Өткен аптада Қордай ауданы бойынша 2022 жылдың көктемгі әскер қатарына шақыру жұмыстарының орындалуы және күзгі әскерге шақыру науқанының міндеттерін айқындау бойынша аудан әкімдігінде арнайы жиын болып өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, әскерге шақыру комиссия мүшелеріне әдістемелік көмек көрсету үшін облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі, облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ермек Абдуллаев, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы Диана Искакова қатысты.
Күзгі әскерге шақыру науқаны және жалпы осы саладағы проблемалық мәселелері туралы айтылған жиынға Қордай ауданы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлім өкілдері, аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары, медициналық комиссияның төрайымы, жергілікті полиция және ауылдық округтердегі әскери есеп мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ — 2022 жылғы әскер қатарына шақыруға көктемгі жасақ жоспарының орындалуы және күзгі науқанға дайындық жұмыстары туралы Қордай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Н.Мелдебековтың баяндамасы тыңдалды. «Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бекіткен көктемгі шақыру науқанында тапсырыс бойынша біз 153 жасты әскер қатарына жіберуіміз керек болса, орындалғаны 154 азамат болды. Олардың ішінде қазақтар 113, 18 орыс, 1 украин, 21 дүнген, 1 әзірбайжан», — деп жік-жікке бөліп, атқарылған жұмыс жайын баян еткен әскери қызметкер 2020 жылдан бастап өзге ұлт өкілдері арасында әскер қатарына баратындар саны артқанын айтты. Сонымен бірге, күзгі науқанда 155 азаматты әскерге аттандыруды жоспарлап отырған бөлім басшысы бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Оның ішінде алдағы уақытта әскерге шақырушыларды сапалы және толық құрамда жөнелту мақсатында аудан әкімдігі және ауылдық округ әкімдерімен жұмысты ширату, әскерге барудан жалтарғандарға заңға сәйкес шара қолдану мәселелері болды.
Келесі кезекте Қордай ауданы бойынша 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында «Әскерге шақырудан кейінге қалдыру» немесе «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызмет көрсету туралы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімшесінің бас инспекторы Н.Мадидың баяндамасы тыңдалды.
«Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегіне Қордай ауданы әкімі аппаратына мемлекеттік қызметтерді көрсетуге 10 өтінім келіп түсті. Оның ішінде «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызметі бойынша 1 өтінім түсті. Ол өтінім қанағаттандырылған жоқ. «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» қызметі бойынша 9 өтінім түсті. Оның ішінде, орындалғаны–6, бас тартылғаны — 3. Бас тартулардың барлығы негізді, яғни бекітілген құжаттардың, ақпараттың дұрыс болмауынан қанағаттандырылған жоқ. Сонымен бірге, Қордай ауданы әкімі аппараты тарапынан мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында мерзім бұзу фактілері және заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Жыл басынан бері аудан әкімдігі тарапынан аталған қызмет түрлері бойынша 3 насихаттау жұмыстары жүргізіліп, 2 мақала БАҚ бетінде жарияланды. Әскерге шақыру науқанын өткізу кезеңінде заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіліп, бақылауға алынған және күзгі әскерге шақыру науқанына толыққанды дайын. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету бойынша жауапты маман бекітіліп, күнделікті ақпараттық жүйе тексеріліп, өтініштер уақытылы қаралуда, — деді баяндамашы.
Жиын барысында облыстан келген азаматтар аудандық мамандарға көктемгі-күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде қолға алатын негізгі басымдықтар туралы айтып, жұмысты жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.