Аудандық атқарушы орган жұмысының басты алғышарты — тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, қолдау, әрине, Президент атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын қатаң басшылыққа ала отырып әр тұрғынның тілегін, ұсынысын тыңдай білу.
Осыдан игілікті істер қолға алынады, атқарылады. Мәселен, Қордай ауданы аумағында орналасқан «Қордай» өткізу бекетіне қатысты көптеген мәселер айтылатын. Сол айтылған проблема аудан басшылығының араласуымен кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бір мысал, жаз айларында халықтың бекеттен өтуі кезінде кептеліс орын алатын, соның салдарынан ғимарат іші температурасы көтеріліп кезекте тұрғандарға, сонда қызмет ететін жандарға үлкен қолайсыздық тудырушы еді. Осыны ескерген аудан басшысының тапсырмасына сай аталмыш бекеттің екі залына үлкен кондиционерлер орнатылып, жайлы жағдай жасалған болатын.
Ал, жақында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың тікелей ықпалымен екі ел шекарасындағы ұзақ-сонар кезек пен кептелісті жою мақсатында электронды турникеттер орнатылды. Аталған шара өткізу процесін автоматтандырып, құжаттарды тексеру уақытын қысқартуға мүмкіндік бергенін ерекше атап өткен жөн.
Аталмыш шешім тұрғындар мен жүргізушілердің уақытын үнемдеуге, сондай-ақ бекеттегі жұмыс тиімділігін арттыруға септігін тигізуде. Сонымен қатар, мәселенің шешілуі – аудан әкімдігінің халықтың қажеттіліктеріне жедел назар аударып, нақты іс-шаралар қабылдау бағытында атқарып жатқан жұмыстарының айқын дәлелі.
Бұл аудан басшысының тұрғындармен әр кездесуінде көтеріліп жүрген сұрақтарының нақты шешімінің көрінісі.