Аурухана дегенде көз алдыңызға не елестейді? Әсіресе, жедел жәрдем көлігі, дәрігер, медбике қысқасы ақ халатты киінген кәсіби мамандар бірден ойыңызға түсері анық қой. Мұнымен дауласа алмаймыз әрине…
Ғасырға кейінге шегінер болсақ, 1924 жылы бұрынғы Георгиевка, қазіргі Қордай ауылында алғашқы емдеу мекемесінің негізі қаланған болатын. Одан бері қаншама жұмысшы маман аурухана қабырғасында қызмет атқарды десеңізші. Бүгінде аудандық орталық аурухананың әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жетекшісі лауазымы Максим Чебаковке жүктелген. 1995-2000 жылдар аралығында көршілес Қырғызстан мемлекетіндегі Қырғыз аграрлық университетінің «ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығын игеріп шыққан Максим Михайлович өзіне жүктелген лауазымында 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді. «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді», – дейді дана халық мәтелі. Оның қарамағында 45 жұмысшы мамандық иесі еңбек етеді. Олар жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері, сантехник, электрик, ағаш шебері, дәнекерлеуші, күзетші мамандары. «Ауруханаға келімді-кетімді адамдар бұл бөлім мен оның жұмысын көре бермейді. Шаруашылық бөлімшесінің елуге жуық қызметкері көрінбейтін майданның сарбаздары деуге болады. Олардың еңбегінсіз аурухана жұмыс істей алмайды. Мұнда бәрі сағат тіліндей жұмыс істейді – үнсіз, нұсқауларға сәйкес жедел жөндейді, қосады, түзейді, ауыстырады, дұрыстайды. Біздің мамандардың әрқайсысының өзіндік функционалдық міндеттері бар»,-дейді жетекші.
«Елдің қамын ойлағанның жәрдемшісі Құдай» дейтін дана сөз бар. Қақаған аязға қарамай ыстық темірмен, бетон құятын ауыр қалыптармен арпалысып, қара жұмыс істеп көрмегендер үшін бейнеттің бейнеті болып көрінуі мүмкін. Ал мұндағы іскерлердің оған еті әбден үйренген. Қажеттілікке сәйкес жаздың аптап ыстығында да дәл осы тірліктерін қайталап жүре береді. Адамды жасаған жасы есейтпейді, адамды арқалаған жауапкершілігі есейтеді. Расын айтуымыз керек, әсіресе жастар табысы жоғары жұмыстарда еңбек еткісі келеді. Алайда жұмысшы мамандықтарды жақсы игеріп, өз міндетін кәсіби тұрғыда орындай білетін маман қашанда сұранысқа ие. Орталық аурухана іргесінде жауапкершілік алып, адал қызмет атқарып жүрген жұмыскердің бірі, сантехник лауазымындағы Сапарғали Тұлақбаев. Кейіпкеріміз 1990-1992 жылдар аралығында Ноғайбай ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы (қазіргі Ауылшаруашылық колледжі) совхоз техникумында «электромеханик» мамандығын игеріп шыққан. Сапарғали Тұрысбекұлы осы қызметте 2019 жылдан бері еңбек етуде.
«Өзіме жүктелген осы бір қызметте 6 жылдан бері еңбектенудемін. Орталық ауруханадағы бөлімшелер мен ауданға қарасты ауылдық округтердегі дәрігерлік амбулаториялар ғимараттарында сантехника жағынан ақаулар табылған жағдайда құрал-сайманымды алып, қалпына келтіру жұмыстарына араласамын. Түрлі кілттерді бұрау, құрал-сайманмен жұмыс жасау үйреншікті тірлігіме айналған. Жылыту маусымында, жылу батареяларын тексеріп, ауасын шығарамын. Су ағып тұрған ақаулары табылса, тексеріп бітеймін»,-дейді кейіпкеріміз.
2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттайтынымызды атап өтті. Ендеше, маңдай терімен еліміздің өсіп-өркендеп, дамуына үлес қосып жүрген мамандық иелерінің қадірін арттыру, құрметпен қарау баршамызға ортақ іс болуға тиіс.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