КӨНЕ ТҮРКІЛІК МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ШЫНАЙЫ МҰРАГЕРІ

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында еліміздің өркендеуіне қажетті көптеген саланың жұмысын таныстырды. Солардың қатарында ұлт тарихындағы ерекше орны бар тұлғалар туралы айтқаны елең еткізді. Әсіресе, Жошы ұлысының 800 жылдығын атап: «Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа» – деп тоқталуы бізге үлкен жауапкершілік жүгін сезіндірді. Сондықтан өзім зерттеп жүрген тақырыпты таныстыра кетуді жөн санадым.

Ислам діні әлемнiң саяси-мәдени өмiрiне белсендi кіріп, түркi-мұсылман мемлекеттерiнiң негiзiн қалаған көшпендiлер адамзат өркениетінiң дамуын жаңа дiнмен байланыстырып жатқанда көшпендiлердiң iшкi аймақтарында, Орта Азияның шеткерi бөлiгiнде Түркi қағанатының алғашқы кейпiн қалпына келтiруге деген талпыныстар етек алды. Бұл талпыныстардың нәтижелiсi алдымен Шыңғысхан тарапынан, кейін Жошы хан күшімен түркi-моңғол мемлекетiнiң құрылуы болды. Көк түрік қағанатының жалғасы iспеттес бұл мемлекеттер Ұлы Даладағы iрiлi-ұсақты рулық-тайпалық бiрлестiктер мен мемлекеттердi бiрiктiрiп, орнына көшпендiлердiң дәстүрлi жаңа мемлекетiнiң негiзiн қалады.

Ұлы Далада алып мемлекеттің іргетасын бекіткен Шыңғысханның саяси күресте жеңіске жетуі түркi-моңғол тайпаларын бiр ұранның шеңберiнде бiрiктiруден басталды. Әсiресе, түркi халықтарының санасынан өше қоймаған дәстүрлi мемлекеттiлiктi қайта қалпына келтiру қажеттiлiгi әскердiң бiрiгуiн жеделдете түстi. Соған сай қалың қол Шыңғысханды бұрынғы қағанатты қайта қалпына келтiрушi ретiнде таныды. Бұған таққа отырған соң Шыңғыс хан есімі қытай құжаттарында «көненi алушы» немесе «ескiнi қайтарушы» иероглифiмен жазылғаны дәлел. Сондықтан Шыңғысхан мемлекетін тек түркілер ғана емес, өзгелер де көне түркі мемлекетінің заңды жалғасы ретінде таныған.

Түркiлердi бiрiктiрген көшпендiлердiң негiзгi ядросы ортағасырлық дереккөздерде «түркiлер» деп аталған. Тіпті, кейбір жазбалар біздің «моңғолдар жаулап алуы» деп атап жүрген қозғалысты түркiлерге телидi. Отырықшы қоғамда орын алған iшкi саяси-әлеуметтiк және сыртқы халықаралық жағдайларға талдау жасасақ, сол елдердегi ахуалды сырттан келетiн үшiншi бiр жойқын күштің өзгертуiн күтетiнiн байқау қиын емес. Қоғамның дiни-рухани нормаларына қайшы үрдiстiң белең алуынан моральдық, әлеуметтiк дағдарысқа тап болған отырықшы қоғамның ойшылдары көшпендi әрiптестерi сияқты халықты басқа жақтан келетiн құтқарушылардың бар екендiгiмен үмiттендiрдi. Кейде, дәстүр мен ереже шеңберiнен шығып, бұзыла бастаған қоғам мүшелерiн «Құдайдың қарғысы» болып алыстан келетiн жабайы халықтың жойқын шабуылымен қорқытты. Осы орайда, қай дәуiрдегi болмасын дiни жазбаларда жазалаушы ретiнде түркi тайпаларының айтылатыны назар аудартады.

