Халқымыз үшін ауыр күнде көңіл айту – терең мәнге ие салт. «Қайғы бөліссе – азаяды» деген сөз соның дәлелі дейміз. Адам өмірінде орны толмас ауыр сәттерде жұбату сөзін айту – халқымызда ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірақ, соңғы кездері осы көңіл айту, жұбату сынды дүниелер тым сылбыр, тым жалған, тым кернеу болып жатқан жоқ па? Осы сұрақ төңірегіне аздап ой қозғап көрген едік.
Қайғыға ортақтасу – елдігіміздің, туыстық қатынастардың, адамгершілік қасиеттің көрінісі. Қазақ жұрты қандай жағдай болмасын, жақынына, ағайынына қолдау білдіріп, көңіл айтудан ешқашан шет қалмаған. Алысқа барудың қажеті жоқ. Кенен Әзірбаевтың қос ұлы бірден шетінеген кезде қырғыздың атақты ақыны Оспанқұл:
«…Алатаудың басында
Басыңа бұлт торлады.
Орта жасқа келгенде
Қоңылтып қайғы орнады.
Елуге келген жасың бар,
Көк ала сақал, шашың бар.
Қамықпағын, Кенекем.
Түскен тұман жарқ етіп
Шыққан күндей ашылар.
Әйелің тағы ұл туып,
Асығың қайта шашылар», – деген Оспанқұлдың көңіл айту жыры қайғыға қамыққан Кененнің бір сәтте болса көңілін жібіткен екен.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында Бөжейдің қазасын естігенде Құнанбайдың дұға жасап, көңіл айтуы – осы дәстүрдің көркем көрінісі. Сондай-ақ, Бұхар жыраудың Абылай ханға Бөгенбай батырдың өлімін естіртуі – ауыз әдебиетіндегі көңіл айту мәдениетінің жарқын үлгісі болып келеді.
Ал, бізде қазір қалай. Қаралы үйге «Иманды болсынмен» кіріп, «Той болсынмен» шығып кетеміз. Жақында осындай жағдайлардың куәсі де болдық.
«Негізі тағы да өмір сүру керек еді, енді қайтеміз, кетті де қалды», — деп бір апам қазалы үйдің балаларына көңіл айтып тұр. Ал, ата сақалы аузына түскен азамат «Бәріміз де өлеміз, өздерің аман болыңдар» дейді.
Мүмкін сол бір сәтте аузындағы сөзінен жаңылған болар. Бірақ, үнемі үлкендер тарапынан осындай сөздер естіліп қалып жататыны шындық. Осы орайда, сол көңіл айтардағы екі сөз туралы да ары-бері зерттеулер жүргізіп көрдік. Қазіргі таңда әлем үңілетін әлеуметтік желіде бірқатар тартыс-тіректер де орын алыпты осы тақырыптар аясында. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларды бүй дейді:
«Асыл дініміз – Ислам да қаралы жандарға көңіл айтып, сабыр тілеуді құптайды. Қайтыс болған адамның туыстарына: «Иманы саламат болсын», «Артында қалғандарға ұзақ өмір берсін», «Топырағы торқа болсын» деп айту – шариғатқа қайшы емес, қайта – сауапты іс. Мұндай сөздер – жақынынан айырылған жандарды сабырға шақырып, Алланың тағдырына разы болуға үндейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Баласы қайтыс болған адамды жұбатқан кісіге жәннат шапаны беріледі» – деп, ауыр сәтте жұбату сөз айтудың сауабын атап көрсеткен. Тағы бір хадисте: «Мұсылманның мұсылмандағы бес ақысы бар» деп, жаназаға қатысу, көңіл сұрау – мұсылмандық міндет екені айтылған (Мүслим).
Қазақ халқының дәстүріне үңілсек, оның түп-тамыры Ислам құндылықтарымен үйлесіп жатыр. Көңіл айту – тек салт емес, рухани мәдениеттің бір бөлшегі. Бұл халқымыздың парасатты ой-санасының, биік адамгершілігінің белгісі. «Иманды болсын» — мүлдем қайғысына ортақтасып, көңіл айтқанды білдірмейді» деп жазуда кейбір азаматтар.
Жаназада «иманды болсын» деп көңіл айтуға құлағымыз да үйреніп кетті. Ал сөздің мағынасын үңілсек, өлген кісінің ендігі жерде «иманды болуын» тілеу — қисынға келе ме? Діни пайымға салсақ, пенде имандылық ұпайларын тірі кезінде жинап үлгеруге тиіс.
Олай болса, өлген кісіге «иманды болсын» деу сауатсыз көңіл айту үлгісі емес пе?, деп ортаға сауал тастап тұр. Ол сауалдың жауабын Муфтият сайтынан іздеп көрдік.
