Қордай ауданында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың арасындағы құқықбұзушылықтар мен суицидтің алдын алу мәселелері тұрақты бақылауда. Аталған бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында аудан әкімі Бегзат Болатбеков пен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті.
Жиында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және суицидтің жолын кесу бағытында атқарылып жатқан шаралардың нәтижелілігі қаралды. Аудан әкімі өз сөзінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың өзекті мәселе екенін атап өтіп, жыл басынан бергі көрсеткіштерге тоқталды. Сонымен қатар, бұл бағытта кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мен тиісті органдар тарапынан кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Күн тәртібіне сәйкес бірқатар жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды. Аудан прокурорының орынбасары М.Жетігенов жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен суицидтің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екенін атап өтіп, 2025–2026 жылдарға қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынды.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде аудан прокуратурасымен бірлесіп «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» тақырыбында семинар-кеңестер ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Масаншы ауылдық округінде, «Береке» және «Қордай» колледждерінде форумдар өткізіліп, Ноғайбай және Бетқайнар колледждерінде құқықтық бағыттағы кездесулер өткен. №54 орта мектепте «Жас сақшы» және «Жас шекарашы» сыныптары ашылғаны атап өтілді.
Жиында сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары С.Әмірбеков құқық қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
«Жалпы бүгінгі жиын тақырыбына оралар болсақ, аудан көлемсінде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Дей тұрғанымен де әлі де болса қамшы басар тұстарда баршылық. Басты талап – бала құқығы мен қауупсіздігін қорғау. Соны әрдайым ұмытпауымыз қажет», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі мен прокурор көтерілген мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар беріп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