Ауданымызға облыстық мәслихат депутаты, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова арнайы келіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында аудандық іскер азаматтармен кездесу жиынын өткізді.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілген кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, кәсіпкерлік саласының өкілдері және кәсіп бастауға құлық танытқан аудан тұрғындары қатысты. Жиында Қордай өңірінде өсірілетін құлмақ өсімдігінен өнімдер алу және нарыққа шығару жолдары баяндалды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жүзеге асуына бастамашылық танытқан – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып табылады. Айта кетейік, аталмыш жоба 2022 жылдың наурыз айында пилоттық үлгіде іске қосылып, республикамыздың төрт облысы, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында жүзеге асырыла бастаған. Жамбыл облысында жобаны іске асыру үшін Қордай ауданы таңдап алынған. Бұл өсімдіктен кондитерлік өнімдер, жастықтар, сусындар және нан өнімдері шығарылады. Бүгінгі таңда кооперациялар құрылып, кәсіп игеруге құлшынысы жоғары ауыл азаматшаларына қолайлы мүмкіндік туғызуда.
«Бұл өз бизнесін дамытуға, отбасын қамтамасыз етуге және аймақ экономикасына үлес қосуға мүмкіндік береді. Жобаға сенім білдіріп, қолдау көрсетіп, бірге алға жылжуға дайын барлық жандарға алғысымды білдіремін! Мен бұл жобаның сәтті жүзеге асуына, «Құлмақшылар» брендінің қалыптасып, Жамбыл облысының мақтанышы болуына бар күш-жігерімді саламын!», — дейді Айгүл Сағымбекқызы.
Сонымен қатар, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова үй бақшасында құлмақ өсіремін дейтіндермен өз білімін бөлісуге дайын екендігін жеткізді.