КӨКТЕМНІҢ ШУАҚТЫ МЕРЕКЕСІ

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Жұмақтың кілті…» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама халықтық «Махаббат» би ансамблінің «Гүлдер» композициясымен басталып, Мәдениет үйіне жиналған көрермендерге көктемнің шуақты мерекесін сезінуге мүмкіндік берді.

Іс-шараның жүргізушілері өз сөздерінде әйелдер қауымына жылы сөздер айтып, олардың өмірдегі маңызын еске салды. Бірінші жүргізуші «Қайырлы күн, құрметті ханымдар, сұлу да көрікті арулар!» деп сөз алып, екінші жүргізуші «Сән-салтанаты жарасқан тіршіліктің асыл тұмары, шаттықтың сөнбес шырағы, бақытымыздың сарқылмас бұлағы – ардақты аналар!» деп мерекенің мәнін ерекше етіп жеткізді. Көрермендерге бар өнерін көрсеткен аудан өнерпаздары мәдениет үйінің залын ерекше көңіл-күйге бөледі.

Шара барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков өзінің құттықтау сөзін айтып, әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, отбасы мен қоғам үшін маңызды атқаратын міндеттерін ерекше атап өтті.

— Табиғаттың тіршілігі көктемнен бастау алса, адамзат атаулы өмірінің бастауын ардақты анадан алады. Аналарды ардақтап, әпке-қарындастарымызды құрметтеп, әрдайым қадірлеп жүру – міндетіміз деп білемін. Тәуелсіз еліміздің нығайып, көркеюіне асыл аналарымыз, ардақты апаларымыздың өлшеусіз үлес қосқандығы ашық. Біздің ауданымызда түрлі салада еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, аудан мен облысымыздың, тіпті мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде үлес қосып жүрген аяулы жандар аз емес. Олардың санаулы қатары бүгін ортамызда отыр. Қордайдың дамуы мен көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген аналарымызға, қыз-келіншектерімізге алғысымды білдіремін. Сіздер тек бір отбасының ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышысыздар! – деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Осыдан кейін сахна төріне қыз-келіншектер, аяулы аналар шақырылып, оларға аудан әкімі өз марапаттарын және бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов да сөз сөйлеп, әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне деген алғысын білдірді. Мәслихат төрағасы да түрлі салаларда еңбек ететін аналар мен қыздарға өзінің жылы лебізін арнап, арнайы марапаттар табыс етті.

Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметкерлер және полиция қызметкерлері нәзік жандылар үшін арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп, көпшілікті өз өнерлерімен таңғалдырды. Ән мен би өнері аруларды ерекше сезімге бөлеп, оларға күлкі сыйлады.

Іс-шара соңында жүргізушілер «Келесі кездескенше, әр күніміз бақытқа толы болсын!» деп аяқтап, әйелдер мерекесімен тағы да құттықтап, қошемет көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.