Жыл сайын мектептер арқылы қолдауға мұқтаж отбасылардағы балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Материалдық көмек киім, оның ішінде мектеп формасы, аяқ киім, оқу құралдарын сатып алуға бөлінеді. Осы мақсатта әкімдіктер мектепке 500 мыңнан астам баланы даярлауға тиісті қаражат бөлді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мәлімдеді.
«Жалпыға міндетті білім беру қоры шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан, жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдайға тап болған оқушылар да қаржылай көмек алады. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың шот карталарына ақша аудару механизмін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды», – деп атап өтті спикер.