КӨЛІКТЕГІ ҚЫЛМЫСТАР ТУРАЛЫ

0

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда немесе Жол қозғалысының ережелері сақталмағанда ауыр, тіпті қайғылы зардаптарға әкеп соғады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сай, көлік қауіптілігі жоғары көз болып танылады.

Жол қозғалысы ережелері жол-қозғалысына қатысушылардың жүріс-тұрысын реттейтін негізгі нормативтік акт болып табылады. Олар оның қатысушыларының әдеттегі жағдайлардағы іс-әрекеттерін анықтайды, жол белгілерінің, бағдаршамдардың және реттеушінің сигналдарын белгілейді.

Қолданыстағы Қылмыстық кодексте көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар 14 тарауға енгізілген.

Көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян, ауыр зиян, адам өліміне, екi немесе одан да көп адамның өлiмiне келтiруге әкеп соққан бұзуымен білінген қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай –ҚК) 345-бабымен қарастырылған.

Объективті жағынан көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар теміржол, әуе, теңіз, өзен көліктерінің, автокөліктердің және қалалық электркөлігінің, сонымен қатар магистральды құбырларының қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, заңмен немесе өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе техникалық нормативтермен немесе шарттармен белгіленген қандай да бір ережелерді бұзатын іс-әрекет немесе әрекетсіздіктермен сипатталады.

Көліктегі қылмыстар субъктивтік жағынан көбіне зардаптарға қатысты менмендік немесе немқұрайдылық түрінде абайсыздыкпен істеледі.

Көп жағдайда қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі – арнаулы, атап айтқанда көлік құралын басқаратын адам немесе жол қозғалысы қауіпсіздігін немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін кәсіби тұрғыдан сақтауға, оның ішінде көлік құралдарының қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге міндетті өзге адамдар болып табылады.

Қолданыстағы заңнама бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты дәрежелеу үшін кінәлі адамның ол көлікті басқарғанда жүргізуші куәлігінің бар болғаны, оны алмағаны, жүргізу құқығынан айырылғаны маңызды емес.

1997 жылдың 16 шілдесінен қолданысқа енген, және 2014 жылы жаңартылған Қылмыстық кодексте, белгілі зардапқа әкеп соққан жол қозғалысының және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, қоғамға қауіпті іс-әрекет ретінде танылған.

ҚК-тің 14-Тарауында аталған қылмыстар жасалатын кінә түрлері нақты көрсетілген. Сонымен бірге көліктегі қылмыстардың зардап түрлері де анық белгіленген. Осы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырған заңнама адамдармен байланысты ауыр және қайғылы зардаптардың туындау мүмкіндігін біршама азайтуға және әр түрлі көлікпен жұмыс істеу барысында қауіпсіздікті ұлғайтуға ден қойған. Қазаға ұшыратумен байланысты онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салу осыған бағытталған (ҚР ҚК 68-бабының 1-бөлігі).

2019 жылдан бастап Қылмыстық кодекске 4 бөлікте мазмұндалған жаңа 345-1-бап енгізілген, осы бап бойынша абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге, адам өліміне алып келгеналкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Тәжірибеде көлік құралын басқаратын адамның абайсызда адам өліміне, екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы үшін жаза тағайындау біршама қиындық туғызады, себебі заң шығарушы осы қылмыстық құқық бұзушылықтармен байланысты ауыр және қайғылы зардаптардың пайда болу мүмкіндігін ескеріп, осы қылмыстарды жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салған. Басқа жағынан қарағанда, қолданыстағы Қылмыстық заңнамада 55-бап бар, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық қарастырылған жазадан неғұрлым жеңіл жаза тағайындауды реттейді.

ҚК-тің 55-бабының 2-бөлігінде ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан асыруға болмайтыны қарастырылған.

Сонымен бірге, жол көлік апатын алкогольдең масаң күйде жасауды ауырлататын мән-жайға жатқызу қажет, жаза тағайындаған кезде соттар бұл мән-жайды құқық бұзушылықтың негізгі мән-жайы ретінде ескереді.

Демек, жүргізушінің алкогольден масаң күйде жол қозғалысы ережелерін бұзуымен байланысты жағымсыз жағдай қылмыстық заңнамада жаңа норманы бекітуге себеп болғаны жөнінде қорытынды жасауға болады. Бұл өз кезегінде ауыр зардаптарға әкеп соққан көлік құралын алкогольден масаң күйде басқару түріндегі қылмыстарға қарсы тұрып, нәтижесінде автокөліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтардың қолайсыз динамикасын өзгертуі тиіс.

М.АЛИМАНОВА, Жамбыл облыстық сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.