Қордай аудандық Мәдениет үйінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев және облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбековтың жетекшілігімен, шаруа қожалықтар өкілдеріне ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік және қаржылық қолдау тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Шараның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге, атап айтқанда, шаруа қожалықтарының иелеріне еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне қатысты жаңалықтар, бағдарламалар мен қолдау механизмдерін таныстыру. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі, сондықтан да мемлекет тарапынан қолдаудың көлемі мен түрлері туралы ақпарат беру өте өзекті болып табылады.
Шараға облыс әкімдігінің табиғи ресурстар басқармасының өкілі Руслан Бақтыбекұлы, ауылдық округ әкімдері және жергілікті шаруа қожалық иелері қатысты. Жиын барысында, Жұлдызбек Төленұлы мемлекеттік қолдау шараларының тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен шектелмейтінін, сонымен қатар мал шаруашылығы, егіншілікті дамыту, су ресурстарын дұрыс пайдалану сынды бағыттарда да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Болат Мырзаханұлы өз сөзінде, ауыл шаруашылығы бойынша берілетін гранттардың, субсидиялардың және басқа да қаржылық механикалардың маңыздылығына ерекше назар аударды. Ол шаралардың әрқайсысының шаруа қожалықтарының тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғандығын тілге тиек етті. Шара барысында сондай-ақ, қаржылық қолдау мерзімдері, талаптары туралы ақпарат берілді.
Бұл ретте, шаруа қожалық иелері спикерлерге сұрақтар қойып, оларға жауаптар алуға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар өкілдері өздерін қызықтыратын мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстар мен шешімдерді талқылады.
Мемлекет пен шаруашылық иелері арасында тығыз байланыс орнатудың маңызы зор.
Мұндай кездесулер мемлекет пен шаруалар арасындағы байланысты нығайтып, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Жиын соңында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері өз ұсыныстарын білдірді. Олар мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу тәсілдерін одан әрі жетілдіруге, қолдау үшін қажет шараларды жеңілдетуге шақырды.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