КӘСІПКЕРЛІК – ЫРЫС КӨЗІ

0

Халықтың әл-ауқаты экономика өсіміне қаншалықты тәуелді болса, кәсіпкерлікті қолдау да отандық экономиканың дамуына дәл сондай мүмкіндік береді. Өз ісін ашып, халықты жұмыспен қамту жүйелі қолға алынса, дамудың даңғыл жолына түсу деген сол. Ал экономиканы әртараптандыруда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы зор. Нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенетінін Мемлекет басшысы да өз сөзіне үнемі арқау етеді.

Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қабылданған құжаттар аз емес. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы арқылы шағын бизнесті дамыту, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең мүмкіндік қарастырып, бәсекелестікті кешенді дамыту қолға алынып келеді. Сондай-ақ үш жыл бұрын бизнесті қолдау мен дамыту мақсатында «Бизнестің Жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ондағы басым міндеттің бірі – өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету. Ендеше мақсаты айқын мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін молынан көріп жатқандар бар ма?

БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН ТАЛАП ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ
Бүгінде «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы аясында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Жауаптылардың айтуынша, бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізген. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықовтың сөзіне сенсек, 2015-2021 жылдары елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы оң нәтиже көрсеткен. Соның арқасында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктің жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъектіге жетіп отыр.
«Пандемия кезінде басталған дағдарысқа қарсы шаралар кешені жалғасын тауып келеді. Оның ішінде экономиканың зардап шеккен секторларына кредит беру, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне барып тексерулер жүргізуге 3 жылдық мораторий, зардап шеккен салалардағы ШОК субъектілерінің кредиттерін кейінге қалдыру мен салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлікті де қолдау шаралары қабылданды. Оларға мүліктік зиянды өтеу, жеке және заңды тұлғалардың қарыздарын кейінге қалдыру, салықтық және кедендік тексерулер мен басқа да шаралар тоқтатылды», – дейді бірінші вице-министр.
Бүгінде бизнеске арналған талаптарды қайта қарау жұмысы екі кезеңде жүргізілмек. Бірінші – биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және тұру қызметтері саласындағы реттеушілік талаптарды қайта қарау қамтамасыз етіледі. Бұл салаларда кәсіпкерлік субъектілерін қамту шамамен 60 пайызды құрайды. Екіншісі, жылдың келесі жартыжылдығында және келер жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптар да қайта қаралады. Осылайша, кәсіпкерлік саласындағы кезең-кезеңмен өтетін жұмыс «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді екен. Бұл бір жағынан мем­лекеттік бақылауды автоматтандыруға қол жеткізсе, екінші жағынан кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асырады. Яғни, бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және іскерлік белсенділікті дамытуға оң серпін береді. Жоспар тиімді жүзеге асса, іс бастағысы келгендердің айы оңынан туады деген сөз.
Өткен жолы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыруға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау жұмысы жүретінін жеткізген. Айтуынша, алдыңғы кезекте жұмыс орындарын құру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды көлеңкеден шығару мақсат етіледі. «Қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істейді, олардың бір бөлігі заңнан тыс қызмет көрсетеді. Бұл дегенің бірреттік қызмет көрсетеді және көп жағдайда олар тапсырыс берушіден қорғалмайды. «Платформалық жұмыспен қамту» жобасы қолға алынуда. Мәселен, үйді тазарту, қорғау, азық-түлік жеткізу сияқты қызмет көрсететін адамдарға осы қосымшада тіркеліп, тез және ыңғайлы тапсырыс табуға мүмкіндік береді. Қосымшада тараптардың құқықтары мен міндеттері, орындаушының еңбек құқықтарын қорғау көзделетін қысқартылған шарт жасалады. Өз кезегінде бұл көлеңкедегі адамдарға кәсіпкерлік ортаны қалыпты деңгейге шығаруға және аударуға мүмкіндік береді», – дейді Ержан Біржанов.
Қорыта айтсақ, ерінбей еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттік қолдау бар. Тек шағын және орта бизнесі жанданған Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдердегідей барлық кәсіпорын санының 90 пайызын құрау әзірге бізге арман болып тұрғаны да жасырын емес. Өйткені біздегі ай сайын салығы төленіп отырған кәсіпкерліктің дені тек құжат жүзінде ғана. Әлгі айтылған кәсіпкер әйелдердің дені «декретке миллионмен шығуды» ғана мақсат ететіндер. Сол үшін де олардың көбі отандық экономикаға оң ықпал ете алмайды. Халықты жұмыспен қамту баяу жүріп келеді. Сондықтан кәсіпті іс жүзінде ашқысы келетіндерге арналған мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Кәсібін ашу рәсімдері жеңілдеп, қаржылық қолдау шаралары жүзеге асқан сайын кәсіп бастағысы келетіндер көбейе түсері анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.