Кенен Бекмолдаев – Алға ауылдық округінің тумасы, 2024 жылы «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,5% жеңілдетілген несие алып, сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпкерлігін ашты. Бұл жоба оның отбасылық өмірінде маңызды рөл атқарады. Өйткені ол тек экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдың экономикасын дамытуға да септігін тигізетін кәсіпкер болып қалуды мақсат етуде.
Кенен Байкеұлы үшін осындай жақсы мүмкіндік «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мүмкін болды. Бағдарлама ауылдық жерде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жасалып, ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Кейіпкеріміз ең алдымен, несие қаражатын пайдала отырып, сүт өнімдерін сапалы өндіру үшін қажетті құралдарды сатып алды. Оның сатып алғаны – сауын аппараты, май шайқайтын аппарат, сепаратор секілді жабдықтар – сүтті жинау мен өңдеуді жеңілдету үшін аса маңызды болып табылады.
Ауылдық жерде 10 шақты сиыр ұстау арқылы кәсіпкер жеке шаруашылығын бастап, сүт өндіре бастады. Оның көп жылдан бері мал шаруашылығында тәжірибесі бар, сондықтан ол сиырлардың күтімі мен сүт өндірісінің ерекшеліктерін жақсы меңгерген. Сиырлар қажетті азықпен қамтамасыз етіліп, дер кезінде күтім жасалса, онда олар жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді.
Кенен Байкеұлының сүт өнімдері, оның ішінде сүт, қаймақ, май және ірімшік ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие болып отыр. Ол өз өнімдерін экологиялық таза, табиғи және өндіріс процесінде ешқандай химиялық қосындылар қолданбай шығарады. Бұл өнімнің сапасына ерекше көңіл бөлуін және ауыл тұрғындарының арасында сенімділік қалыптастыруын арттыруға әсер етуінің нәтижесі. Ауылдастар оның өндіру әдісін жоғары бағалап, өнімдерінің дәмі мен сапасына сүйсініп отыр.
Кәсіпкердің бизнесі ауыл экономикасына оң әсерін тигізбек. Ол тек өз отбасына ғана кіріс алып келмей, сондай-ақ, ауылдағы басқа да мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де үлгі болып, кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға ықпал етуде.
Кәсіп иесінің бастамасы – бұл тек сүт өндірісі ғана емес, ауылдың тұрақты дамуы үшін маңызды қадам.
Кенен Бекмолдаевтың іс-әрекеттері ауылдық даму мен адам әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды қадамдар болып табылады. Оның тұтынушыларға ұсынып отырған сапалы өнімдері мен кәсіпкерлікке қатынасы ауыл тұрғындары мен қоғамды болашақта да дамытатынына сенімділік береді.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