Кейінгі буын заңгерлеріне өнеге

0

Прокуратура органдарының ардагерлері арасында өз саласына өшпес із қалдырған тұлғалар көп. Солардың бірі – аты аңызға айналған қайраткер, ел мақтанышына айналған Нұрғали Балдықбайұлы Смағұлов. Оның еңбек жолы мен тәжірибесі кейінгі буын заңгерлер үшін өнеге болып келеді. Нұрғали Смағұловтың қызметтік жолы еліміздің прокуратура тарихының маңызды тұстарының бірі саналады.

Биыл халқына қызмет етуді өмірлік мұрат еткен жерлесіміз Нұрғали Балдықбайұлы Смағұловтың туғанына 115 жыл толып отыр. Ол 1910 жылы 16 наурызда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ашаршылық салмағы ауырлаған 1929 жылдары Қасық ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген жас талапкер Алматы қаласына келіп, педагогикалық техникумда оқиды. Оқу орнын тәмамдаған соң Қазан қаласындағы Құрылыс институтына түсіп, кейін заң мамандығын игеруді мақсат етіп, заң факультетінде білім алады. Дәл осы қалада ол болашақ жары Мәрияммен танысады.

1937 жылы елге оралған Нұрғали Балдықбайұлы Семей қаласы прокурорының көмекшісі қызметінен кәсіби жолын бастайды. Кейін сот шешімдерінің орындалуын қадағалау бөлімінің бастығы, облыс прокурорының бірінші орынбасары, сондай-ақ КСРО Бас прокурорының кадрлар жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді.

1943 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданының прокуроры қызметіне тағайындалып, 1948 жылдан бастап Көкшетау облысының прокуроры міндетін атқарады. Бұдан әрі Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының прокуроры қызметтерін атқарып, 1971 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Ол прокуратура саласында 35 жылға жуық уақыт табанды еңбек еткен.

Ерен еңбегі еленіп, Нұрғали Смағұлов 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі атағын иеленді. Сонымен қатар 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі қажырлы еңбегі үшін берілген медальмен, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Қазақ КСР-ның 20, 40 және 50 жылдық мерейтойлық құрмет грамоталарымен марапатталды.

Зейнетке шыққаннан кейін де қоғам өміріне белсенді қатысқан Нұрғали Балдықбайұлы «Түркістан» қонақ үйінің директоры, кейін Суретшілер үйінің директоры қызметтерін атқарды. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін 38 жыл өткен соң оған жаңа үлгідегі генерал формасының табысталуы оның елге сіңірген еңбегіне берілген жоғары бағалау болатын.

Өмірінің соңына дейін парасатты, еңбекқор болмысымен ел жадында қалған Нұрғали Балдықбайұлы Смағұлов 2011 жылы 21 сәуірде, 101 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның ғибратты ғұмыры мен қызмет жолы жас буын үшін үлгі болып қала береді.

Сәуле Мурзакулова, аудандық тарихи – өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.