Көктөбе — жердің алтын діңгегі

0

Оқырманға ой салып, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін қалың көпшілікке таныту, ондағы орын алған азды-көпті жаңалықты халыққа айна қатесіз жеткізу әрбір тілшінің негізгі мақсаты десем артық айтқандық болмас. Осындай кезекті тапсырманы арқалаған біз темір тұлпарымызды тізгіндеп, таулы дала табиғатын тамашалап келеміз. Туған өлкенің тұнып тұрған көрінісі керемет қой, шіркін. Әсіресе, аудан орталығынан алшақ жатқан Сұлутөр ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылының маңайындағы тарам-тарам тау сілемдері, жылғалардан сыңғырлай аққан бұлақ суы, оны қуалай өскен көк майса, төрт түлік малға төсін айқара ашқан кең жайлаудың жөні, тіпті бөлек…

Шындығында, біз жолымыз түсіп, табан тіреген қасиетті Көктөбе жерінің маңдайының бағы зор. Шалғайда орналасқанына қарамастан суы мол, тіршілігі қыз-қыз қайнаған жердің нағыз жәннаты. Көнекөз қариялардың айтуынша, елді мекеннің іргесі сонау 1900-шы жылдары қаланған. Ол кезде ауыл Тікенді ой аталыпты. Кейінірек 1930-шы жылдар шамасында орыс поселкесі Ворошилов колхозы болып ұйымдастырылған. Ал, ауыл ақсақалдары 1964 жылы осы жердің тумасы, Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты Омар Дүйсеков Дінмұхамед Қонаевқа хат жолдап, алғаш тас жол салдырған деседі. Содан бері талай заман өтті. Еліміз тәуелсіздігін алып, ауылдан тоқырау жылдары үдере көшкен ел туған жерге оралды, тақтайдай түзу жол мен су жаңа мектеп салынды. Кезекті сапарымыз барысында осыны есте сақтаған біз Қордайдан жүз шақырым жердегі таулы ауылға барар иірім жолдың жағдайына зер салдық. Жол біз ойлағандай емес, бірсыпыра түзелген. Анығын айтсақ, Мемлекет басшысының бастамасымен биыл аудандағы көлік жолдарын жөндеуге бұрын-соңды болмаған қаржы бөлініп, жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде Отар-Сұлутөр автожолы да жөндеуден өтті. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама шапағатының арқасында жолдары тегістеліп, қатынауы жеңілдеген көктөбеліктердің Президенттен бастап істің басы-қасында болған атқамінер азаматтарға айтар алғысы мол.

Бұған қоса Сұлутөр мен Көктөбенің арасындағы сел алған жол учаскелеріне де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, тізгіндеген көлігіміз тақтайдай жолмен Сұлутөр асып, әне-міне дегенше ел арасында «Диірмен сай» аталатын сайға келіп жетті. Мұнда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «ПМК-109» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы Әбдімүтәліп Әлиев қазіргі таңда мұнда грейдерлеу, тау суы ағатын жылғаларға құбыр типтес көпір қойып, айналасын бетонмен бекемдеу, шұңқырларды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты.

Бұл аз болса, ауылда тағы бір жағымды жаңалық орын алған. Ол – газ. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы тапсырмасының аясында ауданымызда ауқымды істер қолға алынып, жыл соңына дейін «отар» аймағындағы 12 елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізбек. Бұл қатарда Көктөбе ауылы да бар. Қазіргі таңда 175 шақырымдық магистральды газ құбырын жүргізу жұмыстары соңына таяп, автоматтандырылған газ тарату стансасы салынуда. Ал, алпысқа жуық түтіні бар ауылда көгілдір отынды үйді-үйге тарататын ауылішілік желілер толықтай жүргізіліп, жергілікті тұрғындармен жүз пайыз келісімшарт жасалып үлгерген. Әрине, бұл жұмыстардың ауыл халқы үшін зор қуаныш екені айдан анық. Бұған көктөбеліктермен кездескенде тағы бір мәрте көз жеткіздік.

