КӨЛІК САТЫП АЛУ – ОҢАЙ, АЛАЙДА…

0

Қазақстанда автомобиль сатып алу бүгінде бұрынғыдан да жеңілдеді: мобильді ХҚКО қосымшасына еніп, жаңа «Авто тарихы» сервисін пайдалансаңыз жеткілікті. Бар болғаны бірнеше минут ішінде көліктің тіркеу деректерін, оған қойылған тыйымдар мен кепілдерді, айыппұлдарды, кедендік рәсімдеуді, утилизациялық алымды және тіпті техпаспортын да тексеруге болады.

 

Алайда, көлік сатып алу қаншалықты жеңілдегенімен, соғұрлым автокөлікке қатысты алаяқтықтың жаңа түрлері де пайда болып отыр.

Fingramota.kz сайтының хабарлауынша, алаяқтар азаматтардың сенгіштігін және арзан бағаға қызығушылығын пайдаланып, барған сайын күрделі тәсілдер ойлап табуда.

Ең көп таралған әдістердің бірі – жалған автонесиелер. Белгілі автосалондардың сайттарын көшіріп немесе өздерін «банк серіктесі» ретінде таныстырып, алаяқтар ерекше шарттар ұсынады: ең төменгі бастапқы жарна, төмен пайыз, жылдам мақұлдау. Іс жүзінде олар «ресімдеу үшін» 100–200 мың теңге көлемінде алдын ала төлем сұрап, кейін із-түзсіз жоғалып кетеді.

Мысалы, Астана тұрғыны Instagram жарнамасына сеніп, 150 мың теңгесінен айырылған.

Тағы бір кең таралған тәсіл – фишингтік схемалар. Алаяқтар адамдарға сілтемелер мен QR-кодтар арқылы өтуге, анкета толтыруға ұсыныс жасайды. Бірақ ол сайттар деректерді ұрлап, құрылғыға зиянды бағдарлама орнатады. Кейде олар көлік иелеріне жол жүру ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұл туралы хабарлама жібереді. Онда көліктің нөмірі мен «айыппұлды төлеу үшін» сілтеме беріледі. Банктік карта деректерін енгізген адам өз шотына қолжетімділікті өзі береді.

Мысалы, Қостанайда ер адам «менеджердің өтінішімен» бағдарлама орнатқан соң, жеке деректері мен хат алмасуын жоғалтқан.

Сондай-ақ жалған инвестициялық жобаларға да ерекше назар аудару қажет. Азаматтарға белгілі бір сома төлеп, «бірнеше айдан кейін» нарық бағасынан әлдеқайда арзан көлік алуға уәде береді. Шын мәнінде, бұл – қаржы пирамидасы: алғашқы қатысушылар көлікті кейінгілердің ақшасы есебінен алады, ал біраз уақыттан соң төлемдер тоқтайды. Шымкентте осындай жобаға ақша салған жүздеген адам миллиондаған теңгеден айырылған.

Зардап шеккендердің оқиғалары көрсеткендей, бар болғаны бір қате қадам – күмәнді сілтемеге өту немесе ақша аудару – жинаған қаражаттан айырылуға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар барынша сақ болуға кеңес береді. Несие тек банктер арқылы рәсімделуі керек, ал мәміле – сатушымен бетпе-бет және барлық құжаттармен бірге жасалуы тиіс.

Көлікті тек ресми автосалондардан немесе сенімді адамдардан сатып алған дұрыс. Нағыз дилер ешқашан сатып алушыны шешім қабылдауға асықтырмайды. Ешқашан алдын ала кепілақы төлемеңіз – алдымен көлікті және құжаттарын өз көзіңізбен көріңіз. Барлық ақпаратты ЦОН қосымшасындағы «Авто тарихы» сервисі арқылы, сондай-ақ eGov.kz немесе qamqor.gov.kz сайттарынан тексеруге болады.

Күмәнді сілтемелер мен QR-кодтарға өтпеңіз, белгісіз бағдарламаларды орнатпаңыз. Айыппұлдарды тек мемлекеттік порталдар мен банктердің ресми қосымшалары арқылы төлеңіз.

Ең басты қағида – егер ұсыныс тым тиімді болып көрінсе, демек ол – алаяқтық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.