Көңіл құсын шартарапқа шалқытқан

0

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында талантты композитор Теміржан Базарбаевтың 90 жылдық торқалы тойына орай, мүмкіндігі шектеулі зағип әншілер арасында өткен І халықаралық «Екі жұлдыз» ән фестивалі мәресіне жетіп, жаңа жұлдыздар өнердің көгінде жүзді

Осыдан сегіз жыл бұрын республика аумағында ғана ұйымдастырылып келген аталған фестиваль биыл халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінен келген өнерпаздарды құшақ жая қарсы алды.

Әділқазы алқасындағы Республикамыздың мәдениет қайраткерлері, дәстүрлі әншілер Алма Аманжолова, Сандуғаш Стамғазиева, халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері Думан Жақанбаев, актер Есенай Ильясовқа жеңімпазды анықтау да оңайға түспегені рас. Әр дуэт өнер көрсеткен сайын  бағалаушылар «5»-тен «10»-ға дейінгі баға беріп, оның да себеп-салдарын ашып айтып отырды. Екі күн бойы үш шет мемлекеттен, тоғыз аймақтан жиылған 14 жұп әнші сахна көрігін қыздырып, жүректерді тербетіп, көрермен көзайымына айналды. Аталмыш байқауда қазақтың қара домбырасын қастерлеген жерлесіміз Ерхат Тәжібаев ақын Ахмет Кендірбаевтың сөзіне жазылған композитор Теміржан Базарбаевтың ұмытылып бара жатқан «Сағыныш» атты әнін жаңғыртып, әдемі орындауымен көрермен мен әділқазы назарын бірден өзіне аударып, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Онымен қоса, «Екі жұлдыз» мүсіншесі және 300 мың теңгенің сертификатын иеленді. Аудан, облысымыздың мерейін үстем етіп жүрген жерлесімізді жеңісімен құттықтаймыз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.