КӨПВЕКТОРЛЫЛЫҚ – ЕЛ ЖЕТІСТІГІНІҢ НЕГІЗІ

0

Еліміздің азаттықты айшықтаған аумақтық тұтастығын, төл валютасын, Қарулы Күштерін, мемлекеттік рәміздерін бекітумен қатар тәуелсіз сыртқы саясатын жүргізе бастағанына да 30 жылдан асты. Әрине, тәуелсіздік алған кез келген мемлекеттің дербес ішкі-сыртқы саясат жүргізетіні бұлжымас қағида. Елдестіруді елшінің міндеті, жауластыруды жаушының қызметі санаған бұрынғы заман жоқ қазір. Керісінше, тұрақты әрі нақты жоспарларға негізделген сыртқы саясат бар. Ал дипломатия дегеніңіздің өзі бүгінде күрделі ғылымға айналып барады. Сыртқы саясаттың жүйелі әрі елге тиімді болуы үшін тұтас институттар жұмыс істейді. Қазақстан да жаһандағы жетекші мемлекеттер салған осынау соқпақтан жаңылған жоқ. 30 жылға жуық уақытта ауыз толтырып айтар табыстарымыз да бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстанды дүниежүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Еліміз 120-дан астам мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Шетелдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдік ашылды. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді. Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл еліміздің сыртқы саясатының жемісті болғанының дәлелі.

БАРШАМЕН ТАТУ БОЛУДЫ КӨЗДЕДІК

Қазақстанның сыртқы саясаты туралы сөз қозғағанда бірден «көпвекторлы саясат» ұғымы еске түседі. Әлемдегі қуатты державалармен, аймақтағы беделді елдермен, одан қалса көрші мемлекеттермен тату-тәтті болуды көздеу, түсініспеушілікке бастайтын себептің алдын алу Қазақстанның басты ұстанымы еді. Тәуелсіздік алған кезде және одан кейінгі бірнеше жылда Қазақстан бірінші кезекте шекара мәселесін шешуді басым бағыт ретінде ұстанды. Сонымен бірге аймақтық және әлемдік қауіпсіздік тұрғысынан да өз ұстанымын айқындаған еді. ҰҚШҰ, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі тәрізді ұйымдардың құрылуына Қазақстанның белсене атсалысқаны бар. Теріскейдегі Ресеймен де, шығыстағы Қытай Халық Республикасымен де, Еуропалық одақпен де, ислам әлемімен де, алыстағы АҚШ-пен де жылы қарым-қатынас орнатты. Әрине, арада ширек ғасыр уақыт өткен соң бір полярлы әлемнің қалыптаса қоймайтыны айқындалып келеді. Қуатты мемлекеттердің өз мүдделері үшін дүниенің түрлі аймағында бәсекеге түсіп жатқаны байқалады. Осындай күрделі сәтте де Қазақстан бейбітшілікті сүйетін, ешкімнен ештеңе дауламайтын мемлекет ретінде өзін әлемге танытты. Онсыз елдің ішкі тұрақтылығына да кепілдік болмайтынын ұқтық. Украина, Молдова, Грузиядағы оқиғалар сыртқы саясатта біржақты кетіп, бұра тарту қатерлі екенін байқатты. Демек, әу баста таңдалған көпвек торлы сыртқы саясат өзін ақтап тұр деген сөз.
Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты таңдауы 1991 жылғы Президент сайлауынан кейін белгілі болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр мен көлеңке» атты еңбегінде «Бұл жерде көпвекторлы сыртқы саясат дегеніміз басым бағыттардың барлығы бойынша бір сәтте дипломатиялық күш-жігерді жұмсап, соңында нақты нәтижеге қол жеткізе алмау емес. Көпвекторлық деген мемлекеттің сыртқы саяси курсының қандай да бір әріптес мемлекеттің іс-әрекетінен, әлемдік рынок конъюнктурасынан тәуелсіз болуы деп түсіну қажет. Тәжірибелік тұрғыда көпвекторлылық деген ең бірінші көрші елдермен, ТМД-ға мүше мемлекеттермен және Батыстың, Азияның, Таяу Шығыстың жетекші елдерімен ынтымақтасу болмақ» деп жазды. Ал кейінірек, 2001 жылдың 15 наурызындағы Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасында көпвекторлы сыртқы саясат негізгі басымдық ретінде айқындалды. Аталған құжатта ЕЭО, АӨСШК, Орталық Азия, ШЫҰ-мен интеграциялық үрдістерді дамытуға басымдық берілді. Сонымен қатар Ресей, Қытай, ТМД елдері, АҚШ, ЕО, Жапония, Үндістан, Түркия және Иранмен байланысқа назар аударылды.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық ұйымдармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. БҰҰ, ЕҚЫҰ тәрізді ұйымдарда өз позициясын айқын байқатты. 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің өтуіне мұрындық болса, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызмет атқарды. Еліміздің беделді халықаралық ұйымдағы осынау мүшелігін 2016 жылы БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і қолдап, дауыс берген болатын.

