КЕНЕННІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ, ДАРАЛЫҒЫ

0

Биыл Алатаудың ақиығы атанған, дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, ұлт мақтанышы Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толып отыр. Ұрпағына баға жетпес мұра қалдырған ақын бабамыздың мерейтойын тойлау республика бойынша барлық нысандарда аталып өтуде. Осы орайда біз де қалам тербеп, Кенен атамыздың әншілік қырынан ой қозғағанды жөн көрдік. Жалпы ән – халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған рухани қазынасының төл басы. «Жақсы ән – жан азығы» дейтін қазақ жақсы ән естілсе, ішкен асын жерге қояды. Қазақ халқының өмірінде ән араласпайтын жері жоқ. Қазақтың осындай асыл қасиетін қастерлеген Кенен Әзірбаев:

Мал да сол, байлық та сол — әнім болса,

Әніме жарастықты сәнім болса…

Біле ме түсінбеген әннің парқын,

Ән үні естіледі оған салқын – деп бекер айтпаған. Осы орайда ақынның ойымен орайласар ғалым Ж.Өміржанованың пікірін келтіргенді жөн санадық: «Әр дәуірдің талғамы бөлек болғандықтан, тыңдаушысы да түрлі дәрежеде, бірақ ел-жұртқа, халыққа, ұлтқа мәселелер қашан да көкейкесті».

Ж.Кәрменовтің: «Құлағы өзінен қырық жыл бұрын туған» зерделі, саналы Кенен, өз төңірегінен алыстап шығып, исі қазақ даласының ән дариясынан жүзіп ішті. Біржан мен Ақанның, Мұхит пен Әсеттің халық жүрегін тербетіп бірге жасасқан ән-жырын Алатауға әкеліп жаңғырықтыра шырқады. Әншінің көкірегі алтын сандық. Ол бойына тек жақсылық қана жинайды. Асыл мен жасықтың құнын біледі. Әнші Кенен сөз өнерінің құдіретіне де мейлінше ден қойған. Ел мен жердің тарихын, ерлік, батырлық жайындағы жыр-дастандарды жаттап, ақындық, шешендіктің үлгілерін үйренеді. Сөзбен ұстасқанды сүріндіріп, өлеңмен қағысқанның қапысын табады», — деп бағалағанындай, Кенен шындығында да сегіз қырлы, бір сырлы, білгені мен түйгені мол, әнді де, жырды да тең меңгерген, қазақпен қоса, туысқан қырғыз халқының өнерін де тел емген саналы саңлақтардың бірі еді. Кенен Әзірбаевтың музыкалық мұрасының жиналу тарихы музыка зерттеуші, этнограф А.В.Затаевичтің қызметімен байланысты. Ол өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» (1963) жинағында Ораз Жандосовтың орындауынан Жетісу өңірінің бір топ әндерін жазып алды. Міне, Ораз Кененнен естіген едім деп «Сарыбас» әнін нотаға түсіртеді. Академик А.Жұбанов түрлі зерттеулерінде әнші-композитор жайында беделді пікірлер қалдырды. Кененнің шығармаларын жазып алып, хор, оркестрге түсіріп гармониялаған композиторлар Е.Г.Брусиловский, С.Шабельский, Л.Хамиди, Б.Ерзакович еңбектерін атап өту керек.

Бұдан кейінгі мезгілде әншінің музыкалық мұрасын хатқа түсіріп жинақтап, насихаттауда елеулі еңбек сіңірген белгілі музыка қайраткері, профессор Б.Ерзакович. Оның нотаға түсіруімен және алғы сөздер, ғылыми түсініктермен берілген әншінің қолтума шығармалары – «Кененнің әндері» (1955), «Қазақстанның халық әндері» (1955), «Қазақстанның советтік халық әндері» (1959), «Өмірімнің әндері» (1961), «Қазақ халқының ән мәдениеті» (1966) деген кітаптарында жарық көрді. Кенен ән, күйлерінің бір тобы 1977 жылы «Бозторғай» деген атпен жеке кітап болып шықты. Алғы сөзін жазған Б.Ерзакович. Құрастырып, түсініктерін жазғандар Т.Кененқызы мен А.Серікбаева. Бұл еңбектің құнды жағы барлық шығармалардың шыққан мезгілдерін хронологиялық тәртіпке салып, олардың шығу тарихына, оқиғасына байланысты ғылыми түсініктермен қамтылғандығы. Мұнда бұрын еш жерде жарық көрмеген біраз әндер мен күйлердің нотасы алғаш рет жарияланған. Өзіміз күнде естіп жүргендей, Кененнің әндері халық арасында түрлі нұсқалармен айтылып келеді. Әндердің музыкалық жағы ғана емес, сондай-ақ өлеңдері де түрлі өзгерістермен орындалады. Бұл автордың мезгіл-мезгіл төл шығармаларына қайта оралып қарап, кейбір жаңа өзгертулер енгізуінің әсері болса керек. Және кейбір әншілердің шеберліктеріне қарай әннің музыкалық бояу, нақыштарымен бірге өлеңдері де түрліше реңге ие болып, өзгеріске ұшырайды. Әсіресе, әннің қайырмасындағы өлең мәтіндерінің өзгертіліп айтылуы жиі кездеседі. Кенен әндеріне «халықтікі» деген де айдар тағылып жүр. Мұндай жағдай Кенен музыка мұрасының шындығында да халықтық сипат алып өрістегенін көрсетсе керек. Ол жөнінде Кененнің тоқсан жылдық тойында Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Қырғыз елі Сізді өзінің таңдаулы ұлдары, өзіңізбен замандас, үзеңгілес, дастархандас болған, Жетісудағы қырғыз-қазақ жерін бірге аралаған Оспанқұл, Әлімқұл атай, Халық және басқа да бұлбұлдай сайраған ақындарындай көреді, біз Сізді өнердегі асқар Алатауымыз деп есептейміз», — деді.

