«Бәйтерек» холдингі БҰҰ-ның әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бастамасына қосылды. Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттарына қосылу туралы мәлімдемеге холдингтің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев қол қойды.
Осылайша ұлттық компания Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттарының (Women’s Empowerment Principles) жаһандық платформасында сәтті тіркелді.
Іс-шара кезінде «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы өкілі Мария Доценко компаниялар мен бизнес құрылымдар арасында WEPs ілгерілету бойынша Қазақстанның Орталық Азияда көшбасшы болып табылатынын атап өтті.
«Пандемия бүкіл әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы экономика мен бизнестің дамуына үлкен әсер етті. Сондықтан біз «Бәйтерек» холдингінің Қазақстандағы алғашқы, пандемиядан кейінгі кезеңде WEPs қағидаттарына қол қойған бастамасы ақ жол ашып отыр деп санаймыз. Біз холдингтің әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидат-тарына қосылуын құптай отырып, оның дәлелді ісі Қазақстанның басқа компаниялары үшін де үлгі болады деп үміттенеміз, деді М.Доценко.
Өз кезегінде Қанат Шарлапаев холдингте БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. «Тұрақты даму мақсаттардың маңызды тұсының бірі – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту. Холдинг өз қызметін жүзеге асыру кезінде тең мүмкіндіктер беру қағидатын басшылыққа алады және өз қызметкерлерін, оның ішінде гендерлік белгісі бойынша кемсітуге жол бермейді. Холдингтің БҰҰ бастамасына қосылуы гендерлік теңдік мәселелері бойынша корпоративтік көшбасшылықты жоғары деңгейде одан әрі қолдау бойынша маңызды қадам болып табылады», деп атап өтті басқарма төрағасы.
Қанат Шарлапаев «БҰҰ-әйелдер» құрылымның атқарушы директорының орынбасары Анита Бхатиямен кездесу кезінде холдингтің тек компания ішінде емес, ел көлемінде де әйелдерді қолдау жөніндегі қызметі туралы хабардар етті.
Оның айтуынша, «Бәйтерек» әйелдер бастамалары мен көшбасшылығына барынша жәрдемдесіп келеді. Холдингтің бірыңғай кадр саясатына сәйкес 2022-2024 жылдарға арналған KPI ретінде даму жоспарларына «Холдинг пен еншілес ұйымдардың басшылығындағы әйелдер саны» көрсеткіші енгізілген. Бұдан бөлек, холдингтің бірыңғай кадр резервіне іріктеу кезінде қыз-келіншектерге басымдық беріледі.
Сонымен қатар холдинг өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға қайырымдылық көмек көрсетеді. «Бәйтерек» холдингі қаржы институты ретінде әйелдерге өзінің еншілес ұйымдары – «Отбасы банк» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы «Ұмай» ипотекасын ұсынды, сондай-ақ, әйел кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға қолдау көрсетіп келеді.
Айта кетейік, WEPs қағидаттарына қол қою – компанияның гендерлік теңдікті ілгерілетудегі және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі мүдделілік пен белсенді ұстаным туралы жария мәлімдемесі болып табылады. Бүгінгі таңда әлемде 5 мыңнан астам компания WEPs бастамасының қатысушылары болып табылады. Оның ішінде 40-тан астам қазақстандық компания да бар.