КӨМЕК УАҚТЫЛЫ ЖЕТТІ

0

Өткен аптада орын алған табиғи құбылыс көптеген адамдарды әбігерге салғаны рас. Аймақта жылдамдығы 45 м/с дейін қатты жел тұрып, боран соғып, ауа-райы күрт суып кетті. Жергілікті, облыстық және республикалық жолдар жабылды. Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен Қордай және Шу аудандарының аумағында жергілікті мәндегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Құтқару жұмыстарына арнайы техникалар, ТЖД мамандары мен әскерилер жұмылдырылды. Көптеген аудан азаматтары бұрқасын қарда жолда қалып қалған автомобилистер мен жолаушыларға көмек беруге атсалысты. Зардап шеккендерге мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары жәрдемдесуге асықты.

Редакциямызға Қордай ауылының тұрғыны Қ.Байбулат хабарласып, анасы Гүлбану мен туыстарының құтқарылғаны жайлы оқиғаны баяндап берді. Жағдай бейсенбі күні, күндізгі сағат 15.00 шамасында болған. Отбасылық шарадан қайтып келе жатқан үш көліктегі туысқандар боран басталғанға дейін жетіп үлгереміз деп ойлаған еді. Алайда, қарлы боран олардың жолына бөгет болды. Сол күні, Гүлбану Байбулатованың айтуынша, Алға және Қордай ауылдарының аралығында жүзден астам жолаушылары бар көліктер тұрып қалған.  Қар борап тұр, айналада ештеме көрінбейді. Г.Байбулатова сол күні дереу көмекке жеткендердің есімдерін атап берді. Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов трактор жіберіп, құтқару операциясына аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Сейдекеш, танымал кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев, сонымен қатар қордайлық жігіттер Нұржан Иманбаев, Мұрат Тынышқұл, Мәулен Садуақасов, Әділ Бегімбетов пен Серік Төрекелді бар күшін салды. Г.Байбулатова мен оның отбасы мүшелері қиын жағдайда қалғандарды құтқарып, үйіне аман-есен оралуына себепші болғандардың бәріне деген алғыс сезімдерін жасырмады.

Редакциямызға сол күндері жолда қалып қалғандарға көмектескендерге рахмет айтқан адамдардан қоңыраулар мен хабарландырулар әлі де келіп түсуде. Олар да ТЖ қызметінің қызметкерлері және басқа да ауданның басқарушы құрылымдарының ерекше рөлін атап өтуде.

Баршаға үлкен рахмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.