Шыңғыс хан мемлекетiнiң құрылуының алғашқы кезеңiнде жетекшi рөл ойнаған моңғол ұлыстарында моңғол тiлiнде сөйлеушiлердің саны аз болды. Ал, Жошы ұлысында олар жетекшi әскери-әкiмшiлiк лауазымға ие болғанымен тiлдiк, этникалық тұрғыда түркілермен бәсекелесе алмады. Ұлыстың iргесi кеңейiп, империя дәрежесiне жеткенде түркiлер Шыңғыс хан мемлекетiнiң негiзгi халқына айналды.

Шыңғысханның түркiлiк тегіне дәлел ретiнде 1956 жылы моңғол ғалымы А.Лубсандендыб тауып, оқыған руникалық жазуды алуға болады. Кейбiр ғалымдардың әртүрлi мүдделер ықпалымен күмән тудырғанына қарамастан уақыты белгісіз бұл жазбада «Чиниз каган алп каган эрмис», яғни, «Шыңғыс қаған ер қаған болды» деген сөздің түркi тiлiнде жазылуы қағанның өзі түркiлiк тектен бас тартпағанын білдіреді.

Шыңғыс ханның түркілік «қаған» титулын иемденуінің де маңызы зор болды. Өйткені, көне түркі дәстүрі бойынша киелі атақ саналатын бұл титулды кез-келген мемлекет билеушісі иелене алмайтын. Түркілер тарихында тек санаулы ғана мемлекет билеушісі осы титулды еншілеген.

Ел билеу және әкімшілік жүйе түгелге дерлік көне түркілік сипат алған Шыңғысхан мемлекетінде алдымен ханды түркi-моңғол дiнбасылары «Аспан ұлы» деп жариялады. Бұл көне түркiлерге тән дәстүр едi. Шығыс және батыс болып екiге бөлiнген мемлекеттегі батыс бөлiктiң билеушiсi шығыс билеушiсiне бағынды. Былай айтқанда, Жошы Шыңғысханға, Шағатай Үгедейге құлақ асты. Елдi, әскердi басқару қызметін атқарған батыс билеушiсiнiң таққа иелік етуге құқы жоқ еді. Қос билеушi туысқан болуы тиіс. Үгедей өлгенге дейiн, яғни, 1241 жылға дейiн 12 жыл бойы жалғасқан бұл дәстүр көне түркi, қарахан, жужан қағанаттарында болған. Мемлекеттi екiге бөлу, оның бiр-бiрiне бағыныштылығы ұзақ уақыт сақталды. Хулагу өмiр бойы тәуелсiз хан емес, Мөңке ханның орынбасары ретiнде басқарды.

Тақты мұраға қалдыру ұлыстарда заңды түрде бекiтiлмедi. Хан шынайы түрде немесе формальды түрде құрылтайда сайланды. Осыған қарап, ХIII-ХIV ғасырларда моңғол мемлекеттiлігіне түркiлердiң ықпалы аса зор болғанын байқау қиын емес.

Түркi қағанаты мен Жошы Ұлысының арасында бiршама ғасыр жатқанымен екi мемлекеттік жүйеде тарихи сабақтастық жалғасқанын байқауға болады. Өз болмысында тайпалық бiр үлкен ассоцияция және әскери жүйе болған Жошы Ұлысында жергiлiктi билеушiлер қызметке алынды. Бұл заңды құбылыс еді. Себебі, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен ұлттық санада айырмашылығы бар елдi жергiлiктi билердің көмегiнсiз басқару қиын. Дәстүр, салт-сана, тiптi, шаруашылық жүйесi мүлдем басқа билеушi қол астындағы халықты өздігінен басқаруы еш мүмкiн емес. Бұл түркi билеушiлерiнiң саяси салауаттылығы еді.

Көршілес Қытай, Иран сияқты деспоттық мемлекеттік жүйеге қарсы әскери демократияны негіз еткен түркілік мемлекеттік дәстүр осылайша жойылудан аман қалып, Жошы Ұлысы арқылы Қазақ хандығының құрылып, өркендеуіне мұрындық болды. Бұл тұрғыда Қазақ хандығы көне түркілік мемлекеттіліктің шынайы мұрагері деп қорытынды жасауға әбден болады.

Жомарт ЖЕҢІС, ҚР ҒжБМ БК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.