КЕНЕН АУЫЛЫ ҮЗДІК АТАНУҒА НИЕТТІ

0

Жуырда Жамбыл облысы ауылдарының арасында «Үлгілі ауыл» байқауы жарияланған болатын. Ауыл тұрғындарының белсенділігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дамыту мақсатында қолға алынған байқауда әр ауданнан бір ауыл бақ сынайды. Онда арнайы құрылған комиссия қажетті нысандармен қамтылған, талапқа сай абаттандырылып, жасыл-желекке оранған ажарлы ауылды анықтайды. Байқауда ауыл азаматтарының туған жерін дамытуға қосқан үлесі де ескерілмек.

«Үлгілі ауыл» атануға үміттілердің бірі Кенен ауылы. Бұл ауданымыздағы табиғаты тамаша, шаруаға қолайлы жерлердің бірі. Бүгінде өнерімен елге танылып, ел арасында «киелі ауыл» атанған ауыл халқы төрт түлікті көбейтіп, егін шаруашылығын дамытып отыр. 3000-ға жуық тұрғын мекендейтін бұл ауылда бірлік пен ынтымақ жарасым тапқан. Ауылда туып, тәлім алып, өнер қайнарына сусындап өскен, бүгінде аттары елге танымал өнер жұлдыздары ауылдың өнері мен мәдениетін дамытуға үлестерін қосып келеді. 600 орындық жаңа мектебі, «Еркем-ай» және «Алтын бесік» атты балабақшалары бар мекенде балалар мен жастар үшін барлық жағдай жасалған. Ал, өткен жылы қолданысқа берілген су жаңа ауылдық амбулатория қызметкерлері жұмысына халық дән риза. Кезінде ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен бой көтерген «Кенен» мешіті бүгінде ауыл халқының рухани ордасы.

Жақсы үйден қонақ үзілмейді. Осы сияқты Кенен ауылына алыс-жақыннан келетін қонақтар көп. Меймандар алдымен Кенен Әзірбаевтың мұражайына бас сұғары сөзсіз. Кең алқапты алып, жасыл желегі жайқалған саябақ ішіндегі мұражайда ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлері көздің қарашығындай сақтаулы. Осылайша, үлгілі ауылға үмітті мекеннің бірлігі арқасында тірлігі тіктеліп, түрленіп келеді. Десе де, байқаудың өзіндік шарттары да жоқ емес. Онда ауылда абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы күшейіп, тұрғындар арасында қоғамға жат қылықтардан арыла отырып, ауызбіршіліктің арқасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүруі тиіс. Ауыл тұрғындарының татулығының арқасында құқық бұзушылық санының көрсеткіші өте төмен. Оған дәлел ретінде жыл басынан бері екі ғана қылмыстық іс тіркеліп, оның біреуі ашылып үлгерген. Бұл ауылдағы ақсақалдар алқасы мен билер кеңесі жұмысының жемісі деуге болады. Ал, абаттандыру жұмысы әрдайым жүргізіліп отырады. Мәселен, ауылға кіре беріс тұста жүзге тарта түрлі көшеттер отырғызылған. Мұндай жұмыс ауылдағы әрбір мекеме ауласында да жүргізілген. Ауыл тұрғындары ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, солардың күшімен барлық бағаналар мен ағаштар әктеліп, күл-қоқыстар толығымен шығарылған. Сондай-ақ, ауылдағы қайырымдылық шараларының үлесі де байқаудың шартында бар. Бұл мәселе бойынша арнайы ауыл әкіміне жолыққан едік. Н.Жаманкөзов ауыл азаматтарының қайрымдылыққа бүйрегі бұрып тұратынын айтады. Өткен жылы кәсіпкер азаматтың демеушілігімен аз қамтылған отбасыға үйдің кілті табыс етілген. Сонымен қатар, әкімдік пен ауыл жұртшылығының ұйымдастыруымен асыраушысынан айырылған бір отбасыға қайырымдылық қор арқылы үй алып берсе, тағы бір асыраушысынан айырылған отбасының үй құрылысына бір миллион теңге қаржылай көмек көрсетілген. Сондай-ақ, байқау шартында жастар мәселесіне де ден қойылған. Онда олардың бос уақытын тиімді пайдалану, өнерге, ғылым мен спортқа баулу мақсатындағы іс-шаралар да көрсеткіштер қатарына жататын болады. Бұл тұрғыда ауылда жұмыс жүйелі түрде жүріп келеді. Атап айтсақ, ауылда №1 балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы жұмыс істейді. Орталықта бүгінде 17 үйірмеде 529 бала білім алады. Олар түрлі іс-шаралар мен облыстық, республикалық байқауларға қатысып топ жаруда. Бұдан бөлек ауылда мемлекеттік гранттарға ие болып, өз кәсібін ашып, дөңгелетіп жатқандар да жетерлік.

-Үлкен азаматтардың игілікті істерін қазіргі уақытта жастар жалғастырып жатыр. Көптеген мерекелік шараларға ауызбіршілікпен жиналып, қаражатын жинап, атсалысады. Сосын өздерінің ауылына деген тартуларын жасап тұрады. Мысалға айтсақ, мектеп бітіруші түлектердің 30 жылдық, 20 жылдық кездесулері барысында ауылға көптеген игі істер жасалды,— дейді ауыл әкімі.

Аталмыш байқауда елді мекен тұрғындарының тұрмыс-жағдайына, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жұмыссыздардың деңгейіне де мән берілген. Осы ретте әкімдіктен алған ақпаратқа сүйенсек өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті 42 отбасы алған болса, биыл 5 отбасы ғана алған екен. Жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешімін тауып жатқанын осыдан-ақ ұғуға болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда ауылда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ауыз су мәселесі шешімін тауып, бүгінде ескі құбыр жүйелері ауыстырылуда. Бұл жұмыстар қыркүйек айында толығымен аяқталмақ.  Округте 86 шаруа қожалығы тіркелген. Олар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, ауылда тұрғындар үшін 7 дүкен жұмыс жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, жақында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қордай көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Міне, осылайша үлгілі ауылға үмітті ауыл жұрты байқау алдындағы дайындығын пысықтауда. Байқау шарты бойынша арнайы құрылған топ мүшелері әр ауылға баратын болады. Онда олар шарт бойынша атқарылған жұмыстарымен танысады. Сондай-ақ, ережеде көрсетілген критерийлер бойынша бағалау жүргізіп, жеңімпаз ауылды таңдайды. Байқау қорытындысы қараша айында белгілі болады. «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйақыға ие болады. Тағы бір айта кетерлігі жеңімпаз атанған ауылдарға берілетін сыйақы сол ауылдың көгалдандырылуы мен абаттандырылуына жұмсалады. Ендеше үлгілі ауылға үмітті Кенен ауылына сәттілік тілейміз.

Мадияр ҚАРАБАЕВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.