КЕШЕГІ ӨТКЕН КҮН – БҮГІНГІ ТАРИХ. 1982 ЖЫЛ

0

1982 ЖЫЛ. «ҚОРДАЙ ШАМШЫРАҒЫ» ЖАРЫҚ КӨРЕ БАСТАҒАНЫНА 50 ЖЫЛ ТОЛҒАН. 30 ҚАЗАН КҮНІ АУДАНДЫҚ БАСЫЛЫМ ӨЗІНІҢ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ГАЗЕТІН ҚОСЫМШАСЫМЕН БІРГЕ ШЫҒАРЫП, КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІПТІ. ҰЗАҚ ЖЫЛДАР КСРО БАСҚАРҒАН ЛЕОНИД БРЕЖНЕВ ДӘУІРІ ТУРА ОН КҮННЕН СОҢ СОҢЫНА ЖЕТЕДІ.
Ал, ауданның тыныс-тіршілігі, адамдардың өмірі мен жұмысы аудандық басылымның 50-ші жылғы жылнамасында әдеттегідей жүріп жатты. Арада тағы он жыл өткенде Кеңес дәуірі де аяқталатынын ешкім білген жоқ.
Бұл бір тарихи даталар. Өткен шақ. Аудандық басылым өзінің елу жылдығын атап өткелі де қырық жыл өтіп кетті. «Қырық жыл қазан, елу жылда ел жаңа» деген де осы болар. Газетіміздің 90 жылдық мерейтойында басылым тарихына шолу жасап келе жатырмыз. Бүгін сол 1982 жылдың қазан айында жарық көрген мерекелік шығарылым туралы сөз қозғасақ. №130 газет 30-шы қазан, сенбі күні жоғарыда атап өткеніміздей қосымшасымен бірге жарық көріпті. «Баспасөз социалистік құрылыстың құралы болуы тиіс», — деп газеттің бірінші бетінің ең жоғарғы бөлігіне қызыл әріппен Лениннің сөзі жазылып, суреті қоса беріліпті. Негізінен бірінші бет құттықтауларға арналған. Басты құттықтау, әрине, Қазақстан Компартиясы Қордай аудандық комитеті мен халық депутаттары аудандық советінің атқару комитеті атынан берілген. Сонымен бірге сол кезде аты дүрілдеген «Қазақстан коммунисі» журналы мен СССР Журналистер одағы Жамбыл облыстық ұйымының бюросы, облыстық «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жол» газеті ұжымының құттықтаулары қоса жарияланған. Төменгі жағына «Коммунистический» колхозының председателі И.Манезовтың «Қаламдарың мұқалмасын» атты құттықтауы да жарық көріпті.
Ал, газеттің 2-3 айқарма беттері «Елудің белесінде жарқырады, міне бүгін «Қордайдың шамшырағы» атты айдармен басталып, газет редакторы А.Андреевтің «Жарты ғасыр шежіресі» атты газет тарихына бойлай жазған көлемді мақаласы ұсынылған. Сондай-ақ, газеттің «Екпінді» аталып тұрған 1942-43 жылдардағы шағын мақалалардан үзінділер де келтірілген. Екінші бетінде СССР Композиторлар одағының мүшесі, доцент Ө.Байділдаевтың, байырғы тілші, соғыс және еңбек ардагері Ә.Әбдірайымовтың, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Н.Байділдаевтың құттықтау хаттары мен естеліктеріне де орын берілген. Екінші беттің төменгі жағында газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі В.Бочковтың жұмыс барысында түсірілген суреті тұр. Құттықтаулар легін үшінші беттен де байқауға болады. Онда атақты математик, академик М.Өтелбаевтың, жазушы С.Сарғасқаевтың газет ұжымын құттықтаған ақжарма тілектерін оқуға болады. Ал, жазушы Жақан Сатаевтың «Ұшқан ұя» атты естелік мақаласы «Қордай шамшырағында» еңбек еткен жылдары туралы айтылады. Газеттің үшінші бетінде «Автордан оқырманға дейін» атты фоторепортаж берілген. Жұмыс барысындағы суреттермен көмкерілген бұл мақалада редакция қызметкерлерінің әр еңбек күні қалай басталады, қалай өрбиді, кім немен айналысады, жалпы газет оқырманға қалай жол тартады, сол турасында айтылған. Орыс тілінде жазылған мақалаларды қазақшаға аударуда Қ.Мұқамеджановтың шеберлігі, тәжірибелі машинистка Б.Байғасқаеваның әп-сәтті мақаланы теріп шығуы, жауапты хатшы Қ.Әлімжановтың газеттің тартымды болып шығуына барын салуы, белгіленген материалдарды баспаханаға аттандыратын линотипист мамандар Л.Зинченко, Н.Черноколаевалардың өте мұқияттылықты талап ететін еңбектері, бет жасаушы В.Юркова, қате кетпеуін қатаң қадағалайтын корректор В.Чапаева, бет қарасушылар А.Бедеева, З.Әміржановалар жұмыстары, басушылар ерлі-зайыптылар В.Боков пен Н.Бокова, Б.Медетбековтердің лайықты еңбегі туралы айтылады. Ал, аталмыш беттің суреттерін сол кезде танымал фототілші А.Есмағанбетов түсіріпті.
