіз. Осыдан кейін қаруларын қабылдап алып, әр бөлімше өзіне бекітілген мекемені күзетуге аттанады. Күзет қызметіндегі полицейлер бір тәулік істеп, екі тәулік демалады. Яғни, бір тәулік істеп, келесі күні басқа ауысым қызметке келеді. Одан бөлек, күзет сақшылары аптасына екі рет әскери қызметтік дайындықтан өтіп, тұрақты түрде физикалық жаттығулар жасап тұрады. Біздің міндет қарапайым азаматтарды қорғау болғандықтан, біздің жігіттер физикалық жағынан мықты болып, кез-келген жағдайға сақадай сай болулары тиіс»,-дейді Мақсат Қыстаубайұлы.

Әскердегі темірдей тәртіптің мұнда жүз пайыз сақталғанына күмән жоқ. Аудандық взводта байқампаздық, қырағылық сияқты қасиеттерді бойына сіңірген, әбден шыңдалған қарулы күш иелері қызмет етеді. «Күзет қызметіне орналасу үшін міндетті түрде әскери билет қажет, бұдан бөлек біліміңіз және спорттық жетістіктеріңіздің болуы маңызды. Жұмысқа 35 жасқа дейінгі азаматтарды қабылдаймыз»,-деп қызметке орналасудың талаптарын түсіндірді.

Мақсат Байсапаковтың өзі күзет қызметіндегі еңбек жолын осыдан 16 жыл бұрын аудандық взводта бастаған. Ал қазір өз міндеттерімен қатар жас полицейлерге бағыт-бағдар беріп, ағалық кеңесімен бөлісіп тұрады. Антқа берік полицей атану үшін бойдағы қайсарлық пен төзімділікті шыңдап, ең бастысы еліңе қалтқысыз қызмет етіп, темірдей тәртіпке үйрену керек деп есептейді ол. «Бүгінде адал қызметімен көзге түскен полицейлеріміз де бар. Олардың қатарында Жамбыл облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 2-ші полиция батальоны Қордай ауданының взводының  қызмет инспекторы, полиция аға-лейтенанты Нұржан Алпаров, күзет қызметіндегі полицей, полиция аға-сержанты Алмат Бегалиев, күзет қызметіндегі полицей, полиция аға-сержанты Нұрбек Мәдіғұл сынды жігіттерді атауға болады. Біз мамандығымызды мақтан етеміз. Өйткені, Отанға адал қызмет етіп, қарапайым азаматтардың қауіпсіздігін күзетеміз. Мен ғана емес, Ішкі істер органдарында қызмет ететін барлық тәртіп, күзет сақшылары осындай ойда деп есептеймін»,-дейді Мақсат Байсапаков.

Расында, бұл құрылымның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде орны ерек. Қызмет барысында түрлі сын-қатерлерге төтеп беруге дайын тұратын күзет сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.