Кенен ауылында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер игі бастама көтеріп, туған ауылдарына «Естелік аллеясын» тарту етті. Жерлестерімен жүздесіп, өткенге тағзым еткен түлектер ауыл ажарын аша түсетін жаңа тыныс сыйлады.
Алаңның ашылу салтанатына ауыл әкімі А.Жылыбаев, ел ардақтылары, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Салтанатты жиында ауыл басшысы түлектерге алғысын айтып, мұндай игі істердің өскелең ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.
Аллеяда демалуға және серуендеуге қолайлы жағдай жасалған. Аумағына сәнді орындықтар қойылып, түнгі жарықшамдар орнатылған. Сондай-ақ, қоршаған орта көркіне көрік қосатын сәндік ағаш көшеттері отырғызылып, аллея жасыл желекке бөленді.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары түлектердің бұл бастамасына ризашылықтарын білдіріп, туған жерге деген перзенттік парыз осындай іспен өлшенетінін айтты.