Кесте тігуге де қабілет керек

0

Күнделікті киімге, сүлгілерге, халаттарға кесте тігу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Ал, кестеленген бұйымдар көпшіліктің үлкен сұранысына ие болатыны сөзсіз. Жұмысы өте күрделі болып, бірнеше күн уақыт кететін бұйымдар аяқталған кезде көздің жауын алатындай әдемілігімен ерелекшеленеді.
«Kreativ.kordai_oksana» брендінде Оксана Ревичеваның есімі мен шығармашылық қабілеті біріктірілген. Оксана – шығармашыл адам, мамандығы бойынша сәулет дизайнері, полиграфияда дизайнер жұмысын атқарған. Ісмерлікке жастайынан жаны құмар Оксана өзін басқа жұмыста, өзге мамандықта мүлдем елестете алмайды, ол жасампаздық үшін жаратылғанына сенімді.
Шебердің айтуынша, ол өз ісін ұнатқаны соншалықты, тігін машинасы немесе кесте машинасына отыра салып, қалған дүниенің бәрін ұмытып кетеді екен.
— Менің туылғанда жұдырығымда ине болыпты, анам оны байқамай қалған, — деп әзілдейді біздің кейіпкер.
– Ес білгелі қолымның саусақтары инемен тесілген болатын. Басында қуыршақтарға киім тігетінмін. Кейін мектепте өз бетіммен журналдар бойынша, еңбек сабақтарына тігін шеберлігін игере бастадым. Алғаш модельдер ретінде туыстарым, құрбыларым болды, өзіме киім тігетінмін. Енді менің ең басты модельдерім – ұлдарым мен жолдасым, — дейді Оксана Ревичева. Қазір ол халатқа кесте салу үстінде екен.
Дайын бұйымға қарап отырып, таңқалдым: осындай әдемі киімді өндіру үшін қандай шыдамдылық қажет. Расында, мұндай іс үшін қабілет, мінез, сонымен бірге дарын керек.
Оксана негізгі жұмысында логотип, сурет, дәйексөздер салынған бұйымдар үлкен сұранысқа ие екенін байқап, кесте тігу ісін бастау ойы келген.
Көп ойланбай Оксана бұл мәселені мұқият зерттеп, қажетті құрал-жабдық пен фурнитура сатып алған. Ісін кәсіби кесте тігетін машинада жұмыс істеу негіздерін білмей бастап кеткен. Оксана ең бірінші әсем ою шыққанша қаншама жүйкесінің тозғанын есіне түсіріп, күліп алды.
Бүгін шебер кестелердің үлгілерін өзі ойлап тауып, суретін салып, интернет арқылы бағдарламаға енгізеді.
— Мен өзіме ұнайтын іс таптым, — дейді Оксана. – Қордай ауданында машинамен кесте тігетін тағы бір шебер бар, дегенмен сұраныс жоқ емес. Мен дүкеннен табылмайтын бұйым жасаймын. Кестені монша халаттарына, көйлек, джинсы, бейсболка, сүлгі, кардиган, жакеттерге салуға болады. Бүгінгі күнге бұл айқын бренд.
Оксананың көрсететін қызметтерінің бірі – монограмма тігу.
— Қазіргі таңда заттарға бұйым салу – қоғамда кең таралып келе жатқан тренд, — дейді шебер. – Маған ұжым атынан да, жеке өздері де келетіндер бар. Ұжымдар үшін бренд салу түсінікті – ол бұйымдарға кәсіпорынның эмблемасы мен ұранын кестелеу. Ал, жеке адамдар үшін бренд салу дегеніміз монограмманы кестелеу.
Қазір монограмманы кестелеу үлкен сұранысқа ие.
Рулардың аты, отбасының таңбалары, немесе тегі мен атының бас әріптерін сүлгі, сейсеп, халаттарға кестелеп жазылады. Жақын адамға сезім білдіретін сөздерді де жазуға болады. Кестені кез-келген дайын затқа бейнелеуге болады, кесте салу үшін негіз болып табылатын бұйым көп, ал жұмыс аяқталған соң, кестеленген зат танымастай болып өзгереді.
Оксананың айтуынша, өзінің қайталанбас стилін жасау үшін өз үйіне тән өз стильді жасап шығаруға болады. Ең бастысы үйдегі бұйымдардың бәрі бірыңғай көркемдік жиынтық болу керек, ол үшін перде, дивандағы жастықтарға, майлықтар мен дастарқанға бір ортақ элементті кестелеу қажет.
Шебердің айтуынша ол бұйымдарды рухани туындыға айналдырады. Оның табысқа жету құпиясы өз ұранына адал болуында.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.