Қордайда қандай да бір ресми шара өтсе, оның жазбаша шежіресін аудандық газеттен оқисыздар. Ал сол шаралардың бейнелік көрінісін көпшілік әлеуметтік желіден көріп, оқиға атмосферасына еніп кеткендей күй кешетіні бар. Бірақ бейнекадр сыртында көзге көп көріне бермейтін бір маманның тынымсыз еңбегі жатыр. Ол – аудан әкімдігі мен аудандық газет парақшаларындағы сапалы бейнежазбалардың авторы, мобилограф БЕКЖАН ӘЛДИБЕК.
Бекжан Сәкенұлы бейнекамерамен алғаш танысқан сәтін ерекше ықыласпен еске алады:
– Әкем маған 10 жасымда алғашқы видеокамераны сатып әперді. Қуанышымда шек болмады. Сол күннен бастап барлық туыс, дос-жаран, ауыл көріністері менің камерама түсіп жүретін. Қолымда камера болса – мен бақытты бала едім. Осылайша бейне өнеріне деген алғашқы қадам сол кезде басталды, – дейді Бекжан күлімдеп.
Бүгінде оның Қордай ауданы әкімдігінде жұмыс істеп жүргеніне екі жылға жуықтады. Негізгі мамандығы – кино және телевидение операторы. Бұл бағытта Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Еңбек жолын үлкен экраннан бастаған ол бірнеше отандық сериалдарда оператор болып жұмыс істеген. Алғашқы жобасы – «Dastan media» киностудиясының «Жаңа қоныс» телехикаясы.
– Кино саласында жұмыс істегенде оператор тек түсіруге жауап беретін. Ал монтажды арнайы маман – монтажер атқаратын. Бірақ мобилограф болғаннан кейін барлық процесті өзім атқарамын. Бейнематериалды түсіріп қана қоймай, монтажын да жасап үйрендім. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе, – дейді ол.
Бекжанның айтуынша, сапалы видеоның негізі – жақсы кадр мен үйлесімді дыбыс. Осы екеуі үндессе, бейнеролик көрерменге әсер етеді. Бірақ әр видеоға уақыт тығыздығы қойылады. Бір күн, кейде екі күнге созылған шараны бір минуттық бейнеге сыйдыру қажет. Сондықтан да бұл – шығармашылықпен қатар шапшаңдықты, шешім қабылдай білуді талап ететін жұмыс.
– Қандай шара болмасын, сол күні, ізін суытпай жариялауымыз керек. Бұл – қазіргі медианың талабы. Сондықтан жылдам, әрі нақты монтаж жасай білу маңызды. Бейнежазбаның сәтті шығуы менің көңіл күйіме де байланысты. Кейде жаңа ауылдарға барғанда, бала күнгі естеліктер есіме түсіп, шабыт аламын. Жаным әдемілікті жақсы көреді. Камера арқылы сол сұлулықты жеткізуге тырысамын. Бұл – мен үшін өнер, – дейді кейіпкеріміз.
Ол аудандық іс-шараларды түсіргенді ұнатады, әсіресе саябақтарда, ашық алаңдарда өтетін концерттер көңілінен шығады. Еркіндік, табиғат аясындағы көріністер оған шабыт береді.
Бекжанның өмір жолында бағыт-бағдар берген ұстаздары да бар. Ең алғаш камера ұстауды ауылдасы – Тұрған Байсалов ағай үйретсе, өнер академиясындағы Ренат Қосай мен Геннадий Львович секілді тәжірибелі мамандардан теория мен кәсіби машықтарды үйренген.
– Мамандық таңдағанда жүрек қалауына ерген дұрыс. Мен осы саланы шын сүйемін. Қазір мобилография – аса қажет, сұранысы жоғары бағыт. Әкімдік болсын, жеке кәсіп иелері болсын – барлығы бейнематериалға мұқтаж. Егер камераға қызығушылығыңыз болса, қорықпаңыз, үйреніңіз. Өйткені біздің түсірген әрбір видео – ертеңгі күннің тарихы. Ол келер ұрпаққа мұра болып қалмақ. Сондықтан бұл салада жауапкершілік те үлкен, – дейді Бекжан жастарға жолдаған кеңесінде.
Кейіпкеріміздің кәсіби жолында түрлі қиын сәттер де болған. Соның бірі – көпке танымал «Томирис» фильмінің түсірілімі кезінде орын алған төтенше жағдай.
– Қапшағайда кино түсіріліп жатқан. Жазық дала, күн ыстық. Бір сәтте өрт шықты. Түсірілім алаңында 800-ден аса адам бар. Біз бәріміз жабылып, декорацияны, техниканы аман алып қалуға тырыстық. Өйткені декорация жанып кетсе, оны қайтадан қалпына келтіру үшін қанша уақыт жоғалтар едік. Ол сәт әлі есімнен кетпейді. Бұл салада әр күн жаңа сынақ, жаңа тәжірибе, – дейді ол.
Бекжан – тек кадр сыртындағы маман емес, ол – бейнеге жан бітіретін, оқиғаны сөйлететін, сәтті сездіретін шебер. 28 маусым – Байланыс және бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында осындай ізденімпаз, жанашыр мамандардың еңбегі бағалануы тиіс. Өйткені олар – тарихты таспалап жүрген шежірешілер.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