«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» — МҮМКІНДІКТЕР ЖОБАСЫ

0

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында аудандық филиалдың қолдауымен аудан орталығының орталық саябағында айрықша жәрмеңке өтті.

Жәрмеңкеде мүгедектігі бар адамдардың қолынан шыққан қолөнер туындылары қойылды. Матадан, әртүрлі материалдардан жасалған түрлі мақсаттағы бұйымдар мен тағамдарды келушілер тамашалап, оң бағасын берді.

— Бізге осындай мүмкіндік жасаған аудан басшылығына, партия аудандық филиалына және қоғамдық бірлестіктерге алғысымызды білдіреміз, — дейді жәрмеңкеге өз бұйымдарын ұсынған қатысушылар.

Іс-шараның ашылу салтанатында партия аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов сөз сөйлеп, игі шараның мақсаты мен көздеген нәтижесі жайлы айтты.

-Жалпы, мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың жағдайын зерделеп, мемлекеттік қолдаумен қатар, күнделікті көмек көрсетіп жүрген қоғамдық бірлестіктердің жұмысын атап өткім келеді, — деді Бейқұт Тілепалдыұлы. – Бүгінгі жәрмеңке – партияның сайлауалды уәделерін орындаудағы нақты қадамдарының бірі. Біз мүгедектігі бар азаматтардың қоғамнан шет қалмауына, өз әлеуетін толық іске асыруына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – тек әлеуметтік жауапкершілік емес, бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы ортақ міндет.

Айта кетейік, жәрмеңкеге ауданның бірнеше ауылдық округтерінен қатысушылар болды. Әдемі бұйымдар мен дәмді тағамдар көрмесін тамашалауға келгендердің қатарында аудандық мәслихаттың депутаттары, бірқатар аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ жастар болды.

Жалпы алатын болса, ауданда мүгедектігі бар адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін үш қоғамдық бірлестік тіркелген. Олар «Мүгедектерді қолдау — Парыз» қоғамдық бірлестігі (төрағасы Б.Қарамолдаева), «Мүгедектерді қолдау — Сезім» (Н.Вебер) және «Мол нәсіп» ҚБ (Д.Жайлаубекова).

Аталған қоғамдық ұйымдар бала жастан мүгедектігі барларға, ересек мүгедектерге және жалғыз басты қарттарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қызмет алушылардың жасаған қолөнер бұйымдары мен тағамдарының жәрмеңкеге қойылуына бірден-бір себепкер болған осы бірлестіктер. «Мүгедектерді қолдау — Парыз» ҚБ «отар» аймағының азаматтарына қызмет көрсетсе, «Мүгедектерді қолдау — Сезім» — Қордай ауылын, «Мол нәсіп» — «колхоздар» және «совхоздар» аймақтарын қамтиды.

Қоғамдық бірлестік төрайымы Баян Нәзікеқызының айтуынша, мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да көмек дер кезінде көрсетілуде. Мүгедектігі бар жандар да қарап қалмай, көрпе тігіп, мал өсіріп, тәтті тағамдар әзірлеумен айналысуда.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.