Жақында Кенен ауылындағы №42 орта мектепте мектеп кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жомарт түлек» жобасы бойынша ауыл тумасы, белгілі журналист Ақын Ордабайұлымен кездесу өтті. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысқан келелі кездесу көңілден шықты.
Қазақстан Ұлттық телеарнасы және СТВ телеарналарында, «Ұлан» газеті, «Алтын бесік» журналы және «Өнер» баспасында қызмет атқарған журналист еселі еңбегінің арқасында көптің көңілінен шығатын бағдарламалардың жүргізушісі ғана болып қоймай, қаламы қарымды тілші ретінде танымал. Журналистің Яхонтов атындағы халықаралық «Сөз өнері» байқауының жүлдегері (Ленинград 1990ж), С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2004 ж) атануы осының айғағы. Әдеби публицистикалық «Жақсылыққа жарасады жақсылық» және «Рәпия» атты деректі екі кітаптың авторы ретінде қарымды қаламгерлік қырымен де танылған.
Ақын Ордабайұлының әсіресе қазақ спортын дамытуға қосқан үлесі зор. «Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының» ақпараттық жетекшісі болып 20 жылдай еңбек атқарған. Сонымен қатар, Қазақ күресінен тұңғыш рет ашылған «Kazah-kures.kz интернет сайтының авторы және қазақ күресінен ағылшын және қазақ тілінде жарық көрген «Kazah-kures» журналының бас редакторы, авторы. Талай ауыл баласының үлкен спортқа жетуіне себепкер болған «Ауыл спорты» телебағдарламасының авторы. «Қазақ күресіне қосқан зор үлесі үшін» медалінің журналистер арасында алғашқы иегері, «Динамо» спорт қоғамы медалінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Ел егемендігінің алғашқы себепкері болған Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы.
Кездесу барысында Ақын аға өзінің өмірі мен еңбек жолы, алдағы жоспарлары турасында сөз етіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ақын Ордабайұлының әкесі Ордабай Сәдібеков ақсақал Ұлы Отан соғысы ардагері болған, ал анасы Рәпия Халықова Қазақстан бойынша алғашқы әйел киномеханик болып, бүгіл елімізге аты танымал жан еді. Ақын ағаның Рәпия кітабы сол анасына арналған болатын. Бүгінле анасының атын жерлестері жадында мәңгі қалдыру мақсатында әрі құрметі ретінде ұлы бірқатар жоспарларды қолға алуда. Сол турасында да кеш барысында айтылды. Кездесу соңында журналист өз қолтаңбасы бар кітаптарын беріп, естелік суретке түсті.
Кенен ауылындағы кездесу
Prev Post
Next Post