26 маусым күні Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиынға аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Дамира Сүгірбай, бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кеңес барысында төрт өзекті мәселе қаралды. Алдымен 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің орындалуы туралы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева баяндама жасады. Баяндамашы биылғы жылдың алты айлық қорытындысымен бөлісті. Айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,8 млрд теңгеге жетіп, 26 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Келесі кезекте сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмас Әлімхожаев сала көрсеткіштері туралы есеп берді.
Қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Рысқұлов бюджеттің орындалу барысына тоқталды. 2025 жылдың 31 мамырына дейін аудандық кірістер 100,3% орындалған. Оның ішінде меншікті кірістер жоспардан 840 млн теңгеге артық орындалған. Баяндамашы республикалық трансферттер нақты түскеннен кейін ғана кассалық операцияларды жүзеге асыру қажеттігін еске салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы жер мәселесі болды. Бұл жөнінде құрылыс бөлімінің басшысы Е.Мендекеев, Масаншы ауылдық округінің әкімі Хусеин Буларов және Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.
Үшінші мәселе ретінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының орындалуы және көктемгі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының қорытындысы қаралды. Бұл жөнінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов баяндама жасады.
Одан кейін Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев өз округіндегі тазалық жұмыстары туралы ақпарат берді. «Округ бойынша 8 апаттық күл-қоқыс орны анықталып, 2025 жылы 3-уі жойылды. Қоқыс жиналған орындарға ескерту хабаралама тақтайшалары ілінді. Қордай ауылының тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 14 ақылы қоғамдық жұмысшы тазалық жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда Қордай ауылындағы белгіленбеген орындардан 11 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, былтырғы жылдан бастап аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шу, Алматы, Қарасу трассалары бойындағы қураған ағаштар бұталанып, қалдықтары шығарылып, күзде шабылған шөптер тырмаланып, қоқыстар жиналды», — деген округ әкімі абаттандыру бойынша жұмыстар жыл бойы жалғасын табатынын жеткізді.
Кеңесте қаралған соңғы, төртінші мәселе – көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалуы болды. Бұл жөнінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Арман Сихимбаев, сондай-ақ Масаншы және Сортөбе ауылдық округтерінің әкімдері баяндама жасады.
Кеңес қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, жұмыстың жүйелі орындалуын қадағалауды тапсырды.