Онда былай делінген: «Асыл дініміз исламда да көңіл айту әбестік емес деп көрсетілген. Бақилық болған адамдардың жақындарына «иманы саламат болсын», «артта қалғандарға өмір берсін», «топырағы торқа болсын», «алдынан жарылқасын, «арты қайырлы болсын» деген сияқты сөздер айту шариғатқа қайшы емес. Бұл қаралы жандарды сабырға шақыру, Алланың жазғанына көну, болып табылады.
Жұбатуға байланысты мысалдарды Ардақты Пайғамбарымыздың өмірінен де көптеп кездестіруге болады. Бірде қызының ұлы өлім үстінде жатыр деген хабарды естігенде Алла Елшісі: «Қызыма айтып бар! Алғаны да, бергені де – Оныкі (Алланікі)! Ешнәрсе мәңгі емес, әр нәрсенің уақыты шектеулі. Сондықтан айт, сабыр етсін, Алланың жазғанына көнсін» – деп басу айтса керек.
Хадистерде қиыншылықтарға тап болған адамды жұбату керек. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Баласы қайтыс болған адамды жұбатқан кісіге жәннат шапаны беріледі. Қиыншылыққа ұшыраған адамды жұбатқан кісі оның сауабындай сауап алады.» (Тирмизи) делінген», — дейді.
Ал, халық ішінде ең дұрысы көңiл айтқанда қолданылатын сөздер «Қазаның арты қайырлы болсын». Бұл — артында қалған бала-шағасы, ағайын-туыстары, жақындары аман болсын дегендi бiлдiредi.
Кейде қатты қайғырып есiнен танып жатқандарға басу айтады: -«Амал не, тас түскен жеріне ауыр. Тірі жан тіршілігін қылады, өлген артынан өлмек жоқ. Бекем бол. Денсаулығыңды ойла артында қалған бала-шағаға бас көз бол».
Марқұмды жерлегеннен кейін, көңіл айту сөзі: «Топырағы торқа болсын. Жатқан жері жайлы болсын. Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін. Әруағы риза болсын, деген сөздерді қолдану керек екенін айтады көпшілік.
Осыларды қаперде ұстағанымыз абзал сияқты.
Осы жайында сөз еткенде адамды жерлеуге апарған сәттегі жамағаттың сол жерде өзін ұстауы туралы айта кетсек. Марқұмды қабірстанға апарып, оны салтымызға сай жерлеп болғанда сонда жиналған көпшіліктің бәрі деуден аулақпыз, өкінішке орай көптеген жандардың тым ерсі қылықтарды көзге түрпідей тиіп тұрады. Жөнсіз күлу, абыр-дабыр әңгіме… Онсызда қабырғасы сөгіліп, көңілі арса-арса болып тұрған жандарға сенің осы бір қылығың қай жағынан болса да кірбің келтірмей қоймасы анық. Имамның бірнеше рет тынышталыңыздар, деген ескертуіне құлақ аспайтын адамдарды көріп жағамызды да ұстағанбыз. Осы туралы шариғатта не дейді екен, оны да назарға ұсынсақ.
«Қабір басында бос сөз бен күлкіден сақтану. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла сендер үшін алты нәрсені жек көрді: намазда тыныш тұрмау, берген садақаға міндетсіну, оразада әдепсіз сөйлеу, қабір қасында күлу, мешітке бойдәретсіз кіру және үйлерге рұқсатсыз көз сұғу», – деп айтқан (имам Бұхари)
Бұдан артық тағы қандай ескерту қажет. Тіпті, діндегі ескертуді алмай –ақ, соңғы сапарға кетіп бара жатқан жанға деген құрмет, оның сол жердегі туыстарына деген құрмет емес пе? Ертең соның орнына өзің тұрмайтыныңа қандай кепіл бере аласың? Ойланатын дүние сияқты.
ТЫЙЫМҒА ӘЛІ ТЫЙЫМ БА?
Жақында редакцияға жалпы ауданымызға белгілі бір азамат келді. Аздап ашулы. Айтпағы бары анық.
«Інім, ел боламын десең бесігіңді түзе дейді, дана халқымыз. Сол бесікті қазірден түземесек құритын түріміз бар. Ел арасында туыстық қатынасы бола тұра қыз алысып қыз берісу жайы белең алуда. Осыны жалпыға көтеріп, бағзыдан тиым дүниені ел санасына сіңіру қажет болып отыр», — дейді ағамыз.
Бұл мәселеге басында аңтарыла қарағанымызбен, сөзін тыңдай келе өте өзекті сұрақты көтеріп отырғанын аңғардық. Қордайдағы үлкен рудан екен өзі. Осы тақырып төңірегінде ағайындар арасында, жалпы ел арасында көбірек насихат жүргізу қажеттігін алға тартты ағасы. Өйткені, жеті атаға толмай құда атанып жатқандарға қынжылтатынын жасырмады. Бұл сонау бабалардан келе жатқан ұстаным, жай ғана ұстаным емес тиым. Туысқа туыстың үйленуі неге айналып келетінін көпшілік білмейді, неге назар аудармайды, деген орынды сұрағын қойып, осы сұрақты тұрғындар талқысына шығарып, жастардың ой-санасына құю қажеттігін алға тартуда.
