КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Алтын бесігіміз ауылымызды сақтау, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданып, жүзеге асып жатқаны белгілі. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Осы орайда, аталмыш жобаның игілігін көріп отырған Сарыбұлақ елдімекенінің тұрғыны Медет Әлімжановпен тілдесіп қайтқан едік

Аудан тұрғындары арасында жастар үлесі мол. Олардың ел болашағы, аудан тұрмысының жақсаруы үшін қосатын үлестері де зор. Сондықтан, кәсіп бастап, табыс табамын деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау түрлері қарастырылған. Бүгінде  ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруды көздеген жоба өз тиімділігін көрсетіп, халық арасында зор сұранысқа ие болуда. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алған азаматтың бірі Сарыбұлақ ауылының тұрғыны – Медет Сырлыбекұлы. Екі ұл тәрбиелеп отырған отыз үш жастағы азамат 6 миллион 400 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алғанын айтады.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ең алғаш ауылдық әкімшілікте өткен жиналыста естідім. Аталған жиналыста «Жеңілдетілген несие аламын деушілер болса, құжат жинасын» деп айтты. Олар бізге бағдарламаға қатысып, нақты көмектерге қалай қол жеткізуге болатыны турасында жан-жақты түсіндірді.  Содан не керек, құжат жинап, өткізу жұмыстары басталды. Менің мүлкімді бағалап, 6 миллион 400 мың теңге берді. Бұл қаржы ешқандай қиындықсыз жеке шотыма аударылды. Сөйтіп былтыр жиырма төрт бас бұқа сатып алдым. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамытпақ ойым бар.»,-дейді Медет Сырлыбекұлы.

Қазақта еңбекқор азаматтардың болмысын ашатын «Істің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Еңбекқор азамат кәсібін дамытып өрістету үшін әкесі Сырлыбек Әлімжановтың жергілікті кооперативтерден пай жарнасымен қоражай алып бергенін алға тартуда. Аталған қоражайда жиырма төрт бас бұқа жемделіп жатыр. Жұмысқа тиянақты Медет Сырлыбекұлы семіртілген малдарды базарға апарып, алыпсатарға арзанға саудалап әуре болмайды. Өйткені ауданда орналасқан қасапханалардың біріне ет өнімі түрінде саудалап тұрады екен.

«Менің түсінігімде ер адам аз ұйықтап, көп жұмыс істеу қажет. Қазір «жұмыс жоқ» деп қарап жататын заман емес. Іздеген адамға жұмыс көп. Тіпті мемлекет берген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ауылда қажет деген білікті маман, кәсіп иесі атануға болады. Бастысы, «отбасымды адал еңбекпен асыраймын» деген ниеттің болуы. Меніңше, еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады, әрекетіңе қарай табыс та бар»,-дейді жас кәсіпкер.

Еске сала кетейік, аталған жобаның қатысушысы болуы үшін ауыл тұрғыны бірінші жергілікті әкімдікке өтінім береді. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде 1 жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы маңызды. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы  жіті қадағаланады. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.