 

Ел іші – өнер кеніші

Ауылдық округ әкімдігі мамандарының ұсынысы бойынша Көктөбеге кірген бетте біз ауыл тұрғыны, эколог маман Ақтілек Аманғалиевамен кездестік. Мән-жайды білісіп, келген мақсатымызды түсіндірген соң жолсерігіміз бізді ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Боранбай Абназировтың үйіне ертіп барды. Онда қарияның жұбайы Гүлнар Абназирова бізді қарсы алып, дастархан басына шақырды. Жасы жетпіске жеткен кейуана осында келін болып түскелі 50 жылдан астам уақыт өтіпті. Бес бала тәрбиелеп, оншақты немере сүйген. Бүгінде ол жүн түтіп, құрақ құрап, ою ойып, көрпе тігіп, ата салтын жалғастырып келеді. Білген-көргенін өскелең ұрпаққа үйретуді де әдетке айналдырған. Тіпті, тілі енді шыққан Ақбөпе есімді немересі әжесіне қолғабыс болып, құрақ құрауға көмектеседі екен.

«Міне, өздеріңіз байқағандай ауылымыздағы жағдай жаман емес. Жолымыз жөнделді. Немерелеріміз сапалы білім алатын зәулім мектеп бар. Ауыл тұрғындарының, әсіресе мына эколог мамандардың арқасында ауыз суымыз тазарды. Тұрғындар тату, бәрі ауызбіршілікте. Бұл мекеннің топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, малға да, жанға да жайлы. Бірі төрт түлік малмен жанын бақса, енді бірі дән теңізіне шалынған ен далада ырысын тауып жүр. Жақын күндері газымыз да келеді. Соның арқасында отын жинаудан, көмір түсіруден, пеш жағудан құтылып, көктөбеліктердің өмірі біршама жеңілдейді деген ойдамын. Меніңше ауыл тұрғындары үшін бұдан асқан бақыт жоқ», — дейді сөзінің соңында аудан басшылығына алғысын аямаған ана.

Иә, расында елдің елдігін танытатын оның жетістігі, халықтың ауызбіршілігі мен татулығы. Осының бәрі көктөбеліктерде баршылық. Мысалы, жақында ауылдың эколог мамандары бірлесе ауыз су жиналатын таудағы тоспаны тазартып, су келетін құбырды жөнге келтіріпті. Істің басы-қасында болған жаңағы жолсерігіміз Ақтілек Аманғалиеваның айтуынша, ауылдағы 15 эколог маманның бірлескен еңбегінің арқасында мұнда ауыз судың сапасы айтарлықтай жақсарып, жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат мәселесіне тұрғындар ортақ үлес қосыпты. Ал, Ақтілектің жұбайы Нұрбек Сартай болса ауылдық мектепте мұғалім. Бос уақытында ол ағаштан тұрмыстық бұйымдар жасап, үйін жиһазға толтырыпты. Тіпті, үйдегі есік-терезелер, орындықтар мен кереуеттер де отағасының төл туындысы.

Өздеріңіз байқағандай ауылда қолөнер мәселесі кеңінен көрініс тапқан. Осыны зерделеу мақсатында біз қолөнер көрмесі ұйымдастырылған ауылдық клубқа ат басын бұрып, мекеме қызметкері Жұлдыз Сауруковамен бірге жергілікті тұрғындардың қолынан шыққан көрпе, текемет, сырмақ сынды бұйымдар мен ұлттық киім үлгілерімен таныстық. Бұдан кейін көркем еңбек сабағы барысында балақайларға сызу, ою, сурет салудың негіздері үйретілетін №40 негізгі мектепке табан тіреп, Раиса Беликова бастаған мектеп ұжымымен жүздестік. Естеріңізге сала кетсек, іргетасы 1936 жылы қаланған ескі мектеп ғимараты осыдан бірнеше жыл бұрын апатты деп танылып, оның орнына 50 орындық заманауи білім ордасы бой көтерген. Сол кездегі жобалық құны 339,5 миллион теңгені құраған 50 орындық жаңа мектеп бүгінде заман талабына сай. Балаларға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Сынып бөлмелері кең, спортзалы, асханасы мен пән кабинеттері бар. Мультимедиялық кабинет пен компьютер сыныптары толықтай жабдықталған. Еңбек пәні өтетін кабинетте қыздар мен ұлдарға арналған тігін машинкалары мен ұста үстелі бар. Еңбек сабағының мұғалімі Асылбек Сартайдың айтуынша, мұнда балалар тігін тігуді, сызу сызуды, сурет салуды, ағаш жонуды, қамшы өруді үйренеді.

