Көкөніс шаруашылығы – өсімдік шаруашылығының бір саласы болып табылады. Осы салаға ауданымыздың диханшылары аса мән беретіні белгілі. Әсіресе, дүнген ағайындар осы бағытта көптеген жетістіктерге жеткен. Осы орайда, аудандағы көкөніс шаруашылығын мықтап игерген Сортөбе ауылының шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.
Шаруа қожалықтары ауылдық аумақтарды дамытудың негізі болып қала береді. Олар ауылдың маңызды әлеуметтік міндеттерін шешуде жетекші рөл атқарып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ететіні сөзсіз. Көкөніс бақша дақылдарын өсіру өсімдік шаруашылығының маңызды салаларының бірі. Бүгінде сарымсақ өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалардың бірі, «Тепин» жане «Гуонлен» шаруа қожалықтары. Мәселен, «Тепин» ШҚ басшысы Харки Хижин 10 гектар алқапқа сарымсақ өсіруде. Өнімді алқаптан жинауға 6 ауыр техникамен, 40 жұмысшы жұмылдырылған.
— Былтырғы жылы алқаптан гектарына 12 тонна өнім жиналды, — дейді шаруа қожалық қызметкерлері.
Ал, «Гуонлен» ШҚ басшысы Двумар Санвазов сарымсақты 5 гектар алқапқа еккен. Жұмысты ширау мақсатында 3 бірдей Т-82 тракторын сатып алған. Жаңа техника шаруа қожалық жұмысын жандандыруға сеп болып отырғаны анық.
Біз күнделікті тұрмыста қолданып жүрген сарымсақтың бірнеше ауруға ем екенін білеміз. Осы орайда сарымсақтың нақты қандай ауруларға емдік дәрі ретінде қолданылатынын ашып айтуды жөн көрдік. Мамандардың айтуынша сарымсақ біршама қасиетке ие екен. Нақтырақ айтсақ, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсарту және ас қорыту мәселелерінің алдын алуға, құрамында С дәрумені көп болғандықтан көз инфекцияларымен күресу үшін қолдануға, суық тиюдің алғашқы белгілері байқалғанда қолдануға, демікпе ұстамасын алдын алып, демалуға мүмкіндік беретін ерекше емдік қасиеттерге ие екен.
Жалпы ас үйде жиі қолнадылатын сарымсақты шаруалар бүгінше еліміздің ірі қалалары мен аудан орталығында саудаға шығаруда.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