Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, оларды қатыгездік пен қылмыстық шабуылдардан қорғау – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті.
Сәрсенбі күні аудан прокуроры Бірлік Ізбасаровтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу» және «Жол-көлік оқиғаларын алдын алу шараларының тиімділігі» тақырыбында мекемеаралық мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, аудандық полиция бөлімі мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жетігенов баяндама жасады. Ол жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар мен олардың тиімділігі туралы айтып, жастар тәрбиесінде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және аудан мектептерінде құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары туралы аудандық полиция бөлімінің өкілдері баяндама жасап, жол апаттарының негізгі себептерін атап өтті. Олар жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол инфрақұрылымын жақсарту, жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу және жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына назар аударды.
Мәжіліс соңында аудан прокуроры Бірлік Қуатбекұлы аудан аумағында орын алған құқық бұзушылықтар мен жауапты лауазымды тұлғалардың жіберген кемшіліктерін атап өтті. Ол мемлекеттік органдардың басшыларына профилактикалық жұмыстарды күшейту туралы тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.