Кейбір адамдар белгілі бір кәсіпті игеріп, жылдар бойы мамандығы бойынша жұмыс істегенімен, бір күні мүлдем жаңа салада өзін сынап көруге шешім қабылдайды. Өмірдегі мұндай өзгеріс қорқыныш тудыруы мүмкін, дегенмен әр қадамыңды дұрыс жоспарлау және табандылықтың арқасында кез келген салада жетістікке жетуге болады. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы осының айқын дәлелі десек қателеспейміз.
Замир Эрматов – кәсіпкерлік жолын таңдап, өз ісін тапқан адамдардың бірі. Жоғары медициналық білімі бар ол денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Алайда, бір күннің ішінде Замир өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірін қабылдап, медициналық мансабын кәсіпкерлік жолына ауыстыруды шешкен.
«2019 жылы Израильге оқуға барғанмын. Жұбайыммен бірге жергілікті мейрамханалардың біріне тамақтануға кірдік. Екеуіміз еврейлердің ешбір қоспасыз тек таза өнімдерді тұтынатынын, шетелден келген асты ерекше қадағалайтыны туралы әңгімелесіп отырып, неге бізге де Қордайдың таза жеміс-жидектерінен әзірленген табиғи шырын шығармасқа, деген керемет ой келді»,-дейді кәсіпкер.
Елге оралғаннан кейін, көп ұзамай олар алғашқы компоттарын жасап көрді. Бұл кәдімгі үй компоты секілді табиғи өнім болды: су, қант және таза жеміс-жидектер. Алғашында өздері мен жақындарына дәмін татқызып, пікірлерін сұрап көрген. Дәмсарапқа қатысқан 200 адамның басым көпшілігі өнімнің дәмін жоғары бағалап, сатылымға шығаруға кеңес берген. Осылайша Замир Эрматов 2020 жылы ЖШС ашып, алғашқы өндірісін Алматы қаласында бастаған. Дегенмен, кәсіпкер бірден табысқа кенеле қалған жоқ. Бастапқыда көптеген қиындықтарға тап болды. Өнім тез бұзылып кететін, дәмі мен түсі сәйкес келмейтін, сақталу шарттары орындалмаған жағдайда көп мөлшерде қайтарулар болды. Алғашқыда Қордай ауданындағы сауда нүктелеріне өнімді ұсынған кезде, сатушылардың көпшілігі үй компотының сатылымға жарамайтынын айтып, көңіл бөлмеген. Сонымен қатар, сапасыз шикізатпен де біраз қиындықтар кездескен. Бірақ уақыт өте келе, кәсіпкер табандылық пен дамуға деген ұмтылысының нәтижесінде өндіріс процесін ретке келтіре алды.
«Алматылықтар біздің шырынды жақсы қабылдады, әсіресе отбасылық шараларға тапсырыс берушілер көбейді. Кейін тұтынушылардың сұранысын зерттей келе өнімдердің түрлерін көбейтіп, сэндвич жасауды да қолға алдық. Оны да туған-туыс, дос-жарандарға беріп, пікірлерін ескеріп, бес түрлі сэндвичтің тек екеуін ғана қалдырдық. Ал 2022 жылы стакандық айранды сатылымға шығардық. Ол әсіресе, жазда үлкен сұранысқа ие болды», — деп бөлісті кейіпкеріміз.
Замир Эрматов пен оның жұбайы компоттың дизайны мен өндірісін бірге дамытуда. Жұбайы бизнеске үлкен қолдау көрсетіп, дизайн жасауға көмектескен. Қазір кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді, оның ішінде бухгалтер, логист, технолог және өзге де жұмысшылар бар. Өндіріс бірнеше арнайы бөлмелерден тұрады: қабылдау, жуу, дайындау, қайнату және құю бөлмелері. Сонымен қатар, компоттарды салқындату үшін тоңазытқыш бөлімдері де бар. «Дайын шырынды тоңазытқышта 4-5 сағат бойы салқындатып аламыз. Содан кейін барып қаптаймыз. Дүкендерге өткізгенде де міндетті түрде сақтау шарттарын түсіндіреміз. Бұл табиғи өнім болғандықтан оны ашық сөрелерде емес, тоңазытқышта ұстау керек», — дейді.