Газеттің төртінші беті әдемі фотоэтюдпен басталып, онда сонау 1939 жылы «Екпінді» атанып тұрғанда жазылған мақалалардан үзінділер келтірілген. Одан кейін Қ.Мақамеджановтың, Б.Тәжімбетовтың, Қ.Иманбетовтың әдемі қалжыңға толы әңгімелер мен сықақ өлеңдері басылған. Ал, газет паспортында адресі Қордай ауданы, Георгиевка ауылы, Коммунист көшесі №19 үй деп берілген. Редактор, редактордың орынбасары, партия бөлімі, жауапты хатшы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, әдеби қызметкерлер бөлімі, бухгалтері мен корректорлардың жұмыс телефондары жазылып, аптасына үш рет шығатын газеттің тиражы 1511 деп көрсетілген.
Енді сол күні шыққан газеттің қосымшасына аз-кем тоқтала кетсек. Қосымшаның бірінші беті ресми құттықтауларға арналса, екінші бетіне жазушы М.Сқақбайдың, Алматы қаласының Москва аудандық комитетінің бірінші хатшысы В.Зориннің құттықтаулары қатар берілген. «Шежіре сыр шертеді» атты айдармен үшінші бетте газет тарихының маңызды әр жылдары туралы айтылып, астына М.Өтелбаевтың құттықтауы қолжазба ретінде суретімен басылыпты. Ал, 4-5 беттерде Жазушы С.Сарғасқаевтың, ақын Р.Қунақованың, жазушылар Ә.Көпішевтің, Н.Дәутаевтың, Ж.Сатаевтың құттықтаулары беріліп, 30-шы жылдары аудандық басылым бетінде жарық көрген мақалалар үзіндісі мұнда да келтірілген. Қосымшаның 6-7-8 беттеріне сол кездегі редакция қызметкерлерінің фотолары беріліп, редактордың орынбасары Ж.Көпбаевтың «Жаңалық жаршысы» атты мақаласы жарияланған. Сондай-ақ, ұзақ жылдар баспахана меңгерушісі болған Н.Үкібасовтың «Біздің үлесіміз «атты шағын мақаласы жарық көрген. Ал, 9-шы бетте «Тілшілер тірегіміз» атты айдармен селолық тілшілер қауымы туралы сөз қозғалған. 10-11-12 беттерді газет шығарудағы күнделікті жұмыс барысы суреттелген фоторепортаж берілсе, 13 бетте «Кенекең бізге келгенде» атты мақала атақты ақынның «Қордай шамшырағы» атты өлеңімен қоса беріліпті. Қосымшаның 14-15 беттері достық, әріптестер арасындағы әзілге арналған. Мерекелік шығарылымда қазақ-орыс тілдерінде әзіл-оспақтар қызметкерлердің карикатураларымен басылыпты. Қосымша газеттің соңғы 16-беті көрікті фотоэтюдпен қатар, әдемі өлеңдер мен езу тартар қалжыңдарға да арналыпты. Мәселен, соңғы беттің ең төменгі айдарында «Ауа райы» деген орында «Бүгін ауа райы тура газетіміздің алғашқы саны шыққан 1932 жылы сияқты болып тұр. Ұзақ мерзімді ауа райы болжамын ескерсек, 2032 жылы газетке 100 жыл толғанда дәл осындай ауа райы күтілмек. Ал, «Тұрғындар назарына» деген айдар астына газетіміздің келесі қосымшасы газеттің келесі мерейтойында шығады», — деп әзілдеген. Сондай-ақ, «Редакцияға қосалқы бөлшектерімен ГАЗ-24 автөкөлігі қажет», — деп қалжыңдапты сол кездегі әріптестер.
Иә, газеттің 100 жылдық мерейтойына да көп қалған жоқ. Торқалы 90 жылдық аясында осыдан қырық жыл бұрын «Шамшырақ» тілшілері нені жазды, нені аңсады, қалай жазды, қандай мәселе көтерді, ол әрдайым біз үшін қызық. Бүгінгі күн – ертең тарих. Енді қырық жылдан соң газеттің жас тілшілері бүгінгі ұжым сияқты сарғайған газет беттерін ашып, бұл да бір тарих деп отыруы бек мүмкін. Лайым, солай болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.