Өткен аптада аудан әкімі Мәден Мұсаев өзінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаевпен
бірге «Қақпатас» су қоймасының жағдайымен танысып, аудан
аумағындағы көктемгі дала жұмыстарының барысын бақылады.
Сапары барысында бірқатар агроқұрылымдарға тиесілі егіс алқаптарын аралап, ондағы ауыл шаруашылық техникаларының жағдайы мен атқарылған жұмыстың барысын көрген Мәден Тоқтарбайұлы Жер-анадан ризығын терген диқандармен тілдесті. Тарқата айтсақ, бұл күні аудан басшысы ең әуелі «Мажитов» ШҚ болды. Бүгінде 100 гектар алқапты игерген шаруашылық өкілдері «Одесса» және «Авалон» сұрыпты арпа тұқымымен қамтылып, мол өнімнен үмітті екенін алға тартты.
Келесі кезекте М.Мұсаев аудандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, дәнді дақыл және мал азығын өсірумен қатар ірі қара бордақылап отырған «Медет» шаруа қожалығына жол тарты. Жүйелі жұмысымен айналаға үлгі болған шаруашылықтың техникасы да жеткілікті. Биыл меншігіндегі алқаптың басым бөлігіне бидай себілсе, қалғанына дәндік жүгері мен жаздық арпа орналастырылған. Кездесу барысында агроқұрылым басшысы алға қойған жос-парларымен бөлісіп, жұмыстың өзекті тұстарын тілге тиек етті.
«Біздің шаруашылық мал бордақылауға, асыл тұқымды мал өсіруге ден қойған. Алайда, былтырғы қуаңшылық пен жем-шөп бағасының қымбаттығына байланысты мал басын қысқартуға тура келді. Өйткені, шығын ақталмайды. Жем-шөпті мүмкіндігімізше өзіміз дайындаймыз», — дейді «Медет» ШҚ басшысы Кенжебай Тлеубердиев.
Осыдан кейін аудан әкімі «Нұр-Ал» шаруа қожалығында болды. Ауданда ірі шаруашылықтардың бірі саналатын агроқұрылым жүйелі жұмыстың арқасында жыл сайын мол өнімге қол жеткізіп келеді. Байқағанымыздай мұнда да дәнді-дақылдарға ден қойылып, егістік жерлерді әртараптандыру мәселесіне көптеп көңіл бөлінеді екен. Шаруашылық егін алқаптарына «Айдын» сұрыпты арпа сепкен. Бүгінгі күнге жұмыстың бірсыпырасын сәтті аяқтаған шаруалар тағы 300 га алқапқа егін егуді жоспарлап отыр.
«Бізді алаңдататын ең басты проблема – суармалы су мәселесі. Жеткілікті мөлшерде су болса ісіміз де өрге басар еді», — дейді шаруалар.
Мәден Тоқтарбайұлы келесі кезекте табан тіреген «Азиз» шаруа қожалығы өкілдерінің де айтары осы – суармалы су. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар қолға алған ШҚ жыл сайын жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Егістіктің басым бөлігі бидай, жүгері мен арпаға бөлінген.
«Бұл дақылдарды өсірумен айналысқанымызға көп уақыт болды. Жеткен жетістігіміз де жоқ емес», — дейді шаруашылық жұмысшылары.
Аталмыш шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына асқан дайындықпен келіп, тек сапалы тұқым, заманауи технологияларды пайдаланатынын айта кеткен жөн.
Суармалы судың тапшылығы мен егін шаруашылығындағы проблемалық мәселелерге қарамастан шаруалар тың технологияларды игеріп, тамшылатып суғару әдісін барынша қолдануда. Оның үстіне облыс, аудан басшылығының бастамасымен ауданда ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру арқылы ауыл шаруашылық алаңдарды ұлғайту бойынша жұмыс қарқын алған. Бұл жұмыстар аудан басшылығының жіті бақылауында болады.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