КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗҒАН ШАҚ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылдық қараша айындағы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде: «Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекетте осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты», — деп атап өткен болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек етіп жүрген жандармен кездесу қашанда көңілге қуаныш ұялатады.

Көктем, таңғы кез, таза ауа, күн сәулесі, сайраған құстар… Мұндай көрініс жаныңа жылулық сыйлайтыны анық. Көптеген шаруалардың мұндай сұлулықты тамашалауға бірегей мүмкіндігі бар, өйткені қазір ауданымыздың барлық елді мекендерінде көктемгі-дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны жас механизатор Айдар Құсманғалиев – жерді сүйетін, қадірлей білетін, шынайы беріліп еңбектене білетіндердің бірі. Ол «Жанмар» деп аталатын отбасылық шаруа қожалығының құрамында он жылға жуық еңбек етіп келеді. Ал шаруа қожалығының басшысы – Жолдасбай Әміржанов.

Шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. «Жанмар» ШҚ 17 гектар суармалы жерге жоңышқа мен жүгері, 50 гектар багараға арпа мен бидай өсіреді. Өткен жылы әр гектардан 2 тоннадан арпа мен бидай жинап алған. Биыл ауа-райы қолайлы болып, шаруалар бірден көктемгі-дала жұмыстарын бастап кетті. Ал оған дейін қыс бойы техниканы дайындаумен айналысты. Айтпақшы, шаруашылықта әр жұмысшы нағыз шебер, жөндеу жұмыстарын өздері жүргізеді, техниканы да өздері басқарады. ШҚ еңбеккерлері жер жырту, тырмалау, тыңайту, тұқым себу және химиялық өңдеу жұмыстарын талапқа сай орындайды. «Жанмар» шаруа қожалығында трактор, комбайндар, КамАЗ және барлық тіркемелер бар. Қажет болса, көрші шаруашылықтарға көмекке келеді.

Жер – ауыл шаруашылығы саласының негізгі өндіріс құралы. Қалыптасқан қолайлы ауа райы жағдайлары жұмысты бастау үшін оңтайлы уақыт болып табылады. Әрбір процесс белгілі бір реттілік пен уақыт шеңберінде орындалады. Шаруашылық еңбеккерлері әсіресе өзара байланысты жұмыс процестерін анықтап, жұмыс кезеңдерін жоспарлау маңызды екеніне сенімді.

Бүгінде Жаңатұрмыс ауылының егістік алқаптарында таңнан кешке дейін жүйткіген техникаларды көруге болады. Әрине, кез келген істе ең бастысы — өзіңе және өз күшіңе сенімді болу керек. Яғни, көктемгі-дала жұмыстары уақытылы әрі сапалы жүргізілсе, бұл – мол өнім алудың жарты кепілі болатыны анық.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.