Кең даладан дарқандықты бойына сіңіріп өскен халқымыздың көптеген асыл қасиеттері бар. Жетімді жылатпай, жесірге қамқор көрсетіп, қарияларды қадірлеп, аналарды ардақтайтын қазақ қазіргі кезде де осындай қасиеттерді бойынан жоғалтпады. Қай кезде де көмекке зәру адамға мейірбандық танытып, ағайын-туыс, ауыл жұрты қолындағы барымен бөлісетін. Осындай асыл қасиетті ту еткен Кенен ауылының тұрғындары бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешіп келеді.
Ауыл жұрты ортаға ақша жинап, мешіт жанына асхана салған. Мектеп бітіргендеріне он, жиырма жыл болған түлектер орталық алаңда сахна, спортпен шұғылданатын алаң және сол сияқты қараша халыққа қажеттінің біразын жасап қойды. Сонымен қатар, кенендіктер көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық жасауды да ұмытпайды. Биыл қайырымдылықты жанымен сүйетін жастар қауымы Сайлаукүл Малайсариева есімді азаматшаға қолдау көрсетуге бел буады. Малайсариева бірінші топтағы мүгедек, көз жанарынан айырылған. Оған қолындағы жалғыз қызы қарайласып, бірге тұрады. Құлауға шақ қалған олардың баспанасы жанынан ауыл жастары жаңа үй салуда. Бүгінде қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылып, есік-терезесі орнатылған үйге енді ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары қажет. Жүз шаршы метрді құрайтын үйде бірнеше бөлмесі бар, жайлы өмір сүруге жағдай қарастырылған.
— Осы үйді салуға атсалысқан барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Енді әрлеу жұмыстары аяқталса, қоныс тойын тойлаймыз, — деген кейуана қуанышын жасырмады.
Қайырымдылық іске ауылдың 1970-1999 жылдары арасында туылған азаматтар атсалысуда. Осы уақытқа дейін жиналған қаражатқа үйі көтерілсе, енді әрлеу жұмыстарына шамамен 3 миллион теңгедей қаражат қажет. Әзірше қаражаттың жетіспеулігінен жұмыс тоқтап тұр. Осы орайда қор өкілдері барша қордайлықтарды қайырымды істен қалыс қалмай, өз үлесін тигізсе деген тілегі бар. «Кең болсаң, кем болмайсың», дегендей сауапты іске атсалысам дегендерге жол әрдайым ашық.
Еркін ҚАТБЕКОВ