КӨРШІМЕН ТАТУ, АҒАЙЫНМЕН ЖАҚЫНБЫЗ

Әрине, дипломатияда мемлекеттің мүддесі түрлі тәсілмен қорғалатыны сөзсіз. Дегенмен еліміздің сыртқы саясатында өз жемісін бүгін-ертең болмаса да, келешекте беруі мүмкін бағыт та бар. Ол – түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық бағыты. Біздің пайымдауымызша, Қазақстанның сыртқы саясатында түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастықты күшейту өзекті болып қала береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бірқатар ұйым бүгінде түркітілдес мемлекеттердің өзара байланысын тереңдетуге қызмет етіп отыр. Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүркПА тәрізді ұйымдарда Қазақстан шешуші орындарға ие. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев түркітілдес мемлекет басшыларының барлық басқосуына қатысқан. Саясаттанушы Нұрлан Сейдін еліміздің мұндай қадамын түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктірумен байланыстырады. «Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды», – дейді саясаттанушы. Яғни, бұл бағыттағы интеграция әзірге мәдени-гуманитарлық, білім-ғылым бағытында өрбуде. Дегенмен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің айқындалуы бұл бағыттағы интеграцияның болашақта экономикалық сипат алу ықтималдығы бар екенін де байқатады. Тікелей одақ құрылмаса да, бірлескен жобалардың қатары өсуі мүмкін. Қазақстан Президенті өткен ғасырдың 90-жылдары Баку–Джейхан мұнай құбырын, Баку–Тблиси–Каср теміржол желісін салуға бауырлас мемлекеттердің басшыларын көндірген еді. Бұл жобалар кейін Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін өз тиімділігін көрсете бастады.
Одан бөлек, тәуелсіздік жылдарында Орталық Азия одағын құру идеясы да ара-тұра көтеріліп қалатын. Тіпті, бұл бастаманы да алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті көтерген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы аймақтағы 5 елдің басшыларына Орталық Азия одағын құру туралы идеясын ұсынды. 1998 жылы тағы да Н.Назарбаевтың ұсынысымен, тіпті табандылығының арқасында Орталық Азия елдерінің қауымдастығы құрылған болатын. Бірақ қауымдастық одаққа айнала алмады. Дегенмен АҚШ-тың аймақтағы мүддесі аясында G5+1 форматындағы кездесулер өтіп тұрады. Біздің пайымдауымызша, бұл форматтағы басқосулардан да Қазақстанның көвпекторлы сыртқы саясатының тиімді тұстарын байқау қиын емес. Оның үстіне, еліміз әу бастан-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға мүдделі екенін алға тартып келеді. Әрі бұл бағытта да аянып қалған емес.
2022 жыл да тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатында өзіндік із қалдыратыны анық. Өйткені биыл еліміз әлем елдерімен ынтымақтастығын одан әрі тереңдету және өзара тиімді әріптестіктің жаңа көкжиектерін игеру мақсатында бірлескен жұмыс аясын кеңейте түсуде. Мәселен, күні кеше Қазақстан мен Иран кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, тараптар екі ел арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Оның ішінде көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сол сияқты Қазақстанның Франциямен қарым-қатынасында да маңызды шаралардың өткенін айта кетуіміз керек. Франция – Қазақстанмен қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізген Еуропалық одақтың бірінші елі (2008 ж.). Бүгінгі таңда Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 170-тен астам компания жұмыс істейді, атап айтқанда «Total», «Orano», «Air Liquide», «Lactalis», «Danone», «Vicat», «Airbus», «Thales», «Alstom» сияқты және т.б. ірі ТҰК. Қазақстанның экономикасына салынған француздық күрделі қаржы жұмсалымының көлемі 2005-2021 жж. 17 млрд АҚШ долларынан асты, бұл Францияны ел экономикасындағы ең ірі бес инвесторының біріне айналдырды. Ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері және атом өнеркәсібі, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау мен технологиялық сфералардағы өзара іс-қимыл ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттары болып табылады. Айта кетейік, биыл Франция мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толып отыр.
Мемлекет басшысының сыртқы саясат жөніндегі ұстанымында Ресейдің алар орны ерекше. Еуразиялық экономикалық одақ аясында да Ресей Қазақстан үшін басты сауда-экономика саласындағы серіктес екені белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда өткен Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нық орнағанының айқын дәлелі. Пленарлық отырыстан кейін Қ.Тоқаев РФ Президенті В.Путинмен кездесіп, әңгіме барысында көшбасшылар Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылаған болатын. Мемлекет басшысының сыртқы саясат тұрғысындағы өте белсенді әрі нәтижелі жұмыстары алда да жалғаса бермек. Бұл белсенді, байыпты және байсалды саясат елімізді Еуразиядағы дипломатиялық эпицентрдің біріне айналдыруға өз үлесін қосатыны анық.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның көпвекторлы саясаты көптеген мәселені, тіпті, аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мәміле арқылы шешуге мүдделі екенін әлемге көрсетіп келеді. Мұндай тәжірибенің тиімділігіне шартарап бүгінде куә. Еліміздің сыртқы саясатындағы бағыттар Қазақстанның халықаралық беделін сақтап, әлемдік аренадағы рөлін күшейтетіні сөзсіз.
Ардақ СҰЛТАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.