КӨПКЕ ҮЛГІ КӨПҰЛТТЫ ОТБАСЫ

0

Oтбaсы жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім мен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Cыйластық, жарасымдылық орнаған орта, кішкентай ғана Отан. Елімізде мекен еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің арманы бір. Тілі басқа болса да, тілегі бір. Ол — Мәңгілік елдің тұрақтылығы мен бірлігі, тыныштығы. Осындай ортақ тілектің болуына әртүрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында ғұмыр кешуі себеп. Сортөбе ауылының тұрғындары

Мадиевтер әулетінің ортақ арманы да осы.

Жұмабай мен Назира Мадиевтердің отбасында қазақ, дүнген және қырғыз ұлттары араласқан. Бір қарағанда, осы үш ұлт әр түрлі сияқты. Мәдениеттері де, әдет-ғұрыптары да, тілдері де мүлдем өзгеше. Алайда, осы сортөбеліктерді бір кезде тағдыр қосты. Олардың махаббат хикаясы көпке үлгі бола алады. Отағасы Жұмабай Марнэевичтің әкесі дүнген, анасы қырғыз, ал жұбайы Назираның ұлты қазақ.

«Біз бірнеше тілде сөйлейміз: қазақша, орысша, қырғызша, дүнгенше. Ал мен, оған қоса кейде ағылшынша және немісше де сөйлеп кетемін», — деп күледі Назира Әдепбайқызы. – Ал мейрамдар мен әдет-ғұрыптарға келетін болсақ, бізде қазақтың, қырғыздың, дүнгеннің де мерекелерін атап-өтіп, салт-дәстүрін сақтауға тырысамыз, — деп әңгімені жалғастыруда.

Көпұлтты отбасы мүшелері Наурыз мерекесін ерекше жақсы көреді. Ұлыстың ұлы күні дастарханға міндетті түрде жеті тағамнан әзірленетін Наурыз көжесі қойылады. Сонымен қатар, қырғыз бен дүнген халықтарының ұлттық тағамдарын да Назира Мадиева аса құмарлықпен әзірлейді.

30-дан астам жыл бұрын танысқан кезде Назира Әдепбайқызы мектепте жас ұстаз болып қызмет атқаратын. Сол кезде болашақ жұбайының інісінің сынып жетекшісі болған. Бұзақылық жасаған оқушысының ата-анасын шақырғанда, олардың орнына Жұмабай аға мектепке барып қалады.

«Мен Назираны көрген кезде, бірден жүрегім «дүр» ете қалып, алғашқы сәттерден-ақ сүйіп қалдым. Содан кейін артынан жүгіре бастадым – гүл мен тәттілер сыйлап, көңілін өзіме қарай аударуға әбден тырыстым. Біраздан соң сұлудың жүрегі жылып, маған көңілін аудара бастады. Кейіннен үйлену тойымызды күндіз дүнген салтымен, кешке қазақ салтымен дүрілдетіп өткіздік. Менің ойымша, ұлтаралық неке адамдарды рухани тұрғысынан байытады. Біз балаларымызды әртүрлі ұлттардың дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелейміз», — дейді Жұмабай Марнэевич.

Көпке үлгілі отбасы ұлтқа бөлінбейді. Жанұяның басты қағидасы татулықты берік сақтау, адами құндылықтарды жоғалтпау. Дәл осындай отбасылар мемлекетіміздің тірегі. Әулеттің ең құрмет тұтатын мерекелерінің бірі 1-мамыр Бірлік күні. Бұл мейрамды олар асыға күтеді.

Ерлі-зайыптылар 2 бала тәрбиелеп, өсірді. 34 жастағы ұлдары Равиль Мәскеу қаласында жүк көлігінің жүргізуші қызметін атқарады, 2 баласы бар. Ал 32 жастағы Сания — көпбалалы ана, Қарағанды қаласында тұрады.

«Отбасының үйлесімдігі мен беріктігі кішіпейілдік, төзімділік пен құрмет сынды қасиеттерге байланысты», — дейді олар.

Сонымен қатар, олар ұлттардың арасындағы айырмашылықтар қарым-қатынасқа пайда әкеледі деп санайды: әр ұлттың үйренуге тұрарлық жағымды ерекшеліктері бар.

Қос ұлттың мәдениетін, ұлттық нақышын танып, құрметпен қараған бұл жанұяның және бейбіт елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыс өкілдерінің татулығы арта берсін деген тілегімізді білдіреміз.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.