Кәсіп бастау – жауапкершілікті, ерік-жігерді талап ететін үлкен қадам. Әр кәсіпкер бұл жолда көптеген сынақтарға тап болады. Осындай сәттерде адамның ең мықты тірегі – отбасы. Замир Эрматов өзінің тәжірибесінде ата-анасының және отбасының қолдауының қаншалықты маңызды болғанын айтады. «Отбасы – сенің алғашқы қолдаушың, сенің ең үлкен арқа сүйерің. Кәсіп ашу барысында көптеген тәуекелдерге тап болғанда, ата-анамның, жұбайымның қолдауы маған сенімділік берді. Ата-анам сәтсіздіктерге мойыма деп демеп отыратын, компоттарды өздерінің достары мен таныстарына мақтап, жарнамалап беретін. Бұл мен үшін үлкен моральдық қолдау болды», — дейді ол.
Қазіргі уақытта «Bai sut» ЖШС алма мен алмұрт, мультижеміс, манго және апельсин дәміндегі компоттар, айран, боза, сэндвичтер, кілегей және май шығарады. Өнімдер Алматы қаласында сатылуда. Болашақта Замир ЕЭО және халал сертификаттарын алып, экспортқа шығу жоспарларын іске асырмақ.
Сонымен қатар, Замир Эрматов басшылық ететін ЖШС әрдайым қайырымдылыққа да көңіл бөледі. Кәсіпкер тек пайдаға кенелуді емес, сонымен бірге қоғамға өз үлесін қосуға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге де ұмтылуы қажет деп санайды. Мәселен, «Bai sut» ЖШС АОА-на мүгедектерге арналған арба, науқастарға арналған матрас алып берген, дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық шарасына қатысқан, өзге де игі істердің басынан табылады. «Кәсіпкер үшін пайда табу маңызды болғанымен, ол өз ісін әлеуметтік жауапкершілікпен үйлестіре отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді», – деген пікірде Замир Эрматов.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ
Біле жүріңіз
Экологиялық өнім немесе органикалық өнім өндірістің тұқымнан бастап ауылшаруашылық өнімдерінде және өнімнен бастап егінге дейінгі барлық кезеңдерде экожүйеге және адам денсаулығына зиянды химиялық қоспалар мен әдістерді қолданбай өндірілетін өнім. Осылайша, органикалық өнімдер өнеркәсіп, тоқыма, химия және өндіріс салаларында; экологиялық өнімдер — бұл табиғатқа зиян тигізбейтін, қайта өңделетін, адам денсаулығына зиянды заттары жоқ және толығымен химиялық қауіпсіз өнім.
Ауыл шаруашылығы 2010-те жарияланған Органикалық ауылшаруашылық өндірісінің қағидалары мен іске асырылуы туралы ережеге сәйкес органикалық өнім сертификатталған, шикізат, жартылай фабрикаттар немесе органикалық ауылшаруашылық қызмет әдістеріне сәйкес дайындалған.
Бүгінгі күні пестицидтер өндірістен, ерте жиналудан, өнімнің ұзақ сақталуынан және осыған ұқсас себептерден жоғары өнім алу үшін қолданылады. Пестицидтердің қалдықтары адамдарда әртүрлі ауруларды тудырады. Бірақ, ең бастысы, су ресурстары ластанып, топырақ тиімсіз болып келеді.
Бүгінгі күні тұтынылатын органикалық өнімдер бірдей жағдайларда және өсіріліп, бір уақытта жиналып, талданған кезде, органикалық өнімдер әлдеқайда қоректік және минералды заттар, витаминдер, антиоксиданттар мен фосфор, мырыш және темір сияқты тағамдық талшықтардан аз нитрат бар екендігі байқалады. Бірақ адам денсаулығынан басқа экологиялық өндіріс істеу табиғатты қорғауға үлес қосу дегенді білдіреді.
Экологиялық өндірісте тұқым, тыңайтқыш және зиянкестермен күресу үлкен шығындарды тудырады. Арамшөптермен күресу препарат қолданылмағандықтан, еңбек шығындарын арттырады. Ол тыңайтқыш пен пестицидтерді қолданбағандықтан, жоғары өнім бермейді. Бақылау, сертификаттау және талдау шығын элементтері болып табылады. Жоғары нұсқасы болмағандықтан, сұраныс төмен болып қалады, бұл тасымалдау мен сақтау сияқты шығындарды тудырады. Осының бәріне байланысты экологиялық өнімдердің бағасы біршама жоғары. Сұраныс пайда болған кезде бағалар төмендейді.