Халық композиторы К.Әзірбаевтың әндері мазмұны тұрғысынан, жанрлық жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Қысқа-қысқа қайырылатын терме сарынынан бастап, кең тынысты созылмалы әндері де бір төбе. Олар идеялық мәнділігі, тақырыптық байлығы жағынан әр алуан. «Жүйрік дүбірге қызады» демекші, Кенен ән-өлеңдерін халықтың бас қосқан үлкен жиын-тойларында шығарған. Шығармаларын ел аралап жүріп насихаттап отырған. Оның 1920 жылдарға дейінгі шығарған әндерінің біразы ұмытылып та қалғаны белгілі.

Кененнің алғашқы кезеңдегі туындыларының қамтыған тақырыбы негізінен жеке басы төңірегінде өрбіп, тар заманның мұңы мен ащы зары, жоқшылықтан көрген қорлығы мен зорлығы тілге тиек етіледі. Олар – «Ри, қойым», «Бозторғай», «Көпшілік көрсін әнімді», «Түйе тыныс», «Тік шырқау», «Ой, жайлау», «Қызылқайнар», «Мөртай сұлу» тәрізді әндер. Аталған әндердің әрқайсысының өзіне сай шығу тарихы бар. Мәселен, «Түйе тыныс» әнінің шығу тарихы туралы Т.Кененқызы «Бозторғай» жинағында берген түсінігінде: «Ел аралап, ән салып жүрген Кенен өзінің туған жері Мәтібұлақтан бастап заңғар биік Алатаудың жайлауларындағы елдерді аралайды. Осындай бір күнінде Кенен «Жауыркезең» деген биік жайлауға бет алып көшкен елге кездеседі. Бұл жерде тау басына көтерілудің қиындығы сондай, көшкен ел тастан қаланған текпішектерге дембіл-дембіл  түйелерін шөгеріп, тынығады екен. Осындай түйелерін тынықтырып, дамылдап отырған көшке кездескен ақын шаршаған елдің көңілін көтеріп, ән шырқайды. Әннің «Түйе тыныс» деп аталуы да сондықтан», — дейді.

Сонау 1910 жылы дүниеге келген «Ой, жайлау» әні уақыт озған сайын жаңа туғандай құлпырып келеді. Әннің әуені өзгермегенімен оның сөздері бірнеше нұсқалармен айтылып жүр. Бұл әншілердің орындауына байланысты болса керек. Ән мәтіндері кезінде ән, өлең жинақтарында, кітаптарда жарық көргені белгілі.

Ой, жайлау, шөбің шүйгін, суың дәрі,

Болады халқыменен ақын сәні.

Беретін әнге шырқап ортаңызда,

Жиналған елім-жұртым жас пен кәрі – дейтін ақын

халқымен мақтанып, туған жері мен елдің табысын әнге қосып шырқады.

Кененнің композиторлық шығармашылығынан елеулі орын алатын ән «Базар, Назар» деп аталады. Бұл жоқтау сарынында шығарылған, естіген жанның сай-сүйегін сырқырататын әсерлігімен ерекшеленеді. Әннің шығуы жайында Т.Кененқызы: «1928 жылы Кенен арнаулы тапсырмамен Шу бойындағы көршілес  қырғыз жерін аралап жүргенде, үйдегі Базар, Назар деген екі бірдей ұлы қайтыс болады. Бұлардың алдында да Зұлхия, Қырғызбай, Тұрсын, Тұрар деген ұл-қыздарынан айырылған ақын жанына, әсіресе, мына Базар, Назар өлімі қатты батады. Егде тартып, ел ағасы болған шағында кездескен бұл қайғыдан ақын көпке дейін арыла алмайды.

