Құрметті қордайлықтар, қадірлі жерлестер!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – халқымыздың еркіндікке деген ұмтылысының, сан ғасырлық арманының орындалғанының нышаны. Тәуелсіздік – біздің бүгінгі бақытымыздың, ертеңгі үмітіміздің, мемлекетіміздің биік мәртебесінің негізі.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындап, саяси тұрақтылығы бекіген, экономикасы дамыған, мәдениеті өркендеген елге айналды. Әрбір жыл бізге тың серпін, жаңаша мүмкіндіктер, даму жолындағы жаңа белестер алып келді. Ұлттық тарихымызды қастерлеп, өткеннің сабақтарын есте сақтай отырып, біз бүгінгі жетістіктерімізді бағалап, келешекке сеніммен қадам басып келеміз.
Қазіргі таңда мемлекетіміз сындарлы реформалар мен нақты стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда. Бұл өзгерістер – жаңа Қазақстанды қалыптастырудың маңызды кезеңдері. Біздің қоғам алдында шешілуі тиіс жаңа міндеттер тұр, ал бұл міндеттерге қол жеткізу – бірлігіміз бен белсенділігімізге байланысты.
Құрметті қауым!
Тәуелсіздік – біздің ортақ мақтанышымыз, бірлігіміздің, татулығымыздың және еңбектегі табандылығымыздың жемісі. Отанымыздың амандығы мен елдігіміздің тұтастығы – әрқайсымыздың жүрегіміздегі ұлтқа деген сүйіспеншілігімізден басталады.
Еліміздің қуатын арттыруға, ауданымыздың дамуына, ұрпағымыздың жарқын болашағына үлес қосу – барлығымыздың ортақ парызымыз.
Осы мерейлі мереке әр шаңыраққа шаттық, береке, мол ырыс әкелсін! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елге тыныштық пен береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгі жасап, мемлекетіміздің мерейі үстем болсын!
Нұрдин Садықов, аудандық мәслихат төрағасы