Кенен – келісім мекені

0

Қазақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асар дәстүрі Қордай ауданында кеңінен көрініс тауып келеді. Бұл – халқымыздың бірлігін, ынтымағын айғақтайтын жарқын үлгі. Соның дәлелі ретінде Кенен ауылында елді қуантқан игі іс жүзеге асты.

Жуырда ауылдың 1979–2001 жылдары туған азаматтары бас қосып, қаражат жинап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, 80 жастағы Нәсіпті Әжікеноваға жаңа үй салып берді. Құрылыстың әр кезеңінде ауыл жастары бір кісідей атсалысып, кірпішін қалаудан бастап, жұмыстың бар ауыртпалығын бірге көтерді. Осылайша көптен күткен қуаныш орындалып, ақ жаулықты ананың жаңа шаңырағы бой көтерді.

Жаңа үйдің кілті Нәсіпті әжеге салтанатты түрде табысталды. Қуанышты сәтке ауылдастары түгел жиналып, ортақ қуаныштарын бөлісті. Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ақ тілегін білдіріп, ауыл азаматтарының ұйымшылдығына ризашылығын жеткізді.

Сонымен қатар, игілікті істің басы-қасында жүрген белсенді азаматтарға Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыстады. Атап айтқанда, ауылдастарымен бірге асарлатып үй салуға азаматтық белсенділігі үшін Бекен Алпаров аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Нұрлыбек Дүйсеғали мен Аят Сегізбаев алғыс хатпен марапатталып, ел ықыласына бөленді.

Ауыл ақсақалдары да бұл қайырлы бастаманы жастарға үлгі етіп, асар дәстүрінің жалғасын тапқанына қуанып, ақ баталарын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.