«Мен жаңа мектепте оқығаныма, білікті әрі білімді ұстаздардан тәлім алғаныма қуаныштымын. Сыныптастарым да осындай ойда деп ойлаймын. Болашақта мұғалім болуды, туған ауылымның дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын», — дейді мектептің 9 сынып оқушысы Жәнет Ескендір.

 

Тарих қойнауынан

Жалпы, ауылдың Көктөбе аталуы елді мекеннің маңындағы биік тауға тікелей байланысты. Ауыл сол таудың оңтүстік-батыс баурайында орналасқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл биік сонау Қордай жерінен көгеріп, ерекшелене көрінеді екен. Атауы да содан қалған деседі. Көктөбенің оңтүстігінде Қарақия, Желсаз, Қоңыртөбе деп аталатын таулар және осы ауылдың жүздеген қайнар бұлағы құятын Қауызбай, Ырғайты, Шыңбұлақ, Ақтасты өзендері жатыр.

Ал, Сұлутөр ауылдық округінің қарамағына кіретін Көктөбе ауылының қалыптасу тарихы өте қызық. Бұл жайында бізге бүгінде өмірден өткен Қордай ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Бәзілұлы Нұрлан былай деп баяндап берген болатын:

«Ауылдың жүз жылдан астам тарихы бар. Сол кездері Ресейден келген қара шекпенділер ауылымыздың іргесін қалаған. Олар өздерімен бірге айдап келген 40-50 өгізді жергілікті халыққа жалға беріп, күн көрген екен. Кейінірек кең далада көсіле мал баққан қазақтың басы Ворошилов колхозына бірікті. 1934-ші жылы Федор Кизяев колхоз басшысы ретінде тағайындалып, Бөлеген Жатқанбаев партия ұйымдастырушысы қызметінде еді. Осы Бөлегеннің көмегімен жаңағы айтқан орыстың қара шекпенділерінен ауылға сырттан көшіп келгендерге 1 тана, 3 қойдан алып беріп тұратын. Айтып-айтпай не керек, сол кезде қазекеңнің жағдайы біршама түзеліп еді. Алайда, 1937-ші жылы Кизяев пен Жатқанбаев халық жауы атанып, сотталып кетті емес пе. Бұдан кейінгі жылдары ауылдың келбеті біршама өзгере бастады».

Ақсақал айтпақшы, сол бір дәуірде Ворошиловтың шаруашылығы қарыштап дамып, ауданның алдыңғы қатарлы колхозы атанған. 3000-ға жуық ірі қара, 25 мың қой, 750 жылқы болған. Бұл жерден Сары Әмірқожаев сынды 100 саулықтан 150 қозы, 100 биеден 100 құлын алатын атақты малшылар шыққан.

«Колхоз негізінен қара бидай өсірумен айналысып, жылда жоғары өнім алып тұрған. Кейіннен кәдігі ақ бидай, арпа екті. Картобың ешбір суғарусыз өседі. Бұл мекеннің  жердің алтын діңгегі аталуы бекер емес», — деп қосқан Нұрлан қарияның сөзі әлі есімізде.

Сонымен қатар, бұл өлкеден көптеген нар тұлғалар түлеп ұшқан. Атап айтсақ, сатирик, ақын Бектұрсын Мәдиев, еліміздің Моңғолиядағы елшісі болған Мұқұди Әбдібайытов, Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты Омар Дүйсеков, математика ғылымдарының докторы Қуанышбек Зәуірбекұлы сынды көптеген азаматтардың ісі өскелең ұрпаққа әлі де өнеге.

Әлібек ОСПАНОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.