23 желтоқсан күні Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «КӘСІПТІК БІЛІМ. ЕҢБЕК. ТАБЫС» атты облыстық форумы өтті.
Жұмысшы кәсіптерді дамыту, жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында ұйымдастырылған форумға Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, Алматы, Жетісу, Маңғыстау облыстарының ТжКБ саласының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, әлеуметтік серіктестер, облыстық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары, колледж түлектері қатысты.
Жамбыл политехникалық жоғары колледж базасында өткізілген форумда алдымен, «Бизнес инкубатор» орталығы ашылды. Іс-шара барысында жұмыс беруші кәсіпорындардың басшылары мен колледж директорларының диалог алаңы өтіп, «ТОП-10 Жас Еңбек Адамы» номинациясы табысталды. Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан «Ең үздік ТОП-10 әлеуметтік серіктестік» марапатталды. Ал, кіспорындар тарапынан студенттерге арнайы стипендиялар тапсырылды.
Форум барысында білім басқармасы мен «Шэньси Ифень құрылыс және инвестициялық компаниясы» арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Осыдан кейін форум қатысушылары Қордай ауданына жол тартып, атбасын №7 Бетқайнар колледжіне тіреді. 1974 жылы негізі қаланған оқу ордасы қазіргі таңда облыстағы бетке ұстар колледждерінің бірі саналады. Ауылға ауадай қажет мамандарды даярлайтын іргелі оқу орнының директоры Гүлнәр Әлімбаева қадірлі қонақтарды қарсы алып, оларға арнайы экскурсия ұйымдастырды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысты.
Бүгінде алты жүз шақты студент оқитын білім мекемесі «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтар бойынша білікті мамандарды даярлайды. Бірінші кезекте қонақтарға тігін цехы таныстырылды. Бұл цех соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Колледж студенттеріне тігін өндірісінің қыр-сырын білікті мамандар үйретеді. Сонымен қатар, форум қатысушылары жүн түтетін цех, колледж базасындағы жылыжаймен танысты.
Форум барысында қонақтар колледж кітапханасын, оқу залы мен жатақханасын көріп шықты. Келесі кезекте форум қатысушылары жатақхана алдында тігілген киіз үй ішіндегі студенттердің өз қолымен жасаған колөнер бұйымдарын, этно стильде тігілген киім үлгілерін тамашалап, жас шеберлердің жұмысына жоғары бағасын берді.
Білім алуға ынталы жастарға бұл жерде барлық жағдай жасалғанына олардың толықтай көздері жетті. Мәселен, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуалды түрде техниканың тізгінінде отырып, жер жыртып, астық жинап, егін шаруашылығының қыр-сырын үйренеді. Ал ауыл шаруашылығын механикаландыру кабинетінде виртуалды тренажердің көмегімен трактор тораптарын дұрыс жинауды үйренсе, дәнекерлеу ісі кабинетіндегі тренажер-симулятор білімгерлерге дәнекерлеу процесінің дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Осыдан кейін форум қатысушылары дөңгелек үстел басына жайғасып, іс-шараның мақсаты мен міндеттері толықтай орындалғанын атап өтті. Олар №7 Бетқайнар колледжі жұмысына тамсана қарағандарын жасырмай, бұл үлкен тәжірибе алмасу болғанын жеткізді. Басқосу барысында кәсіби мамандарды даярлау ісіндегі өзекті проблемалар айтылып, оны шешу жолдары жайлы ойлар қозғалды. Форум қатысушылары №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнәр Әлімбаеваға алғысын айтып, осы жерде көрген жаңа бастамаларды өздерінің оқу ордаларында да қолданып көретіндерін де атап өтті.