Халқымыздағы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін жан-жақты тағы бір мәрте, тіпті діни тұрғыда да тиымы жайында тағы айта кетуді жөн санадық.
Көтеріп отырған тақырып аясында белгілі дінтанушы Алау Әділбаев былай деген екен:
«Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі осы халифалар кезіндегі дәстүрмен де үндесетінін байқауға болады, Ал, қазақ салтында емшек сүті араласқан балаларды өзара некелеуге тыйым салынған. Екеуінің арасында қан туыстығы болмаса да, олар бір ананың сүтін емгендіктен бір-біріне бауырлас болады. Себебі мұсылмандық шариғатта бұған қатаң түрде тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында: «Қан жолымен харам болғандар сүт жолымен де харам болады», – деген. Қазақта «Жеті атасын білген жеті жұрттың қамын жейді» деген аталы сөз бар. Қазақ халқы жеті атаны білу дәстүрін қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп отырған. Тіпті жеті атаға дейінгі туысқандар бір-бірімен қыз алыспаған. Деректерде бұл дәстүрдің Жәнібек ханның кезінен бастау алғандығы баяндалады. Қорыта айтсақ, жоғарыда Құран аяты бойынша белгіленген үйленуге болмайтын туыстар жайлы қағидаға қазақтағы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің ешқандай терістігі жоқ. Қайта керісінше, Пайғамбар хадисі мен Әзіреті Омардың өсиетіне сай болғанын көруімізге болады».
Ал, негізінен жеті атаға дейін қыз алыспау – тектілікті сақтаудың көне заңы.
Қазақ қоғамында жеті атаға толмай қыз алыспау – ұрпақ саулығын сақтауға бағытталған қатаң әрі қасиетті заң. Бұл дәстүр сан ғасырдан бері қан тазалығы мен тектілікті сақтау мақсатында ұлттың өмір сүру ережесіне айналды.
Қазақ халқы ұрпағының амандығын тек бүгінмен емес, ертеңімен өлшеген. Осы орайда жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы – биологиялық, генетикалық қауіптің алдын алу шарасы ретінде қалыптасқан. Жеті ата – ру аралық шекараның шегін ғана емес, халықтың рухани һәм денсаулық мәдениетінің өлшемі деуге болады. Ғалымдардың айтуынша, жақын туыстардың некеге тұруы – тұқым қуалайтын аурулар мен психологиялық ауытқуларға себеп болуы мүмкін. Ал, қазақ халқы бұл мәселенің алдын ерте бастан алған. «Жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрі сол кездегі тұрмыстық мәдениеттің ғана емес, ғылыми ойдың үлгісі іспеттес. Жеті ата – әке, ата, баба, арғы ата, түп ата, тек ата, жеті ата болып жалғасады. Осы шеңбер толық толмай, екі жастың үйленуіне жол берілмеген. Бұл тәртіп тек салт қана емес, құқықтық норма ретінде де танылған. «Жеті жарғыда» некеге тұрудың екі басты талабы анық жазылған. Сондай-ақ, атастыру, айттыру, қалыңмал, қосылу жолдары, әлеуметтік жағдайға қарай қалыңмал мөлшерін анықтау тәртібі де нақты көрсетілген. Тарихи деректерге сүйенсек, жеті ата заңын бұзған жастарға ауыр жаза қолданылған. Алдымен ру ақсақалдары бірнеше рет ескерту жасаған. Егер екі жас ата-ананың немесе елдің сөзін тыңдамай, өз беттерімен қосылса, оларға теріс бата, елден аластау, қоғамдық жазалау, тіпті өлім жазасы сияқты жазалар берілген.
Бұл жаза түрлері дәстүрдің қаталдығын ғана емес, оның елдік мүддемен тығыз байланысты екенін аңғартады.
Қазіргі жастар арасында ру сұрау дәстүрі жиі кездеседі. Бұл – тек этнографиялық қызығушылық емес, туыстық қатынастың жақындығын анықтаудың да бір жолы. Руды тану – өз тегін білу, ұрпақ саулығын сақтауға деген жауапкершілікті сезіну. Оны біреулер рушылдықпен шатастырып алуы да мүмкін. Бірақ, жаңа танысқан жастардың бір-бірімен ру сұрасуы құптарлық дүние. Сол үрдіс кең көлемде жалғасуы, насихатталуы қажет сияқты.
Жоғарыда екі өзекті жайды шамамызша қамтыдық. Ал, осы тақырыпқа ой қосамын, деген оқырман болса онда мархабат, сіздерден хат күтеміз.
Жандос ОМАРОВ