«КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС»

0

4 сәуірде Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың тұрғындармен есеп беру кездесуі Қасық және Степное ауылдық округтерінде өтті. Алдымен Әлжан ана ауылы тұрғындарымен жүздесу мәдениет үйінде өтіп, тұрғындар алдында бір жылда атқарылған жұмыстары бойынша округ әкімі Айдын Асылбек есеп берді. Осыдан кейін дәстүрлі сұрақ-жауап бөлімі басталып, әр азамат тікелей сауал қоюға мүмкіндік алды.

Ауыл әкімі берген есепке аз-кем тоқталып өтсек.  4767 тұрғыны бар іргелі мекенде экономикалық белсенді тұрғындар саны 2643 адам екен. «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 13 азамат жас-тар тәжірибесінен өтіпті.  Сонымен қатар, 6 азамат 8,3 млн.теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашқан.

Айдын Асылбектің баяндамасында ауыл азаматтарының демеушілік көмегімен «Мектепке жол акциясы» бойынша 35 бала оқуға қажетті құрал-жабдықтарымен, 157 отбасы  азық- түлік себетімен, 106 отбасы мерекелік сыйлықтармен, 4 отбасы ақшалай көмекпен,  8 отбасы көмір, 7 отбасы басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілгені  айтылды. Былтыр Нұрақ Тлеубай, Домалақ ана және Абдуллин көшелері жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тұрғындардың 97 пайызы табиғи газға қосылған.

Кездесу барысында аудан басшысы биыл аталмыш округте қолға алынатын негізгі жұмыстарға тоқталып өтті. Олардың қатарында шағын футбол алаңшасын салу, ауыз су бойынша жұмыстарды жалғастыру және Мичурин көшесінен Бөлтірікова көшесіне дейін тротуар жасалмақ. Ол мақсаттарға қаржы қарастырылған. Ал, тұрғындар сұранысына сай Мичурин мен Тлеубай көшелерін жөндеуден өткізуге биыл қаржы қаралатын болады. Сметасын жасау үшін ауыл әкіміне тапсырма берілді. Әлжан ана ауылы азаматтары көтерген сұрақтар қатарында азаматтық ала алмай жүрген жандардың өтініші де айтылып, ол бойынша құқық қорғау органдарына тапсырма жүктелді. Сонымен қатар, тұрғындар мал суаратын орынның жоқтығын айтты. Су келетін дренаж арнасы бітеліп қалған. Ол бойынша аудан басшысы техника жіберіп, тазалауға көмек беретінін жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы мал өлексесін тастайтын орын бойынша проблема көтерілді. Ветеринариялық қызмет басшысының айтуынша ол жер қазір жабылған, өлексе тастауға болмайды. Бегзат Сейсенқұлұлы ауыл әкіміне ветқызмет және жер қатынастары бөлімімен бірлесе мал өлексесін тастайтын арнайы орын дайындау үшін жер қарастырып, сметасын жасауды тапсырды. Ал, оған аудан әкімдігі тарапынан қаржыландыру бойынша көмек берілетін болады. Кездесуде ауылдағы ұялы байланыстың нашарлығы сөз болды. Бұл сұраққа ауыл әкімі жақында «Билайн» операторының антенналары қойылатынын жеткізіп, ол бойынша барлық келісімдер жасалғанын жеткізді.

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков жалпы ауыл тазалығына мән беру қажеттігін баса айтып, сонымен қатар суармалы су бойынша биылғы жылы қолға алынып жатқан шаралар, «Ауыл аманаты» жобасы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде нақты түсініктемелер беріп, бірқатары бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.