Кенен ауылы облыс бойынша үздік шықты

0

Жақында облыс әкімінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған әр ауданнан бір-бір ауылдан қатысқан болатын. Ауылдың экономикасының өсуі, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, ауыл жұртының бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқау қорытындысы бойынша Қордай ауданындағы Кенен ауылы үздік шығып, бірінші орынды иеленді.

Үздікке үмітті облыстағы барлық ауданды арнайы құрылған жұмысшы топ осыдан біраз уақыт бұрын аралап, өзара екшелеген еді. Енді міне, Қордайдағы киелі Кенен ауылы осы атаққа лайық деп танылыпты. Байқау аясында арнайы құрылған жұмысшы топтың қорытынды хаттамасына сәйкес жеңімпазды облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев атап өтіп, бірінші орынды иеленген ауылды және өзге де жүлдегер атанған округтерді ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай марапаттауды ұйымдастырушыларға тапсырды.

Ел арасында киелі ауыл атанған Кенен үлгілі ауылға әбден лайықты десек артық айтпаспыз. Өнерлі ауылдың бір-бірімен туғанындай араласатын тұрғындарының ауызбіршілігі әрдайым ел аузында. Қазақи дәстүрді жоғалтпай, салтын сақтаған ауылдардың бірегейі. Табиғатына сән берген Қордай асуының етегі мен таза ауасы.

Көп ұзамай кенендіктер «көгілдір отынның» қызығын көрмек. Бүгінде газдың ауылішілік желілері тартылып тасталған. Сондай-ақ, жаңа ауыз су жүйесі жүргізілуде. Сал серілердің соңғы тұяғы деп аталатын Кенен Әзірбаевтың мұнда үлкен мұражайына еліміздің әр аймағынан саяхаттап келушілер көп. Музейге алыс-жақыннан жылына бес мыңнан астам адам келеді екен. Ауылда су жаңа дәрігерлік амбулатория, «Еркем-ай» мен «Алтын бесік» атты балабақша жұмыс жасайды. Ауылдық Мәдениет үйінің жұмысы оңды жолға қойылған. Қос қабаттан тұратын ғимаратта ауыл өнерпаздарының жұмысы қызу. Мұнда әжелер ансамблі, вокал, қолөнер сынды өзгеде үйірмелер жұмыс жасайды. Ал, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жас буынды өнер мен спортқа баулуды білікті мамандар қолға алған.

Округтің экономикалық көрсеткіштері және инфрақұрылымы-ның дамуы да жаман емес. Ауыл шаруалары мал басын өсіріп, диқандары жаңа техникаларды игеруде. Ауылда субсидиямен алынған түрлі жаңа техникаларды байқауға болады.

Облыс бойынша үздік атанған Кенен ауылын құттықтаймыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.