КӘСІПОДАҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАДІРЛІ ӨКІЛІ

0

Өнегелі өмірі көпке үлгі болған, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен халқының құрметіне бөленген азаматтар киелі Қордай өлкесінен көптеп шыққаны белгілі. Олар уақытпен санаспай өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып келеді. Сондай адамдардың бірі жерлесіміз Сұлтан Есімұлы Қалиев.

Жерлесіміз Ноғайбай ауылында дүниеге келген, 1981 жылы Фрунзе политехникалық институтының сәулет-құрылыс факультетін, инженер-құрылысшы мамандығы, 2003 жылы Алматы қаласындағы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

С.Қалиев еңбек жолын 1981 жылы Қырғыз КСР-ы Пржевальск қала-сы «Иссыккульоблмежколхозстрой» бірлестігінің өндірістік-техникалық бөлімінің инженері, содан кейін Жамбыл облысы Красногор ауданы Кенен Әзірбаев атындағы совхоз-техникумының арнайы пәндер оқытушысы, құрылысшы-шебері болып бастады.

Сұлтан Есімұлы 1983-1992 жылдары босатылған комсомол жұмысында – Қазақстан ЛКЖО Красногор аудандық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің идеология жөніндегі Хатшысы, Бірінші хатшысы болды, ал 1991 жылы Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің Хатшысы болып сайланды.

Комсомолда қызмет атқарған жылдары ол Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы (БЛКЖО)Орталық Комитетінің құрамында республикалық комсомол ұйымының атынан өкілдік етті. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, БЛКЖО Орталық Комитетінің «Комсомолдағы белсенді қызметі үшін» белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталған.

1992-1996 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігінде, Білім Министрлігінің дене тәрбиесі басқармасында жауапты лауазымдарда, «Денсаулық сақтау және спорт» республикалық қорының президенті, Алматы қаласындағы «АЛАЛАТ» өнеркәсіптік-қаржы корпорациясының вице-президенті болып жұмыс істеді.

С.Қалиев 1996 жылғы қаңтарда Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Оның белсенді қатысуымен Тараз қаласына тарихи атауын қайтару бойынша ғылыми-зерттеу және тарихи-мәдени іс-шаралар жүзеге асырылды, ежелгі қаланың 2000 жылдығын мерекелеуге дайындық жүргізілді. 1998 жылдан 2002 жылға дейін «АЛАЛАТ» өнеркәсіптік-қаржы корпорациясының вице-президенті, 1999 жылы ол партия құрудың басталуында тұрды және «Отан» Республикалық саяси партиясы Орталық аппаратының алғашқы идеологиялық бөлімінің меңгерушісі болды (қазіргі уақытта «AMANAT» партиясы), «Отан» Республикалық саяси партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды.

С.Қалиев 2002-2013 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы жүйесінде жұмыс істеді, онда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары, әкімшілік департаменті директорының орынбасары, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының кеңесшісі, «Азиялық газқұбырлары» ЖШС Астана қаласындағы өкілдігінің директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әлеуметтік саясат және жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары, адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарды.

2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ол «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Төрағасы болып табылады. С. Е. Қалиев 2015 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі мен Атқару Комитетінің мүшесі болып табылады, ал 2020 жылғы тамызда Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы лауазымын қоса атқара отырып, қоғамдық негізде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары болып сайланды.

Ол әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның (РҮК), Мұнай-газ саласындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның мүшесі болып табылады, 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің құрамына кіреді.

Жауапты және жемісті еңбегінің, жақсы ұйымдастырушылық және басқарушылық қасиеттерінің, кәсіби дағдыларының арқасында әлеуметтік-экономикалық дамуына, әлеуметтік әріптестік жүйесін одан әрі нығайтуға және мұнай-газ саласындағы еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеуге, Қазақстанның кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуға елеулі үлес қосып келеді.

С.Қалиевтің көп жылғы мінсіз еңбегі мемлекеттік наградалармен – «Құрмет» орденімен (2018 ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астана 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен аталып өтілді.

Ол «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағының иегері, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының, Кәсіподақтар федерациясының, Салалық кәсіподағының медальдарымен марапатталған.

Ғылыми жарияланымдары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары бар.

Биыл Сұлтан Есімұлы мерейтойын атап өтеді. Осыған орай, бір топ жерлестері бірігіп сенбі күні футболдан халықаралық жолдастық кездесу өткізбекші. Қордайлық спорт ардагерлерінен құралған «KMGPROF-KORDAI» командасы мен көрші Қырғызстаннан «Алга» командалары былғары доп ойынан күш сынаспақшы. Жастарға үлгі боларлық бұл іске тек бәрекелді дейміз және қызықты ойын болсын деп тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.