Көктемнің тамаша бір күнінде ақын іштегі шерін таратпақ болып, ауыл қасындағы кішірек төбеге шығып, айнала төңірекке көз салады. Қозы-лақты жамыратып кешкі қора-жай, отын-су қамында жүрген ауыл адамдарының қарекетін көріп, кешкі ауыл көрінісін тамашалайды. Осы заматта лақтарын іздеп, ана қойға бір, мына қойға бір жүгіріп, дамылсыз маңырап жүрген ақ ешкіге көзі түседі. Бұл көрініс қам көңіл ақын жүрегін тағы елжіретіп жібереді. Ақынның көзіне жас, көңіліне ән келеді. Базары мен Назарын жоқтап, зарлап отырған ақын төңірегіне ауылдастары түгел жиналады. Кенен ұзақ уақыт зарлап, жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратады, талайлардың көңілін босатады. Халық көңілінен шыққан бұл ән ел арасына тез тарайды. Әннің кейде «Ақ ешкі» деп аталуы да осыдан», — дейді.

Кененнің ұстаздарының бірі – жыр алыбы Жамбыл шәкіртінің рухани талабының жан-жақты өсіп, жетілуіне үнемі қамқорлық көрсетіп, қолынан келгенін аямайды, дуалы өлеңмен демеп-жебеп, қуанышына да, қайғысына да әрдайым ортақтасып жүреді. Осы жөнінде Кенен: «Базарым, Назарым шетінеген жиырма сегізінші жылдың күзінде Алматы базарына бардым. Бір топ базаршылардың  ортасында тұрған Жәкең мені анадайдан тани кетіп, «Кененбісің?» деп қасыма келді. Бас-аяғыма бір қарап алды да:

Ер жігіт десем, ез құсап,

Мойып қапсың сылқиып.

Қой, ойлама уайым.

Туарыңды ұрайын,

Тағы да табар жұбайың.

Түбін берсін ылайым, — деп көңілімді бір жұбатып тастаған еді.

«Бір жаманшылықтың бір жақсылығы бар, бір қайғының бір қуанышы бар», — дегендей, келесі жылдардың жазында Кенен үйіне қуаныш келеді, жұбайы Насиха ұл табады. Осы хабарды естіген Жамбыл кідірместен Қордайға жетеді. Үйге ене берген ол: «Кененім, келіп қалдым қуанған соң, тұйғының үйрек, қаз бен қу алған соң, келінжан, бата берем, қолыңды жай, құдайдан өлгенің құн алған соң», — дейді де, былай деп бата береді:

Құтты болсын – Көркемің,

Өсе берсін өркенің.

Кененнен тудым дейтіндей,

Ұлы болсын өлкенің…

Бұл бата сөзді Кенен арнаулы әнмен айтатын».

Ақынның  өнер тақырыбындағы шығармаларынан өнердің адам өмірінен алатын орны ерекше екендігі білінеді. Бала – болашақ, өмір жалғасы. Бала — ата-ана қуанышы, үміті. Ең нәрлі жыр шумағын ақын өз перзентіне арнайды. Ол баласына арнаған өлеңдері арқылы барлық әкелердің жүрегіндегі сырды дөп басып айтқан. Шығармалары – қысқа да шағын. Олар жаңа дүниеге келіп, аяғын апыл-тапыл баса бастаған бала өміріне арналған әке толғаныстары өлеңдерді бір-біріне жүйелеп тіркесе, перзентке арналған шағын поэма болып шығар еді. «Сен туып ең Жамбылдың батасынан, Суырып әпергендей қалтасынан», – деуі баласының туған елдің үмітін ақтайтын, соған қызмет ететін азамат болуын  тілегендіктен айтылған. Балаға бағыт-бағдар, басшылық болмаса, талап қоюшылық болмаса, өз бетімен жағымсыз қылықтарға икемделіп кетуі мүмкін. Әділ де қатал жауапкершілік – еліне лайық ердің тәрбиеленуіне ол көмегін тигізеді. «Адам бол, жігерлі бол қырық бұраудай, Мінезің жұмсақ болсын май сылаудай», – осы сияқты басқа да көптеген өлеңдерінде адамгершілік, адалдық, кішіпейілділік, т.б. моральдық мінез-құлықты бала бойына сіңіруді талап-тілек еткен. Кенен бұл аталған  шығармаларымен  оқушы назарын  бала тәрбиесіне терең мән беру керектігіне аударады. Профессор З.Қабдолов: «Өмірде де, өнерде де талай жаңалық болған, болып жатыр һәм бола бермек. Бірақ жаңалық – дәстүрді жалғастыра алса ғана жаңалық», — дейді. Біздіңше, Кенен жаңалығы, даралығы – ақындық дәстүрге ән мен жырдың қосыла өрілген лирикалық сезім иірімдерін, көңіл шалқуының тасқындауы қуатына әкеліп, тыңдаушы атаулыны жайма-шуақ қалыпта емес, үнемі романтикалық өршіл сезім дауылымен тебірендіретіні. Кенен ақындығының алтын арқауы, әшекейлі өрнегі — ән мен жырдың импровизация құдіретімен қосыла суарылып туатыны.

Айгүл ӨТЕН, Филология ғылымдарының кандидаты, кенентанушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.