2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Бұл бастама қоғамның еңбек адамына деген құрметін арттырумен қатар, елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын қайта бағалауға үлкен серпін береді.
Әдетте, қателеспеу керек екі дүние болса, соның бірін – мамандық деп жатамыз. Кез-келген мамандық жайлы толық түсінік алу үшін: «Маман иесі не істейді?», «Оның кәсібінің нәтижесі неге алып келеді?», «Маман иесі қандай жағдайда жұмыс істейді?» деген қатысты сұрақтардың жауабын білу керек. Осыны ескерген жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жұмысшы мамандығын дәріптеу тұрғысынан, аудан жастарының қатысуымен ауданымыздағы жетекші кәсіпорындардың бірі «Eko-Chicken» құс фабрикасында экскурсия өткізді. Экскурсияның мақсаты – жастарды кәсіпкерлікке баулу және жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту сонымен қатар еңбек етуге қызығушылығын арттыру болып табылады. «Eco-Chicken» компаниясы құс шаруашылығын, жылқыларды, ұсақ малдарды, ірі қара малды, оның ішінде сүтті бағыттағы малдарды бордақылауды дамытуға арналған толық жем өндірумен айналысып келеді.
«Жалпы, аталған фермада қазіргі таңда отыз отбасы бір кооперативке біріктірілген. Кооператив мүшелеріне арзан бағамен құрама жем беріледі, біздің цехте союға жеңілдік және өнімді өткізуге көмек көрсетіледі. Бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер мен вакцина қатаң қадағаланады. Құстарға аталған серіктестіктің өзі өндіретін «ECO JEM» құрама жемі беріледі. Бұл жем табиғи таза дәнді дақылдардан дайындалып, құрамында бройлер балапандарына қажетті дәрумендер және минералдармен толық қамтамасыз етіліп, қосымша азықтандыруды қажет етпейді», — дейді серіктестік төрайымы Тоты Сәрсенбаева.
Бүгінгі жастар қауымына мақсатқа жетер жолдар көп. Кәсіпорынға жасалған экскурсия барысында жастар жұмыс ерекшеліктерімен, бұл саладағы сұранысқа ие мамандықтармен жақын танысты. Танымдық экскурсия болашақ мамандарды отандық кәсіпорындарға тартып, білімді жастарды кедергісіз жұмысқа орналастыруға бағытталған.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